Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин отандық тауарлар Түркияда ірі түрік маркетплейсі арқылы сатылатынын жеткізді. Министр бұл туралы өзінің Telegram арнасында ақпарат жариялады. Мусин Президенттің мамыр айында Түркияға сапары жайында, сондағы сауда байланысын дамыту турасындағы келісімі туралы жазған. Отандық тауарды Түркияның Trendyol сайтында сатуға мүмкіндік туғанын жеткізді. Министрдің мәліметінше, аталған компания күніне шамамен 1,5 милион тауар сатады. Trendyol-ды Түркияда жергілікті Amazon немесе Alibaba деп атайды. Компанияның құны шамамен 16 миллиард доллар қаржыны құрайды.
«Сапар барысында біз олардың тауарларын Қазақстанға жеткізу бойынша логистикалық мәселелерді пысықтадық, сондай-ақ қазақстандық тауарларды ірі маркетплейс арқылы Түркия нарығына шығарамыз деп келістік. Көптеген қазақстандық Trendyol-мен таныс және көбіне делдалдар арқылы тауарларға тапсырыс беруге тырысады. Бұл, әрине Қазақстаннан келген клиент үшін жеткізу мерзімі мен бағасына әсер етеді», – дейді министр.
А.ЖОЛДАС