Халық үніне құлақ асты
Халық үніне құлақ асты
293
оқылды
Түркістан қаласындағы «Бекзат» шағынауданының тұрғындары көптен бері сектор аумағынан Халыққа қызмет көрсету орталығына мұқтаж болып жүрген. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков шағынаудан тұрғындарымен кездескенде жұртшылық қала басшысына осы мәсе­лені жеткізіп, көмек беруін сұраған. Нұрбол Әбдісаттарұлы «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Түркістан облысы филиалының директоры Бахыт Басымбекке бұл туралы ұсыныс жолдап, ел тілегін жүзеге асыру үшін қолдау білдіруге шақырды. Міне, жуырда ынтымақты тір­лік­тің нәтижесінде үш бірдей секторда тұр­ғындарға қолайлы жерде жаңа фор­мат­тағы «New» цифрлық Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Аталған нысан Төле би көшесінде орналасқан. Цифрлық ХҚКО-да енді «Шауғар», «Бек­зат», «Сауран» шағынаудандары­ның тұрғындары мемле­кеттік қызмет­тер­ді алады. Орталықтың ашылу салтанатына Түркістан қаласы әкімінің орын­баса­ры Байдулла Оразбеков пен «Азамат­тар­ға арналған үкімет» мемлекеттік корпо­рация­сы» КЕАҚ Басқарма аппараты­ның басшысы Қуандық Қуа­тов қаты­сып, тұрғындардың қуа­нышына ортақ­тасты.
«Цифрлық ХҚКО-да қызмет көр­сететін операторлар болмайды, адам­дар­дың цифрлық қызметтерді алу сауа­тын ашу орталығы ретінде жұмыс істейді. Әрбір азамат жоғары техно­логия­ларды пайдалану арқылы мем­лекеттік қызметтерді өз бетінше алып үйренеді. Себебі осы жерге келу арқы­лы азаматтар қызметтерді алудың оңай екенін көріп, болашақта бұл жерге келмей, үйінде не басқа жерде қызмет­терді ала алады», – деді басқар­ма аппа­раты­ның басшысы Қуандық Қуатов.
Заманауи үлгідегі цифрлық техно­логиялармен жабдықталған «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының фронт-офисінде азаматтар арнайы стенд-павильон­дар­да орналасқан қоғамдық қолжетім­ді пункттерге, ConnectionPoint өзіне-өзі қызмет көрсету секторының және план­­шеттердің көмегімен электронды өтінімдерді өз бетінше тапсыра алады. Келушілер оператордың көмегінсіз өздеріне қажет кез келген құжатты рә­сім­­деп, цифрлы сауат дағдыларын шыңдай алады. Сонымен қатар орталықта мүм­кін­дігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы шақыру батырмасы және жеке терезе жұмыс істейді. Бала­лары бар келушілерге ана мен бала бөл­месі де қарастырылған.

Түркістан облысы