Жаңа ипотека жарылқай ма?
Жаңа ипотека жарылқай ма?
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
365
оқылды
Көпшіліктің баспаналы болуына септескен «7-20-25» бағдарламасы аяқталуға таяды. Осы кезге дейін бағдарлама бойынша 701,5 млрд теңге игерілген. Енді мемлекет «7-20-25»-ке балама болатын жаңа ипотекалық бағдарламаны нарыққа шығаруға ниет етіп отыр. Бұл бағдарлама қалай жүзеге аспақ? Жеңілдетілген ипотека жайлы мамандар не ойлайды? Әр отбасының цифрлық портреті болмақ Жақында Индустрия және ин-ф­ра­құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ескі бағдарла­маның орнын басатын жаңа бағдар­ламаны қолға алуға тырысып жатқа­нын хабарлады. Министрдің сөзінше, мемлекет алдымен халықтың әлеумет­тік осал тобының баспанамен қамтыл­ға­­нын қалайды. Бірақ өмір сүріп, жұмыс істеп, отбасы құрып жатқан негізгі адамдар массасы туралы ұмытуға болмайтынын ес­керт­ті. Енді әркімді категорияға бөлмей, туындаған қиын­дық­қа байланысты әр отбасына жеке мән беру керек. Бұл әлі қарастырылу кезеңінде тұр. Бір сөзбен айтқанда, әр от­ба­­сының цифрлық портреті құрылады. Ведомство бас­шы­сы жеңілдетілген жаңа ипотекалық бағдарламаның жа­қын арада таныстырылатынын айтты.
«Заң аясында қарастырып жатырмыз. Ең бастысы, алғашқы жарнасы және қолжетімді ставка болады. Қолжетімді ставка – 7 пайыз. Есте болса, «Баспана Хит» бойынша 12 пайыз болған еді. Қайталама нарық қатты сұранысқа ие болды. Адамдар жаппай сатып алды, бірақ біз 7 пайыздан асырмаймыз деп отырмыз», – деді министр.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, несие беру мерзімі 20 жылды құрамақ. Алғашқы жарна алынатын тұрғын үй құнының 20 пайызынан кем болмайды. Үйді Бірыңғай оператор кепілдік берген, салынып жатқан құрылыстан да, бастапқы нарықтан да алуға болады. Займның ең жоғары сомасы өңірлерге байланысты әртүрлі. Мысалы, Астана мен Алматы қаласында – 35 млн теңгеге дейін; Ақтау, Атырау және Шымкент қаласында – 25 млн теңгеге дейін; Қарағанды қаласында – 20 млн теңгеге дейін; өзге аймақтарда – 15 млн теңгеге дейін. Министрліктің хабарла­уынша, қазір тиісті органдармен және екінші деңгейлі банктермен бағдарлама шарттары талқыланып жатқан көрінеді. Сондықтан алдағы уақытта қандай да бір өзгерістер енгізілуі мүмкін. Ал «7-20-25» бағдарламасы 2018 жылдың жазында іске қосылды. Содан бері тиімді әлеу­меттік бағдарламаның арқасында мыңдаған қа­зақстандық баспаналы болды, жағдайын жақ­сартты. 2021 жылдың 19 мамырында Қаржы на­рығын реттеу және дамыту агенттігінің төра­ғасы Мәдина Әбілқасымова «7-20-25» бойынша қаржыландырудың тоқтайтынын мәлімдеген еді.
«Мемлекет нарық принциптеріне орын бо­сатып, біртіндеп несиелеу бағдарламаларынан шығуы керек. Үкімет тікелей қаржыландырудан кәсіпкерлік субъектілерінің несиелік тәуекел­деріне кепілдік беруге көшу мүмкіндігін қа­растырады. Осыған байланысты биыл жыл ба­сында Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойылды. Ол бойынша Ұлттық банк 2023 жылдан бастап мемлекеттік бағдарламаларды қаржы­лан­дырудан кете бастайды», – деген Әбілқасымова.
«7-20-25-пен» бірге ел арасында ерекше та­нымал болған «Баспана Хит» ипотекалық бағдарламасы бойынша азаматтар бастапқы және қайталама нарықтан үй сатып алды. Сондай-ақ, бұл бағдарлама аясында үлестік құрылыстан да үйге тапсырыс беруге болады. Бағдарлама ая­сында баспана 15 жылға дейінгі мерзімде, жылдық 10,75 пайызбен және алғашқы жарнаның 20 пайызын құю талабымен беріледі. Бірақ бағдарлама 2021 жылдың соңында аяқталды. Ал «7-20-25» бойынша бастапқы нарықтан пәтерді жылдық 7 пайызбен, алғашқы жарнаны үй құнының 20 пайызы мөлшерінде төлей отыра 25 жыл мерзімге дейін рәсімдеуге болатын. Бұл бағдарлама бойынша кредит тек теңгемен ұсынылады. Займдарды беру 2018 жылдың 4 шілдесінде басталған. Биыл жыл соңына дейін бағдарлама қаржысы игеріліп бітуі тиіс. 2022 жылдың 29 қыркүйегіндегі ақпарат бойынша «7-20-25» аясында 54 022 займ берілген, ол үшін 701,5 млрд теңге қаржы бөлінген. Ұлттық банк таратқан дерек бойынша, бағдарлама аясындағы займдардың басым бөлігі Астана (287,4 млрд теңгеге 18 914 займ), Алматы (157,8 млрд теңгеге 10 712 займ) және Шымкент (48,2 млрд теңгеге 4008 займ) қалаларына тиесілі екен. Бағдарлама қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгеге жеткен кезде толық тоқтайды. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің болжауынша, қазіргі қарқынмен жоба жыл соңына дейін бітуі керек. Жеңілдіктің жағымсыз жағы бар ма? Жалпы, жеңілдетілген ипотека немесе же­ңілдетілген автонесие, арзан кредитке келгенде қаржы мамандарының көбі жақсы көзқарас танытпайды. Себебі мұндайда елдің эконо­микалық ахуалын да ойлау керек. Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың қажеті жоқ. Оның орнына банктер өздері жылдық 17-18 пайызбен несие беруі қажет. Әйтпесе, зиянды жағын көп көруіміз мүмкін.
– Мұндай түрлі бағдарламалардың пайда­сынан зияны көп. Қазір пайдасы бар секілді боп көрінгенімен, түбінде экономикаға орасан зиян алып келеді. Пайыздық ставка 14,5 пайыз болып тұрған кезде 7 пайызбен несие беруге болмайды. Бұл – нонсенс. Қазір мемлекеттік ипотека бүкіл ипотека нарығының 100 пайызын иеленіп тұр. Егер түрлі ипотекалық бағдарламаларды тоқта­татын болсақ, үй бағасы адекватты күйге ора­лады, – дейді сарапшы.
Маманның ойынша, мұндай жеңілдетілген бағдарламаларды халықтың белгілі бір санаты, мәселен, көпбалалы отбасылар, жалғызбасты ана­­лар, мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отыр­­ған отбасылар үшін ғана қалдырған оңтайлы болады. Дегенмен көптің пікірі бір жерден шыға бер­мейді. Тағы бір маман – экономист Бауыржан Ыс­қақовтың айтуынша, біздің жағдайымызда же­­ңілдетілген ипотекалар міндетті түрде болуы тиіс.
– Қазір басқалай балама болатын нұсқа жоқ. Егер жеңілдетілген ипотекаларды жоятын бол­сақ, халыққа қолжетімді баспана бағаларын қа­лыптастыруымыз керек. Бірақ тәжірибе көр­сеткендей, бізде еш құрылыс компаниясы тұрғын үйлерін нарықтағыдан 10-15 пайызға арзан етіп сата алмайды. Олардың да өз уәжі бар: құрылыс материалдарының 65-70 пайызы шетелден келеді. АҚШ долларымен немесе рубльмен алып, теңгемен сату тиімсіз. Ал тұрғын үй құнын қолдан түсірсек, қаншама компаниялардың банкрот бо­луына соқтырамыз. Сол себепті мемлекет на­рыққа тиімді әсерін тигізу үшін жеңілдетілген несиелер беруі керек. Егер бұндай бағдарламалар жойылса, көптеген саланың құлдырауына жол ашып аламыз. Компаниялар 35-40 пайыз потен­циялынан айырылады. Түбінде құрылыс мате­риалдарын өндіретін кәсіпорындардың да жұ­мысы шектелуі мүмкін. Қазіргі басты мәселе – құрылыс материалдарының кем дегенде 70 пайызын отандық өндіріспен өтеу мақсаты. Сол кезде ғана бағаның өсуі тоқтар еді, – дейді М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің тағылымдамашысы.
Ысқақовтың айтуынша, алдағы 10 жылда халықтың тұрғын үйге сұранысы 15-20 есеге дейін өседі деген болжам бар. Қазір «7-20-25» бағдарламасы толыққанды өзін-өзі ақтады деуге болады. Президенттің тапсырмасымен әр өңірде тұрғын үй бағдарламаларын құру жоспарланған. Бұл да өте маңызды. Әр өңір өзінің білікті жас­тарын сақтап қалғысы келсе, «Елорда жастары» сияқты аймақ тұрғындарын ғана қамтитын бағдарламаларды көбейтуі тиіс.
– Бұл тұста банктердің ипотекалық бағдар­ламалары да назардан тыс қалмауы тиіс. Жайлы, ауданы үлкен баспана алғысы келетіндер жағдайы жетсе нарықтағы бағамен несие ала бергені жөн, – деп қорытындылады маман.
  Түйін: Қайткен күнде де жеңілдетілген ипотекалар кей азаматтардың баспаналы болуына септескені анық. Сондықтан бұл бағдарламалардың жалғаса бергені жөн секілді. Халық үшін онсыз да ушығып тұрған тұрғын үй нарығын әзірге тізгінде ұстаудың басқа амалы жоқ-ау...