Қызылорда облысында туризм саласын дамыту ісі кенжелеп тұр. Саланы өркендету мақсатында инвесторлар тарту мәселесін айтпағанның өзінде, инфрақұрылымын жетілдіру бағытында да жұмыс жеткілікті. Жалпы, өңірде туризм саласын дамыту мақсатында көптеген ірі жоба қолға алынғаны белгілі. Оның ішінде Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалды кешені, Арал ауданындағы Қамбаш көлі аумағы, Байқоңыр қаласы аумағынан «Байқоңыр» ойын-сауық орталығын ашу жобалары болашағынан зор үміт күттірді. Негізінен, облыстың туристік әлеуеті жоғары. Бұл тұрғыда мәдени-тарихи орындар, емдік-сауықтыру және экотуризм бағыттарының мүмкіндігі зор. Бұған дейін «Қамыстыбас» демалыс аумағы, «Жаңақорған» шипажайы және «Байқоңыр» ойын-сауық орталығының республикалық туристендіру картасына енгізілуі – соның айқын дәлелі. Дей тұрғанмен, жоспарланған жұмыстардың межелі уақытында жүргізілмеуінен саланың дамуында оң серпіліс байқалмайды. Бұған дейін елімізде өткен EXPO-2017 көрмесі кезінде туризм саласының өркендеуіне негіз қалайтын жарқын жобалар қолға алынғаны белгілі. Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалды кешені – соның айқын көрінісі. Сол жылы кешен қайта жаңғыртылып, шетелдік қонақтарды қабылдайтын негізгі орын санатына енгізілген болатын. Осы арқылы Сыр өңірінің мәдени, тарихи құндылықтарын кеңінен насихаттауға мүмкіндік туды. Қазір күре жолдың бойында орналасқан кешен жолаушылардың аялдайтын қасиетті мекені саналады. Бұл аумаққа ат басын бұрған жандардың жайлы демалысына жағдай жасауға да көңіл бөлінді. Осы арқылы туристік әлеуетті арттыруға мүмкіндік жасалды. Алайда қазір кешенге алыс-жақын шетелден келетін қонақтардың қарасы үзілген. Яғни, пандемия кезінен бастап баба кешенінің ахуалы ақсап тұр.
«Карантин кезінде келушілер болған жоқ. Бүгінде кешен ашылып, жұмыс істеп тұр. Жұмыстар жоспарға сай жүргізіліп жатыр деп айтуға болады. Сол сияқты кешеннің қарсы бетіндегі жеке кәсіпкердің меншігіндегі кәсіптік мақсатта ашылған зиярат ету орталығы да талапқа сай қызмет етуде. Кешеннің инфрақұрылымы да шешімін тапқан. Дариядан құбыр арқылы ауызсу тартылып тұр. Көркейту-көгалдандыру, жарықтандыру мәселесінде де түйткіл жоқ. Тек көгілдір отынмен қамту ісі кенжелеп тұр. Соған байланысты бүгінде кешенді тоқпен жылытып отырмыз. Сонымен қатар кешен 2014 жылы реконструкциядан өткізілген болатын. Содан бергі уақытта жөндеу жұмыстары жасалмады. Бұл да бүгін- де өте өзекті», – деді бұл жайында Қызылорда облыстық Мәдениет және спорт басқармасының «Қорқыт ата» мемориалды музейі басшысы Нұрлан Бахтияров.Кешен басшысының айтуынша, көптен күрделі жөндеу көрмеген нысанға жыл сайын жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыруға мәжбүр. Толық жөндеу жұмыстары сөз болғанымен, әлі күнге жүзеге аспай тұрса керек.
«Қазір Қамбаш көлі аумағы туристік мақсатта игеруге бір кәсіпкерге 10 жылға берілді. Ауданнан туризм саласын дамытуға бағытталған 13 талап бойынша осы жергілікті кәсіпкер жұмыс істейді. Қазір көл аумағында жарық мәселесі шешімін тапқан. Ауызсу іркіліспен болса да беріліп тұр. Ал жол мәселесінде қиындық бар. Кәсіпкерлер өз күшімен жол жасап қойды. Алайда мемлекет тарапынан заман талабына сай жол салу қажеттігі туындап тұрғаны жасырын емес. Бұл мәселе сан мәрте көтерілді. Бірақ оң нәтиже болар емес. Сондай-ақ көгалдандыру мәселесі де шешілмей келеді», – деп түсіндірді бұл жөнінде Қамыстыбас ауылдық округінің әкімі Алдаберген Исаев.«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқандықтан, бұл жерге туристер тартуға зор мүмкіндік бар. Бүгінде аталмыш аймаққа жол, автотұрақ салу, қоқыс жәшіктерін орнату кезек күттірмес мәселеге айналған. Бұл тұрғыда Қамбаш көлі демалыс аймағын алып, жұмысын бастап жатқан жеке кәсіпкердің де жоспарын сұрап, білдік.
«Осы ауылдың тумасы ретінде Қамбаш көлі аумағын туристік аймақ ретінде көркейтуді мақсат тұтып отырмын. Сол арқылы өңірдің туризм саласын дамытуға өз үлесімді қосқым келеді. Бұл аумақтағы басты мәселе – жол салу. Бүгінде жол мен автотұрақ салу ісі мемлекет тарапынан қолдау тауып отыр. Келер жылы бұл жұмыстарды бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұдан өзге көл аумағын қоршағымыз келеді. Сол сияқты көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізу керек. Бүгінде көл аумағынан жалға жер алып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер жұмысын жалғастыра береді. Сондай-ақ көл аумағында қысқы туризмді дамытуға да жағдай жасасам деймін», – дейді жеке кәсіпкер Алтынбек Балмырзаев.Өңірде қысқы туризмді дамыту мәселесі де кенжелеп тұр. Соның ішінде осы Қамбаш көлі аумағына жыл он екі ай туристерді тарту жұмыстары бір кездері сөз болғанымен, бүгінде нәтиже жоқ. Қазір бұл жерде қысқы демалысты ұйымдастыруға еш жағдай жасалмаған. Соған орай жыл бойына қызмет көрсететін демалыс орындары мен қонақүй кешенін салу қажеттілігі туындап тұрғаны жасырын емес. Кәсіпкер осы мақсатта да жұмыстар жүргізетінін мәлімдеп отыр. Ал осыдан үш жыл бұрын Байқоңыр қаласы аймағынан ойын-сауық орталығы құрылатыны көпке мәлім болды. Сол кездегі жоспарға сай орталықтың жалпы аумағы 50 гектарды құрайды. Ойын-сауық орталығы ғарыш аттракциондарымен жабдықталып, келушілер көкке көтерілген зымыран дауысын естуге мүмкіндік алатыны айтылды. Алайда әлемдегі ғарыштық туризмнің орталығына айналады деген жоба әзірге тек қағаз күйінде қалып отыр.
Қызылорда облысы