Қараусыз көше кезген малдың жол-көлік оқиғасына себепші болып жататынын жиі естиміз. Өкініштісі, иесінің салғырттығынан жол жағалап кеткен төрт түліктің көлікке соғылуы кейде адам шығынымен аяқталып жатады. Ақмола облысында дәл осындай сипаттағы жол апаттарының саны өскен. Оған қоса, өңірде мал ұрлығы да өрши түскен. Қараусыз қалған төрт түлік егінін таптаған шаруалар да шырыл қағады. Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері малын бейуақыт қараусыз қалдырған 3 мыңнан астам шаруа әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонда да болса өрістен келген малын қорасына санап қамауға құлық таныта қоймайтындар баршылық. Өз кезегінде ұры-қарылар бұл мүмкіндікті мүлт жібермейді. Жыл басынан бері облыста мал ұрлығы 60 дерегі тіркелген. Барымташылар 965 бас малды қолды еткен. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде 844 бас мал иелеріне қайтарылған. Иелері 179 миллион 394 мың теңге сомасында шығын шеккен. Мұның ішінде тек 128 миллион 384 мың теңге ғана иелеріне қайтарылған. Жыл басынан бері қараусыз малдың кесірінен 6 жол апаты тіркеліп, 8 жолаушы ауыр жарақат алған. Мұндай да көлік жүргізуші мен мал иесі де зор шығынға ұшырайды. Полиция аталған дерек бойынша 166 іс қозғаған. Одан бөлек, тұрғындар көше кезген малдың кейде ауладағы бақтары мен егіндеріне де түсіп әуреге салатынын жиі айтады.
«Иелері қамамайтын қаңғыбас жылқылардан көретінімізді көрдік. Олар Краснояр ауылының жанындағы Қарасу өзенін былғап болды. Дәл өзеннің жағасында жылқыға қоршау орнатып қойған. Барлығын таптап бүкіл жер жылқының тезегіне айналды. Саяжайларға да тыныштық бермейді. Жаз бойы күтіп-баптаған бақшасын жылқы таптап кеткендер көп. Өзен кәдімгі батпаққа айналды. Ол үшін ешкім жазаланған да жоқ», – дейді Краснояр ауылының тұрғыны Татьяна Веронская.Дегенмен жергілікті құқық қорғау органдарының өкілдері де қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар әкімдікпен бірлесіп, жол бойына ірі қараның сұлбасын салынған 60 макет орнатылған.
«Полиция мал иелерімен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Дегенмен елді мекендерде қараусыз қалған малдың саны азаятын түрі жоқ. Жол үстінде күтпеген жерден алдыңнан шыға келген малды жүргізушілер байқамай қалады. Малын қараусыз жібергендер үстінен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұнымен қоса, қараусыз қалып қаңғырып жүрген мал мал ұрлығының санын көбейтті», – дейді Ақмола облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.Мәселен, Наумов ауылдық округінде 7 қазан күні кеш қарая жергілікті учаскелік полиция инспектор, полиция капитаны Нұрлан Әбілов ауылдың сыртында екі шақырым жерде бағусыз жүрген 50 бас жылқыны байқап қалған. Үйір жылқы «Наумовка-Ақкөл» автожолының жанында жүрген. Инспектордың айтуынша, жылқының маңында мал иесі де, бақташы да болмаған. Тәртіп сақшылары дереу жергілікті шаруалармен бірлесіп иесіз жылқыларды айыппұл алаңына қамап тастаған. Арада біршама уақыт өтпестен мал иесі де табылған. Жылқының иесі Бұланды ауданының тұрғыны әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 11 қазанда Зеренді ауданында тағы бір ірі жол апаты жүргізуші сиырды қағып кеткен. P.S. Қысқасы, полиция мен әкімдік қызметкерлері барын салып жатқанымен облыс аумағында қараусыз қалған малдың саны азаймай тұр. Полиция тұрғындардан малды қараусыз қалдырмауға шақырғанымен шаруалар оған құлақ аса қоймайтындай.
Ақмола облысы