Жақында Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына қатысты істі болғандарға рақымшылық жариялады. Көп кешікпей тиісті органдар «Рақымшылық туралы» заң жобасын әзірлеп, қазір Парламенттің қос палатасы құжатты талқылауға кірісті. Заң жобасы мақұлданса, Қаңтар қырғыны кезінде аса ауыр емес қылмыс жасағандардың жазасы жеңілдетіліп, бір реттік рақымшылыққа ілінеді. Өйткені, жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың дені елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты қылмысқа барғанын ескерсек, жазаны жеңілдетудің тиімділігі барын жоққа шығаруға болмайды. Әйткенмен қоғамда «Күні кеше күдікке ілінгендерді бостандыққа шығару – қылмыстың өршуіне алып келмей ме?» деген алаңдаушылық бар. Ал заңгерлер ізгілік шарасына ілінетіндерді анықтау маңызды екенін айтады. Өткенге өкініш білдіріп, істеген ісінен сабақ алған жазасын өтеушілер көп. Олардың көбі тағдырын таразыға салып, өмірге өзгеше қырынан қарай бастайды. Алайда «рақымшылық – жазасын өтеушіні ақтау» деп түсінетін бәзбіреулер бостандыққа шыққан соң бұрынғы әдетіне басатыны да бар. Себебі, бұған дейін дәл осындай игі іске ілініп, рақымшылықпен босап шыққан екі мыңға жуық адам қайта істі болған. Әйтпегенде бұған дейін жаза басып, қылмыс жасаған адамдарға тоғыз рет рақымшылық жасалыпты. Соңғы рет Тәуелсіздіктің 30 жылдығында түзеу мекемесіндегі 14 мыңнан астам сотталған жан бостандыққа шықты. Соның нәтижесінде 2 236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалса, мыңға жуық адам қамаудан босап шыққан. Ал 3818 адам пробациялық бақылаудан босатылыпты. Сонымен бірге 1294 сотталушы мен пробацияда тұрған 7294 адамға жаза мерзімі қысқартылып, сотқа дейінгі өндірістегі 5 мың қылмыстық іс тоқтатылды. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылса, 1471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданды. Сөйтіп аса ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар жазадан босатылса, кейбір ауыр, аса ауыр қылмыстар үшін жаза мерзімі қысқартылды. Ал рақымшылық ардагерлерге, кәмелеттік жасқа толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылды. Бұдан бөлек, ізгілік актісі азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыс жасап, істі болған адамдардың да үмітін оятқан. Атап айтқанда, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, жүкті әйелдерді, сотталған, ата-ана құқықтарынан айырылмаған және осы заң қолданысқа енгізілген күні кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы деп танылған және ата-ана құқығынан айырылмаған әйелдерді де назардан тыс қалдырмады. Бірақ жаза мерзімін қысқарту – жазасын өтеушіге берілетін жеңілдік акциясы емес. Сондықтан рақымшылық қылмыстық-құқықтық қатынастардың белгілі бір аспектілеріне ғана қатысты орындалады. Яғни, рақымшылыққа ілінген күннің өзінде сотталушы толық ақталмайды. Ал Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға, тарқатып айтар болсақ, педофилдерге, жемқорларға, адам өлтіргендер мен экстремистерге, қылмыстық топтардың бұрынғы қатысушыларына қатысты рақымшылық қолданылған жоқ. Ізгілікті шарадан үміттенбесе де болады
Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздік жасап, құқық бұзушылыққа жол бергендердің әрекетін ешкім де ақтамайды. Алайда мұндай жағдайға алғаш рет тап болып, жаппай тәртіпсіздікке көпшіліктің ықпалымен және өздерінің басындағы әлеуметтік проблемаларға байланысты қатысқандар көп. Ендігі жерде Қаңтар оқиғасына қатысып, істі болған осындай жауапкершілікке тартылғандар алдағы ізгіліктен үмітті. Тергеу органдары жаппай тәртіпсіздік барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1,6 мың адамды анықтап, жауапқа тартып жатыр. Оның ішінде 351 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, ал 546 іс сотқа жолданып, 1069 адам сотталған. Сол 1069 сотталғанның тек 112-сі немесе 10,5 пайызы ғана нақты бас бостандығынан айырылған екен. Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатовтың сөзінше, осы жолы 1,5 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалуы мүмкін. Осылайша, заң қабылданғаннан кейін бас бостандығынан айыру орындарынан 42, келесі жылдың бірінші жартысында тағы 49 сотталған босатылмақ. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған 851 адамның шартты мерзімдері мен бас бостандығын шектеу мерзімдері қысқарады. Заң жобасына сәйкес, 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты құқыққа қарсы әрекеттерге қатысқан адамдар, сондай-ақ олардың жолын кесу кезінде қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол берген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметкерлер де рақымшылыққа ілінуі мүмкін көрінеді. «Қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған тәртіпсіздіктерге қатысушыларға қатысты қылмыстық істер тоқтатылады. Олар бойынша сотталғандар жазадан босатылады, ал жазасын өтегендерден соттылығы алып тасталады. Егер сотталған адамға осы заң қолданысқа енгізілген күні бір жылдан аспайтын жазаны өтеу қалса, негізгі жаза оның барлық өтелмеген мерзіміне қысқартылады. Ауыр емес және орташа қылмыс жасаған 125 адам жазадан босатылады. Ауыр қылмыс жасаған 507 адамға қатысты (тергеу сатысында және соттарда қаралуда) рақымшылық үкім шығару кезінде қолданылады», – дейді депутат.Бақылау комиссиясы жұмыс істеуі керек
Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы, Қылмыстық құқық және криминология кафедрасының профессоры Совет Алтайбаев «жазасын өтеушілердің жазасын қысқарту қоғамдағы қылмыстың артуына әсер етуі мүмкін» дейді. Әйткенмен рақымшылықтың да өз пайдасы бар. Оның айтуынша, жеңіл жазаға тартылған немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағандар арасында өз кінәсін мойындап, өткен ісіне шын өкінетін көп. Сондықтан ең алдымен рақымшылыққа ілігетіндердің қоғамға қауіптілігін, заңға мойынұсынушылығын зерттеп-зерделеп, қылмысын қайталап жасамайтынына әбден көз жеткізген соң ғана ізгілік шарасына іліндірген дұрыс. «Яғни түзелгені дәлелденуі керек. Бұл үшін бағалау комиссиясының құрамында мықты мамандар жұмыс істеген жөн. Сотталушының мінез-құлқын, іс-әрекетін медициналық-психологиялық тұрғыда тексеру өте маңызды. Жаза өтеудің қажеттілігі болмаған кезде ғана рақымшылық жасалады. Сондықтан тек түрме халқын азайту мақсатында жазасын жеңілдету қоғамда олардың қайта қылмыс жасауына кепілдік болмайды», – дейді ол. Өкінішке қарай, тәжірибеде жазасының жартысын өтеп, сырттай түзелген деген баға беріп шыққандардың алысқа ұзамай қайта қылмысқа барған жағдайлары жетіп артылады. Сол үшін Совет Алтайбаев «Рақымшылыққа іліккен Қаңтар оқиғасы қатысушыларының қауіптілік дәрежесі медициналық-психологиялық тұрғыда бақылау комиссиясының жіті тексеруінен өтуі керек» деп отыр.Рақымшылыққа ілінетіндер қалай іріктеледі?
Соңғы күндері «Рақымшылық туралы» заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Құқық қорғаушылар мен заңгерлер маңызды құжаттың тиімсіз тұстары барын жасырмайды. Құжатты талқылауға қатысып жатқан жұмыс тобының мүшесі, заңгер Айман Омарова рақымшылықты кімге пайдалану керек деген мәселе күн тәртібіне шығу қажеттілігін айтады. «Рақымшылыққа ілінетіндер қалай іріктеледі? Мәселе осында. Мысалы, Қаңтар оқиғасына кімнің қашан қатысқаны, рақымшылықты қандай қылмыстық құрамдарға пайдалану керек, кімге пайдалану қажет, оқиғаның Қаңтар оқиғасына қатысы бар ма, жоқ па – соны анықтау өзекті болып отыр. Өйткені қылмысты зерттеу керек. Кейбір қылмыстар дәл сол аралықта болғанымен, Қаңтар оқиғасына қатысы болмауы мүмкін. Ал Бас прокуратура 4-7 қаңтар аралығында болған қылмыстарды айтып отыр. Сол уақыт арасындағы жағдайларды айтады. Бірақ 4-7 қаңтардан бұрын бүлікке алдын ала дайындалғандар, одан кейін қылмысын жасырғандар бар. Олардың да қатысы бар. Солардың ішінде өз ісін мәжбүрліктен жасағандар рақымшылыққа ілінбей қалуы мүмкін. Көбісі алдын ала істі бағамдамай жатып, білместікпен қылмысқа қатысқан. Ал кейбір адамдар Қаңтар оқиғасынан тыс ұрлық жасауы мүмкін», – дейді заңгер.Сондай-ақ, адвокат Айман Омарова азаптауға қатысқандардың ісі рақымшылыққа ілінбеу керек екенін жеткізді. Әсіресе, отанға опасыздық жасағандар мен азаптауға қатысқандарға, бүлікті мақсатты түрде ұйымдастырып, террористік актіні жасағандарға кешірім болмау керек. Қорыта айтқанда, ізгіліктің игілігін көретіндердің тізіміне енетіндер мұқият зерделенбесе, рақымшылық қоғамға қауіпті болуы бек мүмкін. Сондықтан террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекетке опасыздық, азаптаулар, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағандарды, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандарды, қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарды ізгілікті шарадан аластату аса маңызды.