Жүлделі киноның күрделі «тағдыры»
Жүлделі киноның күрделі «тағдыры»
318
оқылды
Отандық «Анашым, мен тірімін!» фильмі Канн әлеуметтік фильмдер кинофестивалінде Жібек жолы елдері номи­нация­сы бойынша Гран при жеңіп алды. Фестивальге Қазақстан атынан алты адамнан тұратын шығармашылық топ қатысқан. Қызығы сол, алты адамның бару-қайту шығы­нын демеушілер өтеген. Ал еліміздегі бірнеше кинотеатр фильмді прокатқа шығарудан бас тартқан. Бір сөзбен айт­қанда, идея бар, демеу жоқ, фестиваль фильмі қайтіп күн көрмек?   Шексіз мүмкіндігі бар трилогия Иә, аталған фильмнің жеткен жетістігі – Қазақстан кинонарығы үшін айтулы оқиға. Жалпы, шетел отандық режиссерлер таспалаған фестиваль фильмдерін жоғары бағалайтынын білеміз. Бірақ сырттағы аншлаг, қошемет, бағалау, елге келген соң «қа­рас­тырамыз, қолдаймыз, күте тұрыңызға» айналатыны өкініш­ті. «Анашым, мен тірімін!» фильмінің продюсері әрі режиссері Әзиз Заиров жеңіс эйфориясы­нан «ұзағырақ» ләззат алу үшін қазір­ден іске кіріскен. Саладағы жауа­бы жоқ сауал туралы режиссердің жанайқайын жеткіземіз. Алдымен, фильм туралы аз-кем әңгімелейік.
«Анашым, мен тірімін!» – «Шек­сіз мүмкіндіктер» әлеуметтік трилогиясындағы үшінші фи­льм. Бұдан бұрын «Болу немесе болмау», «Қыз бен теңіз» туындысы жарық көрген. «Бұл – әлеуметтік туынды. Онда балалар онкологиясы тақырыбы қоз­ғал­ған. Бір жағынан алып қарасаңыз, фильм-терапия. Көрерменді жағдайға екінші қырынан қарауға үйретеді. Туынды ауыр болғанымен, хэппи-энд бар. Сол аралықтағы қуаныш пен қайғы суреттелген. Жалпы, мұндай дүниені үлкен қалалардан бөлек, ауыл-аймақта да көрсету керек. Өйткені қоғамда осыған ұқсас жағдай көп. Мысалы, менің де басымнан дәл осындай жағдай өтті. «Анашым, мен тірімін!» фильмі өзіме терапия болғандай. Барынша жағдайды жеңіл қабылдап, өмір сүріп жатырмыз», – дей­ді фильм режиссері Мұхамед Ма­мырбеков.
Сондай-ақ ол туындының про­кат­қа жауапты мамандарға да ұнағанын айтады. Сапасы, сценарийі және тағы басқасы ұнаған. Алайда коммерциялық емес туынды болғасын прокатқа шы­ғару­дан бас тартқан. Осылайша, екі режиссер Канн фестивалі ту­ралы естіп, қатысуға өтініш біл­дірген. Артынша жауап келіп, фильмге француз тілінде субтитр дайындаған. Көп өтпей халықаралық фестивальде туындының әлемдік тұсаукесері өтті. Коммерциялық туындыға тәуелді нарық Продюсер әрі режиссер Әзиз Заиров нарықтың коммерциялық туындыға тәуелді екенін баса атап өтті. Содан да болар, фестиваль фильмін түсіруге қолдау болғанымен, ары қарай дамыту жағы жолға қойылмаған. Бұдан ұтылатын – фильм мен режиссер. Ал бюджет қаражатын бөліп беретіндер бұған бас ауыртпайтыны белгілі. Әзиз Заиров та осы ойды арқалап Мәдениет және спорт министрлігіне сауал жолдаған, Ұлттық киноны қолдау орталығынан демеу күткен. Одан қалды демеушілермен келісімге келіп, бірнеше қалада фильмнің көрсетілімін ұйымдастырған. Оның айтуынша, Канн кинофестиваліне баратын құрам шығынын демеушілер, яғни Заировтың достары өтеген. Саладағы кемшін тұсқа бас шайқаған ол бірнеше факторды атап өтті.
«Жазда бірнеше кинотеатрмен келісімге келуге тырыстым. Бірақ олар туындының тамаша екенін айтумен шектелді. Оларға коммерциялық туындыны прокатқа жіберген тиімдірек. Бірақ бір ғана Dostyk Plaza кинотеатры фильмді көрсетуге келісті. Алайда мұндай кинотеатр Алматыда және Шымкентте ғана бар. Канн фестиваліндегі жеңісімізден кейін Kinopark желісі байланысқа шықты. Қазір Үндістанда емделіп жатырмын. Қазақстанға келген соң осы мәселені барынша шешуге тырысамын. Астана мен Алматы қаласында тұсаукесер өткізіп, көрермен жинау ойда бар. Айта кетерлігі, туындының орысша да, қазақша да нұсқасы бар. Соқыр және нашар көретіндерге де арнайы нұсқасын жасап қойдық. Негізі, мемлекет кинотеатрлармен келісімге келе алмай жүр. Осы мәселе жолға қойылса, бірталай фестиваль фильмінің бағы ашылар еді», – дейді режиссер Әзиз Заиров.
Режиссер Мұхамед Мамырбековтің айтуынша, Ұлттық киноны қолдау орталығы демеуімен таспаланған фильмдердің 50-80%-ы көрерменге жетпей, орта жолда қалады. Сәйкесінше, көрермен көкейінде «фестиваль фильмін тек шетелдіктер үшін түсіреді» дейтін пікір қалыптасқан. Әрине, прокат төңірегінде де ньюанс бары рас. Өйткені кинотеатр салығы мен түрлі салық шығынын өтеу тағы бар. Сол үшін кинотеатрлар өзін-өзі ақ­тай­тын фильмді прокатқа жіберуге құмар. Бұдан өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Ал фестиваль фильмін таңдай қалса, жоғарыдағының бірін құрбан етуі керек. Режиссердің пікірінше, Ұлттық киноны қолдау орталығы кинотеатрлармен келісіп қандай да бір жеңілдік жайын қарастырса игі. Немесе мегаполистерде фестиваль фильмін көрсететін кинотеатр ашу мен түрлі онкүндік ұйымдастыруға да болады. Өз кезегімізде Мәдениет және спорт министрлігінен Әзиз Заировтың хаты қай деңгейде қаралып жатқанын сұрадық. Сондай-ақ Ұлттық киноны қолдау орталығының фестиваль фильмін ары қарай тарату жөніндегі жұмысын білгіміз келді. Өйткені орталық осы төңірегінде арнайы конкурс ұйымдастырған. Алайда аталғандар байланысқа шыққанымен, мардымды жауап берген жоқ. Білері­міз, отандық фестиваль фильміне шетелдегідей көңіл бөліп, аудитория жинау үшін біраз уақыт керек. Әлде Әзиз Заировтың амалын таңдап, демеуші іздейсіз де, шетелде танылу жағына күш саласыз. Сонда ғана бұрын мәселенің мән-жайын білгісі келмегендер артынша хабарласуы бек мүмкін.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ