Ақмола облысында халық арасында кәсіпкерлікті қолдау және дамытуға бағытталған, сонымен қатар халықты жұмыспен қамту мақсатында іске қосылған мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың жүзеге асырылуына баса назар аударылып келеді. Жүргізілген шаралар нәтижесінде облыста 10 мыңға жуық ақмолалық тұрақты жұмыспен қамтылған. Екі қолға бір күрек таппаған жұмыссыздарды азайту және халықты жұмыспен қамту мақсатында жергілікті атқарушы мемлекеттік органдар барлық мүмкіндікті қарастыруда. Тиісті орган мамандарының мәліметінше, жыл соңына дейін 17 мыңға дейін жұмыс орнын, оның ішінде 10 мың тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланған. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, 16 мыңнан астам жұмыс орнының ішінде 4 мыңнан астамы ұлттық жобалар шеңберінде пайда болған. Ведомствоның есебінше, 8 378 адам бос жұмыс орындарына орналасса, 3,5 мыңнан астам облыс тұрғыны белсенді жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Ұлттық жобалар өңірдегі жұмыссыздықтың санын да біршама азайтуға ықпал еткен. Мәселен «Еңбек» бағдарламасына сәйкес 83 адам жұмыспен қамтылып қана қоймай, өз кәсібін де ашып үлгерген. Басқарма аталған бағдарламалар бойынша нақты сандарды да алға тартты. Мәселен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасымен 358 адам жұмысқа орналасса, «Жасыл Қазақстан» жобасымен 1 096, «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту» бағдарламасымен 2 мыңнан астам, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасымен 63, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасымен 256 адам жұмысқа орналасқан. Бағдарламалар шеңберінде нарықта қажетті мамандықтарды игеруге бағытталған қысқамерзімді оқытулар да жүзеге асырылуда. Олар 6 ай ішінде қажетті мамандыққа оқып, осы уақыт ішінде шәкіртақы да алып отырады. Ал оқытудан өткендерді бірден жұмысқа орналасуына кепілдік берілген. Биылғы жоспар бойынша 500 ақмолалық қысқа- мерзімді оқу курсынан өткізу жоспарланыпты. Өңірде бүгінде мұнымен қоса 3 275 адам субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан. Оның ішінде 2 мыңнан астам адам қоғамдық жұмыстарға тартылса, жастар тәжірибесімен 537 жоғары оқу орындары мен колледж студенттері жұмысқа кірген.
Ақмола облысы