Әділ соттың нышанын бейнелейтін әйел мүсінін көрген шығарсыздар. Бір қолында таразы, бір қолында семсер ұстап тұрады. Бірақ қазіргі судьялар тек семсермен қаруланған секілді. Рас қой, ақ пен қараның аражігін ажыратуға бас қатырмаса, таразының не қажеті бар? Сенбейсіз бе? Статистикаға зер салайық.
Былтыр ауыр қылмыс бойынша 7 083 іс қаралып, 189-ына ақтау үкімі шығарылыпты. Бұл – жаңағы санның небәрі 2,7 пайызы ғана. Аса ауыр қылмыстар санатында да осыған ұқсас көрсеткіш байқалады: 2019 жылы айыпталған 1 203 адамның тек 21-і сот залынан босатылған (1,7 пайыз).
Өркениетті әлемде жағдай өзгеше. Мысалы, Еуропа елдерінде ақтау үкімдерінің үлесі 20 пайыздың ар жақ, бер жағында. Германияда, тіпті 40 пайызға жетеғабыл деседі. АҚШ бұл бағытта Кәрі құрлықтан сәл артта, бірақ бізден әлдеқайда озық. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейміз, «Аққа Құдай жақ» дейміз, ендеше неге бізде күдіктілер көп жағдайда сотталып кете барады?
Кезінде Сенат Төрағасы (ол кезде Сенат депутаты) Дариға Назарбаева да алдына келген айыптыны қамауға дайын тұратын судьяларды сынаған еді.
– Маған келіп түсетін шағымдардың көбі – судьяның біржақты үкім шығаратыны жайлы. Яғни, дәлел-дәйектер жеткіліксіз болса да, күдіктіні түрмеге жабады екен. Тіпті, судьяның тек прокурордың сөзіне құлақ түріп, адвокатты тыңдағысы келмейтіні жайлы арыз көп, – деген еді депутат.
Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов бұл фактіні терістей алмаған.
– Қылмыстық іс судьяның қолына түскен кезде-ақ біржақты пікір қалыптасатыны рас. Сөйтіп, сот осы ойдан шыға алмай, үкім шығара салады. Сондықтан мәселені шешу үшін, судьяға қылмыстық істі бірден ұстата салмай, алдымен айыптау актісін беруді жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, екі тарапты тек процесс барысында тыңдап, іске нүкте қойса дұрыс болады, – деген бас судья. Жақып Асанов 2020 жылы сот төрелігі саласында сапалық өзгерістер жасалатынын және алдағы 2 жыл ішінде ақтау үкімдері 6 есе артатынын айтады.
Жалпы, сот дегенде көз алдымызға не елестейді? Судья балғасын тарсылдатып, халықты тыныштыққа шақырады; адвокат пен тергеуші қызылкеңірдек болып дауласады; куәгерлер ант-су ішіп, екі тараптың сұрақтарына кезек-кезек жауап береді; істің ақ-қарасы анықталған соң сақшылар күдіктіні қолын қайырып алып кетеді немесе сот залынан босатып жібереді. Алайда біздегі ахуал басқаша. Бізде бастан-аяқ тергеуші – өзі би, өзі қожа. Материалдарды өзі жинайды, деректерді айғақ ретінде өзі таниды, өзі күдіктенеді, Қылмыстық кодекстің бабын өзі белгілейді, соңғы шешімді қабылдап, айыптау актісін өзі шығарады немесе қылмыстық істі өзі тоқтатады. Сарапшылардың пайымынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 30 мемлекеттің бірде-бірінде мұндай жүйе жоқ. Судья, прокурор мен тергеушінің құзыреті бөлінген. Осы орайда, заңгер Сергей Уткиннің мына пікірі көңілге қонады.
– Бірде мен әлдебір сот отырысына қатыстым. Судья танысым еді. «Күдіктінің кінәсі жоқ қой. Ақтау керек» деймін оған. Ол қорқады. «Білемін. Бірақ мен бүгін оны ақтасам, ертең өз басыма бәле болуы мүмкін» деп тайсақтайды. Түсінікті ғой, полиция, прокуратура, сот – бір жүйенің адамдары. Судья – сол жүйенің кішкентай тетігі ғана. Олар өзара ымыраласып жұмыс істейді, – дейді құқық қорғаушы.
Сөзінің жаны бар. Негізі тергеу, прокуратура мен сот арасында мүдделер қақтығысы болғаны абзал. Судья тергеушінің қызметіне сын көзбен қараса, адвокат тергеу жұмысындағы кемшіліктерді іздеуге тиіс. Судья бұл наразылықты ескеріп, заңға қайшы әрекеттің жолын кесуге міндетті. Теория бойынша тергеушілер мен прокурорлар судьяға ренжуі керек. Бізге мұндай талас-тартыстың ауылы алыс сияқты. Демек, бұл жерде соттың тәуелсіздігі аса маңызды. Қазақстан сот жүйесінің тәуелсіздігі жөнінен әлемде 71-орында тұр екен. Құқық үстемдігінің индексінде 65-орындамыз. Жақсы көрсеткіш деуге ұяласың, жаман көрсеткіш деуге намыстанасың.
Айтпақшы, Қазақстанда төменгі сатыдағы судьяның қандайда бір шешімі жоғарғы сатыда бұзылса, әлгі судьяның мәселесі майшаммен қаралады. Ал шетелде олай емес. Заңға және ішкі түйсігіне сүйеніп, әділ шешім қабылдаған судьяны ешкімнің жауапқа тартуға қақысы жоқ.
Сонымен, соттың мақсаты – адамды бостандықтан айыру емес, құқығын қорғау. Әр үкімнің астарында адам өмірі жатады. Басына алмағайып күн туып, тағдыры тәлкекке түскен жазықсыз жандар судьядан араша күтеді. Полиция қателесіп немесе қасақана бұрмалаған айыбынан ақтауды сұрап, әділдікке жетуден үміттенеді. Үміті ақтала ма? Әй, қайдам... Өйткені Қазақстандағы ақтау үкімдерінің көрсеткішін көрдіңіздер – көзге су тамызғандай ғана.
2019 жылы 29 судья теріс себеппен жұмыстан босатылыпты: 15-і этиканы аяққа таптағаны үшін, 7-і заңды өрескел бұзғаны үшін, 7-і лауазымына сай келмегені үшін қызметімен қоштасқан. Алайда бар мәселе жекелеген судьяларда емес, қалыптасқан жүйеде екені бесенеден белгілі.
Әрине, біз қылмыскердің жазадан сытылғанын емес, жазықсыз жанның нақақтан-нақақ сотталмағанын қалаймыз. Конституцияда «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.