Елордада инвестиция тарту және инвестициялық жобаларды табысты түрде жүзеге асыру бойынша жұмыс жалғасын тауып келеді. Бүгінде Astana Invest компаниясының бірлескен күш-жігерінің арқасында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобалардың саны көбейген. Қала әкімдігі екі жыл бұрынғы коронавирус пандемиясына қарамастан тұрғындар үшін маңызды жобалардың іске асырылуын тоқтатқан жоқ. Мәселен, соңғы үш жылда елордада 2,5 млрд АҚШ долларға шетелдік инвестиция тартылды. Биыл бұл көрсеткіш өсті және тек бірінші жартыжылдықтың өзінде ғана тартылған инвестиция сомасы 1 млрд АҚШ долларын құраған. Ал бұл өткен жылдың тиісті кезеңіндегі осы көрсеткішпен салыстырғанда үш есе көп. Қазір Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығының базасында инвестицияларды тарту бойынша өңірлік фронт-офис та жұмыс істейді. Онда инвесторларды «бір терезе» қағидаты бойынша, оның ішінде мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерінен өту кезінде толық сүйемелдеу жүзеге асырылады. Өйткені, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвесторлар үшін барлық жағдай жасалып, әкімшілік кедергілер де біртіндеп жойылып келеді. Мамандардың айтуынша, елорда соңғы онжылдықта кәсіпкерлер қаласына айналған. Қала экономикасының шамамен 80%-ы шағын және орта бизнесті құрайды. Бұл туралы Астанадағы қолайлы инвестициялық ахуал қалай қалыптасып жатқаны жайлы баяндайтын «Жайлы қала» деректі фильмінде Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Ербол Қанафин айтып берген еді. Оның сөзіне сенсек, осы күні Астана инвестициялар мен өндіріс көлемі бойынша рекордтық көрсеткіштерге жетіпті. Мысалға, соңғы 10 жылда елорда мемлекеттік қызметшілер қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналды. Статистика көрсеткендей, қала экономикасының шамамен 80%-ын ШОБ құрайды. Бұл кіріс бөлігіне және негізгі капиталға инвестицияларға қатысты болып отыр. Сонымен бірге, тұрғын үй құрылысы, көлік, логистика, білім, медицина және спорт қызметтері де кіреді. Былтыр негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша елорда рекордтық деректерге қол жеткізіп, инвестициялар бойынша қалаға 1,2 трлн теңгеден астам, өнеркәсіп бойынша өндірілетін өнімге – триллион теңгеден астам қаражат тартылған.
Алдыңғы кезекте өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары, тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын, машиналар мен жабдықтарды, медициналық және фармацевтикалық, тоқыма бұйымдарын шығаратын зауыттар қолдау алды. «Инвесторлар инвестицияларды мемлекеттік қолдау тетіктерін, оның ішінде қаладағы екі әлеуметтік-экономикалық аймақ тетіктерін белсенді пайдаланады. Оларға индустриалды парк кіреді, онда 90-ға жуық өнеркәсіптік жоба жүзеге асырылады, салықтық және кедендік жеңілдіктер беріледі. Бұл инвесторлар үшін өте қызықты», – деп қосты Ербол Қанафин.Осы орайда Astana Invest қызметінің орны ерекше. Себебі, компания негізгі капиталға инвестициялардың қарқынды өсуіне оң ықпалын тигізіп келеді. Мәселен, соңғы үш жылда ИОК 3,5 трлн теңгеден астам соманы құраса, былтыр Астана қаласының ИОК рекордтық мәнге – 1,5 трлн теңгеге жетті. Биыл 8 айда 1,3 трлн теңге инвестицияланған. Бұл былтырмен салыстырғанда 45%-ға артқанын көрсетеді. Осы үш жылда Astana Invest компаниясы жалпы сомасы 308 млрд теңгеге жуық 100-ден астам инвестициялық сүйемелдеген. Биылдың өзінде 81,5 млрд теңге сомаға 39 инвестициялық жоба тартылды. Жобалардың қатарында АЭА барын да айта кеткен жөн. Айталық, компания жұмысын бастағалы жүзеге асқан ең ірі жобалар жетерлік. Оның ішінде жел электр станциясы – 43, автомобиль шығаратын зауыт – 25, жылыжай кешені – 15, қазіргі заманғы логистикалық кешен – 11 млрд теңгені құраған. Сонымен бірге, Астананы кәсіпкерлер қаласына айналдыруда мемлекеттік қолдау да маңызды. Осы мақсатта қалада инвесторлар үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Мысалы, жер учаскелері, ғимараттар мен жабдықтар түріндегі заттай гранттар, салықтық жеңілдіктер: шикізат пен жабдықтың импортына ҚҚС, КТС, жер салығы, мүлік салығы – 0%, кедендік жеңілдіктер: жабдықтар мен шикізат импортына 5 жылға дейін 0% кедендік баж салығы қолданылады. Бұдан бөлек, қажетті инфрақұрылымды жүргізу мен квотадан тыс шетелдік жұмыс күшін тартуға да қолайлы жағдай жасалған. Ал «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Astana Invest компаниясы инвестордың барлық мәселелері бойынша тегін кеңес беруден бастап инвестициялық жобаларды іске қосуға дейін көмек қолын ұсынады. Шаһарда жүзеге асқан инвестициялық жобалардың кәсіпкерлікті қолдауға ғана емес, болашақ білімді ұрпақтың қалыптасуына да ықпалын тигізіп отыр. Соның ішінде білімге салынған инвестицияның орны ерекше. Күні кеше ғана елордада Future School мектеп-балабақшасы іске қосылғаны көпшілік күткен ерекше жаңалық десе де болады. Себебі, білімге салынған инвестиция – болашаққа қосқан үлес. Мекеменің бірегейлігі сол, 440 кіші буын оқушылары мен 120 балабақша тәрбиеленушілеріне арналған мекеме «мектеп-балабақша» форматында жұмыс істейді. Мұнда қазірдің өзінде 50 адам жұмысқа орналастырылған.
Future School құрылтайшысы Арман Бірімжанов: «2009 жылдан бастап білім беру нарығына қатысып келеміз, бізде 2 «Ақбөпе» балабақшасы болды. Ата-аналардың сұрауы бойынша жобамызды одан әрі жалғастыру туралы ой келді. 2019 жылы инвестициялық келісімшарт жасадық, бұған бізге Инвестициялар жөніндегі басқарма, Инвестициялар жөніндегі комитет көп көмектесті. Біздің өтінімдерімізді қарап, жер учаскесін берді. Құжаттарды рәсімдеуге 1 жыл уақыт кетті. Осыдан кейін біз мектеп салуды бастадық. Тағы бір жыл мектепті салып бітіруге жұмсалды» деп отыр. Кәсіпкердің айтуынша, «балабақша-мектеп» форматы кездейсоқ таңдалмаған. Жобаны ұсынбас бұрын осы саладағы көптеген тәжірибе назарға алыныпты. Дәл осы бірегей жобаны қолдап, толық іске асырылғанға дейін Astana Invest компаниясы кәсіпкерлікке ұйымдастырушылық көмек көрсеткен екен. Бұл үшін ризашылығын білдірген Арман Бірімжанов: «Егер бұрын қандай да бір бюрократиялық кедергілерден өзіміз өтуіміз керек болса, қазір біз тікелей осы компанияға жүгінеміз. Жоба өміршеңдігі дәлелденсе, кәсіпкерлікке де компанияның қолдауы әрқашан дайын екеніне көзіміз жетті», – дейді.Бүгінгі күні компания жобаларды іске асырудың екінші кезеңі бойынша да бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызды кешендердің іске қосылуын жүзеге асыруды көздеп отыр. Мәселен, олардың қатарында International School of Nur-Sultan City жекеменшік мектебі, ADD Sport Astana ЖШС көпфункционалды спорт кешені, «Тәп-тәтті» ЖШС кондитерлік өнімдер шығаратын зауыты, ал индустриялық парк аумағында «Астана ЖМК зауыты» ЖШС-лак-бояу өнімдері зауыты мен алдын ала кернелген ТБ бұйымдарын өндіруге арналған «GLB «ДСК» ЖШС-і бар. Сондай-ақ келер жылы 20 млрд теңгеге жуық сомаға 10-нан астам инвестициялық жобаны пайдалануға беру мақсат етілген.