Алматыда аптаға созылған «Исабеков әлемі» атты ІІ халықаралық театр фестивалі мәресіне жетті. Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековтің 80 жылдық мерейтойына арналған бұл фестивальға отандық және шетелдік алты театр ұжымы қатысты. Осылайша, жазушы қаламынан туған шығармалар бірнеше тілде көрерменмен қауышты.
Жазушының мерейтойына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетов және зиялы қауым өкілдері қатысты. Қаламгер шығармашылығына ерекше ықыласын білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын министр Дәурен Абаев оқып берді. Онда: «Халқымыз өзіңізді қазақ әдебиетінің көш керуені ілгері басуына сүбелі үлес қосып келе жатқан көрнекті қаламгер ретінде жақсы біледі және қадірлейді. Сіздің қаламыңыздан шыққан тартымды туындылар ұлттық рухани мәдени қазынамызды байыта түсті. Шынайы өмірді арқау еткен шығармаларыңыз негізінде түсірілген көркем фильмдер талғамы биік көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Қазақ драматургиясының өркендеуіне сіңірген еңбегіңіз де өте мол. Заманның тыныс-тіршілігін айшықтап көрсете білген пьесаларыңыз еліміз бен әлем театрларының сахналарында тұрақты қойылып келеді. Әрдайым өнегелі өмір жолыңызбен кейінгі толқынға үлгі көрсетіп, қолға алған істеріңіз сәтті жүзеге аса беруіне тілектестік білдіремін» делінген.
Фестиваль барысында Түркия, Грузия, Аустралия және еліміздің республикалық, облыстық театр ұжымдары жазушы шығармалары бойынша қойылған спектакльдерді сахналаудан өзара сайысқа түсті. Фестиваль шымылдығын Түркістан облысынан келген «Бөрте» спектаклі ашты. Жазушының сиясы кеппеген шығармасын жас театр үлкен жауапкершілікпен алып шықты. Ұлы билеуші Шыңғысханның жары Бөрте ханым туралы қойылымда батыр ананың ел тарихындағы орны көрсетілген. Қойылымының режиссері Италия маманы Карло Шаккалуга бұл қадамға үлкен дайындықпен келген екен. Әртістердің киімдері, сахнаның безендірілуі өте жоғары деңгейде болды. Үш сағаттық қойылым жалықтырған жоқ, керісінше, динамикаға толы. Көрермен бір деммен-ақ қарай алады. Шыңғысхан мен Бөртенің бала кезінен бастап ұлы тарихи оқиғаларға араласу сәттерінен сыр шертетін спектакльге көрермен қауым оң бағасын берді. Қойылымды көріп отырып қазақ театрының болашағынан үлкен үміт күтесің. Өйткені «Бөрте» театрдың жаңа деңгейін паш етті. Төбеден кәдуілгі жаңбыр мен қар жауды, сахнаға эскалатор жүргізілген, фон 3D графикамен әрленген, тіпті соғыстың айбарын көрсететін тұлпар күмістен жасалған. Театр сыншылары да «Бөрте» спектаклін жоғары бағалады. Дегенмен олардың айтуынша, лед экрандар арқылы сценографияның жоғары деңгейін көрсеткен қойылымды әлі де жетілдіру керек. Актерлердің психологиялық көңіл күйден екіншіге ауысу сәтін тереңдете түсу қажет сияқты. Шыны керек, бұл қойылымның басқалардан шоқтығы биік болды.
– Фестивальға қатысқан қойылымдардың деңгейі әртүрлі дәрежеде болды. Мұны заңды құбылыс деп ойлаймыз. Себебі қазақ психологиясын ұғу, түсіну оңайлықпен келмейді. Мысалы, Түркия театры әкелген «Өкпек жолаушы» қойылымы әлі де болса ізденісті қажет ететінін аңғартты. Бұл спектакльге психологиялық тереңдік жетіспеді. Қойылымда режиссерлік ізденіс аз болды. Басты кейіпкер Айтөренің 20 жылдан кейін өз туған үйін көруге келгендегі толғанысы, қара шаңырақты көргендегі ішкі сезімдері жетіспеді. Себебі қазақ менталитетінде қара шаңырақ киелі ұғым. Актер бұл мәселеге акцент қоя алмады. Сол үйдің қазіргі иесі, парасатты Зейнеп пен Айтөренің арасындағы рухани жарасымдылық жетіспей қалды. Музыкалық көркемделуі де, сценографиясы да көңілден шыққан жоқ, – дейді Бақыт Нұрпейіс.Фестивальдың үшінші күні Грузия театры Дулат Исабековтің «Актриса» қойылымын қойды. Сахнаның безендірілуі залдағы көрермен назарын аударды. Жансыз манекендер мен шашылып жатқан түрлі маталар шығармашылық толғанысты түсіндіре түскендей. Осылайша, грузиялық театр пьесаны түрлендіріп, әрекетті басымырақ көрсетті. Басты рөлдегі актриса Айгүл Асанованың рөлін терең түсінген. Өнер адамының ішкі әлемін жақсы көрсетіп берді. Қойылымның музыкасы да, сценографиясы, актерлермен жұмысы да жоғары деңгейде.
– Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Барлық қойылымдарды тамашаладым. Әр спектакль бұл додаға өзіндік бағыт, бағдар ала келген. Біз «Мұрагерлер» қойылымын қазақша қоямыз деп бір ауыздан келістік. Себебі Дулат ағаның осы пьесасын оқып, аударуға ниет еткенімде кейбір ойлардың өзгеріп кетуінен қорықтым. Сол үшін ағамыздың жүрегінен шыққан пьесаны жазушының ана тілінде қойдық. Бұл – театрымызда бес жыл бойы қойылып келе жатқан спектакль. Алдағы уақытта «Бөрте» қойылымын қоюды жоспарлап отырмыз, – деді режиссер Азизжан Искандаров.Фестивальдың бесінші күні Аустралиядан келген Мельбурн театры өздері дайындап жүрген «Бөрте» қойылымының эпизодтарынан арнайы көрсетілім жасап, қойылымға жазылған музыкаларды орындап берді. Бір аптаға созылған фестиваль қорытындысы бойынша, арнайы жүлдені Түркия Республикасынан келген Эрзурум театры мен Грузияның И.Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театры актрисасы Лела Махниашвили алды. Ал Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр академиялық музыкалық комедия театры «Үздік актерлік ансамбль», М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актері Алмас Шаяхметов «Үздік актер», актриса Дәрия Жүсіп «Үздік актриса», грузиялық режиссер Гоча Капанадзе «Үздік режиссер» номинацияларын иеленді. Ал бәйгенің бас жүлдесін «Бөрте» қойылымымен Түркістан музыкалық драма театры еншіледі.
– Дәл осы фестиваль бүгінгі режиссура мен актерлік өнердің жетістігін ғана емес, кемшіліктерін де ашып көрсетті. Дулат Исабеков пьесалары бүгінге дейін сахнада қойылып келе жатыр. Әлі де қойыла береді. Бірақ режиссура мен актерлік өнер әлі де көп қаза түсуді қажет етеді, – дейді қазылар алқасының төрағасы Еркін Жуасбек.Ал Алматыға арнайы келіп қатысқан бізге де фестиваль ерекше әсер сыйлады. Себебі біз мұндай фестивальдар арқылы шетелдік театрлардың қазақ драматургиясын қаншалықты деңгейде игеріп жатқанын көріп, бағалай аламыз.