Көп күттірген «Алтын доп»
Көп күттірген «Алтын доп»
457
оқылды
Кәрім Бензема 34 жасында «Алтын доп» иегері атанды. Ал Садио Мане мен Кевин де Брюйне үздік үштікке енді. Айта кетерлігі, футбол әлемі Месси мен Роналду дәуірі келмеске кеткенін жарыса жазып жатыр. Мәселен, ұйымдастырушылар осы гегемонияны тоқтату үшін 2018 жылы жүлдені Модричке табыстап сенсация жасады. Шешіммен келіспегендер көп еді. Бірақ биыл Бенземаның шеберлігіне ешкімнің таласы жоқ. Иә, 2021-2022 жылғы маусымды сөзсіз «Бенземаның бенефисі» деп атауға болады. Өткенді парақтасақ, хейтке жиі ілігетіндердің бірі осы Бензема еді. Көпшілік оның «қара жұмысына» лайықты баға бермейтін-ді. Күні кеше өзі де салтанатты кеште ұзақ жыл күткенін, талмай еңбек етіп, табандылық танытқанын айтты. Расымен, 2015 жылы оның «мен де «Алтын доп» иегері атанамын» дегеніне ешкім сенбеген-ді. Дәл сол жылы командаласы Роналдудың жүлдесіне қуанып, қол соққаны кадрке іліккен. Қазір сол фотосурет әркімнің жұлдызды сәті туарын айғақтап тұрғандай. Әрі «Роналду кеткесін клуб әлсірейді» дегендер де сан соғып қалды. Өйткені өткен маусымда корольдік клуб «Бензема атындағы» он төртінші Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Алтын маусым Келер жылы «Алтын доп» табыстау салтанаты интригаға толы болары анық. Өйткені жаңа есімнің жарқ ететінін іштей сезіп жүргендер жетерлік. Ал биыл – Бензема жылы. Себебі ол мансабында бесінші мәрте Чемпиондар лигасында топ жарды. Турнирде 15 гол соғып, сұрмерген атанғанымен қоймай, командасын қиын ойында алға сүйреді. Мәселен, 1/8 финалда «ПСЖ-ға», ширек финалда «Челсиге» тоғытқан хет-тригі оның нағыз бабында екенін дәлелдеп берді. Осылайша, Кәрімнің арқасында корольдік клуб келесі кезеңге өтті. Әрі ол футболшы үшін жас маңызды емесін айқын көрсетті. Шынтуайтына келгенде, отыздан асқан футболшыны «асарын асады» деп шетке ысыратындар ойланатындай перфоманс жасады. Өзі де айтулы кеште отыздан кейін де бағы жанатын ойыншылар барын мақтанышпен атап өтті. Сондай-ақ ол төртінші мәрте Испания чемпионатын ұтып, Ла лига бомбордирі (27 гол) атанды. «Реал Мадридпен» бірге Испания мен Еуропа суперкубогын, Ұлттар лигасын жеңіп, УЕФА нұсқасы бойынша жыл үздігі деп танылды. Одан бөлек, Бензема – футбол тарихындағы титулы көп француз. Мансабы бойынша 431 гол соғып, 31 трофейді қанжығаға байлаған. Парижде өткен салтанатта оның «Бала кезімнен бері үш арманым бар еді: анама үй алып беру, «Реал Мадрид» футболшысы болу, «Алтын доптың» иесі атану» дегені көптің көңілін босатты. Себебі ойыншының жанында анасы, алдыңғы қатарда командаластары отырса, жүлдені тапсырған экс-бапкері Зинедин Зидан еді. Бұл жолы да арман алдамайтыны, тек табандылық пен төзім керегі дәлелденді. Жалпы, Францияға «Алтын доп» 24 жылдан кейін қайта оралды. Кәрім жүлдеге иелік еткен бесінші француз. Тізім бар Бензема мансабының күнгейі – Франция құрамасына шақырылмаған кезі. Сол себептен ойыншының жеке мәліметіне құраманың 2018 жылғы Әлем чемпионатындағы жеңісі жазылмады. Бапкердің оны ұлттық құрама сапына шақырмауы қынжылтты, білем. Содан ба, кейінгі жылдары Кәрімнің қамшы басуына аталған фактор да әсер етті. Ендігі мақсаты – Франциямен алдағы мундиальда топ жару. Мұны кешегі кеште ерекше әсермен жеткізгені бар.
«Әрқашан «Алтын доп» жайында ойладым. 30 жасқа толғаннан бастап мақсат қойдым. Қазір жеңіске деген құлшынысым жоғары. Франция құрамасымен Әлем чемпионатын ұтпағаным тағы бар. Ендігі мақсатым осы», – деген еді ойыншы.
Өзге де футболшы мен бапкер Бенземаның жеңісімен құттықтап жатты. Алайда ең дөп сөз айтқаны – Роберт Левандовский. Ол «Егер биыл жүлдені тапсыруды кейінге қалдырмаса, «Алтын доп» Бенземаныкі» деді. Әрине, бұл жерде мойындау да, өткен жылда қалған өкпе де бар. Одан бөлек, Месут Өзілдің ойыншыға ылғи «Алтын доп» аларын еске салғаны да әсерлі. Парижде өткен кеште тек Бензема жеңіске жеткен жоқ. Әйелдер арасындағы «Алтын доп» Алексис Путельясқа бұйырды. Жылдың үздік сұрмергенін анықтайтын Герд Мюлер атындағы жүлдені Левандовский алды. Испания құрамасы мен «Барселона» ойыншысы Гави 21 жасқа дейінгі үздік жас футболшы атанды. Ал Лев Яшин атындағы «Үздік қақпашы» номинациясына «Реал Мадрид» және Бельгия құрамасының қақпашысы Тибо Куртуа ие болды. Осылайша, футбол әлеміндегі жылдың басты жүлдесі иесін тапты. Бұл – отыздан сәл асса мансабын аяқтауды жоспарлап жүретін футболшылар үшін мотивация. Өйткені Кәрім Бензема жүлде тарихында егде жаста жеңіске жеткен алғашқы ойыншы. Спортта тасада жүріп топ жаратындарға «күрең жылқы» деп жатады. Бензема «жасы келсе» де шаршы топта қара үзетін сәйгүлік екенін дәлелдеді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ