Солтүстік Қазақстан облысында «Еңбек» бағдарламасы былтыр аяқталғанымен, оның айналасындағы шу әлі басылмай тұр. Қаржының мақсатсыз жұмсалғаны, шенеуніктердің бармақ басты, көз қыстыға жол бергені ара-тұра қылаң береді. Күні кеше тағы бір қызметкер тұтылды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы Солтүстік Қазақстан облысында 2017-2021 жылдары жүзеге асырылған болатын. Оған қатысушыларға өз бизнес идеяларын жүзеге асыру мақсатына 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар бөлінген-тін. Осы қаржыға байланысты былық-шылық көп болып шықты. Қаржының заңды бөлінгеніне күмән келтірген қоғам белсенділері аудиторлық тексеріс жүргізілуіне мұрындық болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиаорталықтың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы Руслан Асаубаевтың облыстық Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолдаған сауалында: «Петропавл әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ бизнес-идеяларды дамытуға гранттар бөлуінің заңдылығына, атап айтқанда бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуына, алушылар тарапынан ұсынылған құжаттардың түпнұсқалығына тексеру жүргізуді сұраймын», – делінген.Оның мұндай қадамға баруына бизнес жобаның бірқатары, әсіресе тігін шеберханаларын ашуға қатысты жобалар жалған екеніне күмәндануы түрткі болыпты. Себебі Руслан Шонұлының айтуынша, кейбір жағдайларда көрсетілген мекенжайда ешқандай тігін цехы болмаса, кейде жабылып тынғанын байқаған. ҚҰЖАТ БАР, ШЕБЕРХАНА ЖОҚ 2020 жылы бағдарламаға қатысқан алты адам мемлекеттік гранттарды мақсатты пайдаланғанын дәлелдей алмаған. Ал 2021 жылдың желтоқсанында басқалары да ай сайынғы бірыңғай жиынтық төлемді төлеуді тоқтатқан. Халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіпкерлермен жолығып, хабарласып, кәсібін растайтын құжаттарды ұсынуын өтінсе де, еш нәтиже шықпапты. Ақыры орталық арнайы комиссия құрып, тексеріс жүргізген кезде заңбұзушылықтар бары анықталған. Мәселен, кейбір келісімшарттар тіркелмеген болып шықты. Тігін цехы ашылғаны туралы фотоесепті тек бір шеберхана тапсырыпты. Аудит тексерісі нәтижесінде анықталғанындай, Петропавл қаласының грант алған бір тұрғыны тігін шеберханасын ашуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алғаны туралы құжаттар ұсынған екен. Атап айтқанда, ол 583 мың теңгеге тігін машинкасын, бумен үтіктегіш, үтіктеу жүйесін және басқа да жабдықтар сатып алғаны туралы сату-сатып алу келісімшартын тапсырған. Ал шын мәнісінде алған заттары жоқ болып шықты. Тексеріс барысында «тігінші» ақша табу мақсатымен өз атына құжаттарды ресімдегенін, ал шын мәнісінде 90 мың теңге ғана қолын тигенін жайып салды. Қалған қаржы кімге бұйырғаны белгісіз. Тағы бір мысал: ер адам көлік доңғалағын монтаждау шеберханасын ашпақ болған. Бірақ бұл жоба да жалған болып шықты. Аудиторлық тексеріс барысында 2,2 миллион теңгенің заңбұзушылығы әшкере болды. Ал процедуралық сипаттағы кемшіліктер салдарынан тағы төрт миллион теңге мемлекет қаржысы тәркіленген. БАСҚАЛАРЫНЫҢ ТАҢДАЙЫНА ТАТЫМАПТЫ
Руслан Асаубаевтың айтуынша, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері кейбір жоба иелеріне «Еңбек» бағдарламасына қатысуға, құжатын тапсыруға ұсыныс жасаған. «Тіпті, өздері барлық қажетті құжатты әзірлеп беретінін айтқан. Ал бағдарламаға қатысушыдан тек есеп беруі талап етілетінін түсіндірген. Біз шығып тексерген кезде көрсетілген мекенжайда ешқандай цех та, жұмысшы да жоқ екенін анықтадық», – дейді ол.Күні кеше тиісті органдар осы жайтқа назар аударып, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Петропавл қалалық жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік гранттарды иемденіп алды деген күдікке ілігіп отыр. «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар қаржыдан қағылып, ақша мемлекеттік қызметшілердің қалтасында қалуы ғажап емес. Петропавл қалалық соты күдікті әйелді екі айға дейін үйқамаққа алу туралы шара қабылдады. Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Еңбек» бағдарламасы бойынша грант ресімдеумен айналысқан маманға қатысты қылмыстық істі тіркеді. Бұған дейін Петропавл қалалық жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры түрмеге тоғытылған болатын. Естеріңізге сала кетейік, оның «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалдамалы баспана бергені үшін тұрғындардан пара талап еткені сотта дәлелденіп, 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бірақ бұл жаза басқа әріптестеріне сабақ болмаса керек. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері тұзаққа жиі түсетінін тұрғындар қызу талқылап, айыптауда.
«Өздері түйені түгімен жұтқанына қарамастан, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды тексеруге келгенде шаш ал десе, бас алады. Аз қамтылғандарды адам құрлы көрмейді. Тырнақ астынан кір іздеп, жәрдемақыдан қағуға тырысады. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деген осы» – деп табалаушылар да бар. Сондай-ақ грант ала алмай қалғандар да мемлекет қаржысын бермеу үшін орталық қызметкерлері барынша тырысып бағатынын айтады. «Неше түрлі критерий ойлап тауып, гранттан қағуға тырысады. Оның себебі белгілі болды. Көздегендері – өз қалтасына басу. Құдайдан қорықпайды. Бәлкім, баз біреулермен бөліспегені үшін тұтылған шығар», – деп болжам айтушылар да кездеседі.Қалай дегенмен, қолмен жасағанды мойынмен көтеру керек. Сот үкімі шығарылатын күн де алыс емес.
Солтүстік Қазақстан облысы