Иран халқы нені аңсайды?
Иран халқы нені аңсайды?
727
оқылды
Каспий бойынша көршіміздегі жағдай шегіне жетіп, тұрақсызданды. Иранда бір айға жуық уақыттан бері билікке қарсы наразылық шаралары өршуде. Елде интернет, әлеуметтік желілер бұғатталды. Бұрынғы жылдары халық толқус ларын басуға ықпал еткен бұл тетік енді жұмыс істемейтіні аңғарылды. Amnesty International құқық қорғау ұйымының дерегінше, бейберекетсіздіктер басталғалы кем дегенде 108 адам қаза тапты, оның 23-і – балалар. Euronews-тің хабарлауынша, күш құрылымдары аяусыз басып-жан­шып, қатал қудалап жатса да, де­монстрациялардың, манифес­та­циялардың тынатын түрі жоқ. Интернетке әлдеқалай тарап кет­кен фотолардан, бейнематериал­дардан Иранның 50-ден астам қа­ласының көшелері ашынған нөпір халыққа толғанын байқауға болады. Бүліктің лаулаған өрті елдің әртүрлі қаласын ғана емес, сан алуан салаларын шарпи баста­ған­дай. Кейбір кәсіпорындар ұжым болып қарсылыққа қосылып, жұ­мысын доғарған. Германиялық Deutsche Welle 15 қазандағы кеште Тегерандағы саяси тұтқындар мен қос азаматтығы бар адамдар қа­малған Эвин түрмесінде бүлік бас­талғанын, оның соңы өртке ұлас­қанын хабарлады. Әлеуметтік же­ліде тараған видеоларда түзеу ме­кемесінің үстінен қап-қара түтін­нің будақтай көтерілгені бейне­ленген, атыс дыбысы, дабыл сиг­на­лы естіледі. Кейін белгілі бол­ған­дай, кем дегенде 4 адам қаза та­уып, 61 адам жараланған. IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі түр­медегі бүлікті саяси тұтқындар емес, ұсақ қылмыскерлер ұйым­дастырғанын, оның Ирандағы бұ­қаралық наразылық шараларына еш қатысы жоғын мәлім етті. Тегерандағы университеттердің бірінде түсірілген бейнежазбада жүздеген студент Ибрагим Раиси үкі­­метінің отставкасын талап етіп, «Дик­татор құрысын!» деп ұран­дат­ты. Яғни, ұрандар саяси сипат алды. Сонымен қатар Иран халқын қол­даған митингілер шетелде: Ыстан­бұл, Нью-Йорк, Амстердам, Бер­лин, Торонто және басқа қала­ларда өтті. Бұқараның наразылығына 22 жасар бойжеткен Махса Аминидің қазасы түрткі болды: ол тұтқын­далып, ар-ұят полициясы бөлі­міндегі тергеуден соң бірнеше күн өткенде, 16 қыркүйекте Тегеран­дағы ауруханада көз жұмды. Иран Ислам Республикасының мемле­кеттік телеарнасы Махсаның «ла­йық­сыз сыртқы кейпі», яғни хид­жабты басына дұрыс орамағаны үшін ұсталғанын хабарлады. По­лицияның мәліметінше, ол уа­қытша қамау изоляторында өзін жайсыз сезінген, ізінше жағдайы күрт нашарлаған, дәрігерлер құт­қара алмаған. Алайда туысқандары қыздың мүрдесін қайтарып алған соң оның азаптаудан өлгенін анық­тапты. Бұл хабар онсыз да ызалы жүрек, долы қол күйге жеткен қа­рапайым халықтың жаппай нара­зылығына триггер болды. The Financial Times тілшісі ирандық Наджме Бозоргмехрдың айтуынша, Иран психологиялық тұйыққа тірелді. Халық әділдікті, еркіндікті аңсайды. Ар-ұят поли­циясы көрінгенді сылтауратып, бұқараның өзі мен баласын қу­ғын-сүргінге салып, қатаң қалыпқа қуып тығып жатқанда, байлардың балалары шалқып өмір сүреді, ойына келгенін істейді. Бүкіл ел халықаралық ауыр санкциялар­дың ауыртпалығына жаншылып жатқан шақта Instagram-дағы иран­дық аккаунттар «алтын жас­тардың» бос уақытын шетелде өт­кізіп, өмірдің рақаты мен ләзза­тына батып жатқанын паш етеді. Мұны білген тақыр кедейлердің жеккөрініш пен қызғаныштан іші қыжылдайды, қаны қараяды. Иранның 86,5 миллион хал­қының басым көпшілігі – 60%-ы 30-ға толмаған жастар. Малай­зиядағы Ноттингем универси­теті­нің Саясаттану, тарих және ха­лықаралық қатынастар мектебінің доценті, саясаттанушы Юлия Рок­нифард өткен ғасырда Иранда Ислам революциясын жасаған аға ұрпақтың дәуірі өтіп бара жатқа­нын жазады. Алайда жастарды алға бастап, жол, жөн-жосық көрсе­те­тін, бір жалаудың астында топтас­тырып, бір мақсатқа жұмыл­ды­ратын лидер байқалмайды. Назар аударатын жайт, осы жолғы наразылықтар кезінде әйел­дер қарсылықтың нышаны ретінде көшеде басындағы ора­малын сы­пырып алып, отқа жағып жатты. Тіпті, жұртшылық алдында шашын қысқа қылып, кесіп тастағанда­ры бол­ған. Мұның шы­нымен сим­вол­дық мәні бар: ора­мал таққан әйел­дердің кө­ше­лерді толтыруы 1979 жыл­­ғы рево­лю­ция­ның бір рәмізі еді. Жалпы, ирандық әйелдер бұ­рын дәл қазіргідей қара жамылып, бет-аузын, үсті-басын тұмшала­ма­ған. Орталықазиялық жыр-хис­саларда Қызылбас (қазіргі Иран) еліндегі қара шашы бұйра­ла­нып, жерге төгілген сұлулардың, жігіт жү­регін жаулайтыны баяндалады. Интернеттегі ескі суреттерде шо­лақ белдемше киіп, оқтаудай түзу аяқтарын жарқырата түскен Иран әуежолдарының әсем стюардесса қыздары бейнеленген. Өткен ға­сырда мектепте, университеттерде бозбалалар мен бойжеткендер бір­ге оқыған. Онда неге зайырлы қал­пынан бас тартты? Өткен ғасырда Иранның соңғы шахы Мохаммед Реза Пехлеви елде батыстандыру саясатын жүргізді, мемлекетті барлық жағынан Батыс әлеміне ұқсас етіп, дамытуға күш салды. АҚШ-қа бағдарланды. Шах­тық Иран Израильмен достық қа­тынастағы жалғыз ислам мемле­кеті болды. Ал Израиль оған САВАК атты қуатты арнайы қыз­ме­тін құрып, жарақтандыруға кө­мектесті. Бұл құрылым кейін шек­тен тыс қатыгездік танытып, халық көтерілісін қанға бөктірді. 1978 жылғы 8 қаңтарда Кумда билікке қарсы алғашқы ірі демон­страция өтті. САВАК пен Шах гвар­диясы оны қатыгездікпен бас­ты. Дегенмен бас көтерулер Иран­ның барлық ірі қалаларында жал­ғасты. Ал жаппай ереуілдер Иран экономикасын күйретті. 1979 жыл­ғы 16 қаңтарда шах Мохаммед Реза Пехлеви мен шахбану шетелге қашты. Бұл оқиға көтерілісшілердің шаттығын туғызып, шабытын оят­ты. Олар барлық жерде соңғы иран шахы әулетіне қатысты ескерт­кіштерді, басқа да символдарды құлатты. Елдің премьер-министрі Шапур Бахтияр Хомейнимен ха­барласып, оны елге қайтуға ша­қыр­ды. Ол орала сала, Бахтияр үкі­метін заңсыз деп жариялап, қару­лы қақтығыс нәтижесінде бір апта ішінде зайырлы сипаттағы билікті құлатты. Оның орнына 1979 жылғы 1 сәуірде референдум өткізіп, Иран Ислам Республи­касын құрды. 1980 жылғы мамыр­дан бастап, билік әйелдерге қа­тысты қатаң талаптар енгізді: олар­ға чадра, хиджаб, орамал тағу міндетті болды, оларға арналған кәсіптер қатары шектелді, бөлек оқитын болды, әйелдің бастама­сы­мен ажырасуға тыйым салынды, көп әйел алу енгізілді. Бүгінде батыстық сарапшы­лардың байламы бір арнаға то­ғысады: Иранда халық қазір дінге емес, репрессия, жемқорлық, санк­цияларға қарсы шығып отыр. Оның соңы революцияға ұласа­тынына шетелдік жетекші сарап­шылар сенбейді. Америка да мұны Иранның ішкі ісі санады. АҚШ мем­лекеттік хатшысы Энтони Блинкен Тегеранды әйелдерге кө­бірек еркіндік беруге және аза­маттарды бейбіт наразылық ак­цияларын өткізу құқығынан айырмауға шақырумен шектелді. Бірақ Ирандағы халық толқуы немен аяқталары белгісіз. Өйткені бұқараның жағдайы ары қарай на­шарлауы мүмкін. Еуропалық одақ пен АҚШ Ресейге дрон, зы­мыран бергені үшін Иранға қо­сым­ша санк­ция енгізу мүмкіндігін қа­рас­тырып жатқан көрінеді. Бұқараның мұң-мұқтаждығына мән бермеген билік кез келген елді жарға жығуы мүмкін.