Каспий бойынша көршіміздегі жағдай шегіне жетіп, тұрақсызданды. Иранда бір айға жуық уақыттан бері билікке қарсы наразылық шаралары өршуде. Елде интернет, әлеуметтік желілер бұғатталды. Бұрынғы жылдары халық толқус ларын басуға ықпал еткен бұл тетік енді жұмыс істемейтіні аңғарылды. Amnesty International құқық қорғау ұйымының дерегінше, бейберекетсіздіктер басталғалы кем дегенде 108 адам қаза тапты, оның 23-і – балалар. Euronews-тің хабарлауынша, күш құрылымдары аяусыз басып-жаншып, қатал қудалап жатса да, демонстрациялардың, манифестациялардың тынатын түрі жоқ. Интернетке әлдеқалай тарап кеткен фотолардан, бейнематериалдардан Иранның 50-ден астам қаласының көшелері ашынған нөпір халыққа толғанын байқауға болады. Бүліктің лаулаған өрті елдің әртүрлі қаласын ғана емес, сан алуан салаларын шарпи бастағандай. Кейбір кәсіпорындар ұжым болып қарсылыққа қосылып, жұмысын доғарған. Германиялық Deutsche Welle 15 қазандағы кеште Тегерандағы саяси тұтқындар мен қос азаматтығы бар адамдар қамалған Эвин түрмесінде бүлік басталғанын, оның соңы өртке ұласқанын хабарлады. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда түзеу мекемесінің үстінен қап-қара түтіннің будақтай көтерілгені бейнеленген, атыс дыбысы, дабыл сигналы естіледі. Кейін белгілі болғандай, кем дегенде 4 адам қаза тауып, 61 адам жараланған. IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігі түрмедегі бүлікті саяси тұтқындар емес, ұсақ қылмыскерлер ұйымдастырғанын, оның Ирандағы бұқаралық наразылық шараларына еш қатысы жоғын мәлім етті. Тегерандағы университеттердің бірінде түсірілген бейнежазбада жүздеген студент Ибрагим Раиси үкіметінің отставкасын талап етіп, «Диктатор құрысын!» деп ұрандатты. Яғни, ұрандар саяси сипат алды. Сонымен қатар Иран халқын қолдаған митингілер шетелде: Ыстанбұл, Нью-Йорк, Амстердам, Берлин, Торонто және басқа қалаларда өтті. Бұқараның наразылығына 22 жасар бойжеткен Махса Аминидің қазасы түрткі болды: ол тұтқындалып, ар-ұят полициясы бөліміндегі тергеуден соң бірнеше күн өткенде, 16 қыркүйекте Тегерандағы ауруханада көз жұмды. Иран Ислам Республикасының мемлекеттік телеарнасы Махсаның «лайықсыз сыртқы кейпі», яғни хиджабты басына дұрыс орамағаны үшін ұсталғанын хабарлады. Полицияның мәліметінше, ол уақытша қамау изоляторында өзін жайсыз сезінген, ізінше жағдайы күрт нашарлаған, дәрігерлер құтқара алмаған. Алайда туысқандары қыздың мүрдесін қайтарып алған соң оның азаптаудан өлгенін анықтапты. Бұл хабар онсыз да ызалы жүрек, долы қол күйге жеткен қарапайым халықтың жаппай наразылығына триггер болды. The Financial Times тілшісі ирандық Наджме Бозоргмехрдың айтуынша, Иран психологиялық тұйыққа тірелді. Халық әділдікті, еркіндікті аңсайды. Ар-ұят полициясы көрінгенді сылтауратып, бұқараның өзі мен баласын қуғын-сүргінге салып, қатаң қалыпқа қуып тығып жатқанда, байлардың балалары шалқып өмір сүреді, ойына келгенін істейді. Бүкіл ел халықаралық ауыр санкциялардың ауыртпалығына жаншылып жатқан шақта Instagram-дағы ирандық аккаунттар «алтын жастардың» бос уақытын шетелде өткізіп, өмірдің рақаты мен ләззатына батып жатқанын паш етеді. Мұны білген тақыр кедейлердің жеккөрініш пен қызғаныштан іші қыжылдайды, қаны қараяды. Иранның 86,5 миллион халқының басым көпшілігі – 60%-ы 30-ға толмаған жастар. Малайзиядағы Ноттингем университетінің Саясаттану, тарих және халықаралық қатынастар мектебінің доценті, саясаттанушы Юлия Рокнифард өткен ғасырда Иранда Ислам революциясын жасаған аға ұрпақтың дәуірі өтіп бара жатқанын жазады. Алайда жастарды алға бастап, жол, жөн-жосық көрсететін, бір жалаудың астында топтастырып, бір мақсатқа жұмылдыратын лидер байқалмайды. Назар аударатын жайт, осы жолғы наразылықтар кезінде әйелдер қарсылықтың нышаны ретінде көшеде басындағы орамалын сыпырып алып, отқа жағып жатты. Тіпті, жұртшылық алдында шашын қысқа қылып, кесіп тастағандары болған. Мұның шынымен символдық мәні бар: орамал таққан әйелдердің көшелерді толтыруы 1979 жылғы революцияның бір рәмізі еді. Жалпы, ирандық әйелдер бұрын дәл қазіргідей қара жамылып, бет-аузын, үсті-басын тұмшаламаған. Орталықазиялық жыр-хиссаларда Қызылбас (қазіргі Иран) еліндегі қара шашы бұйраланып, жерге төгілген сұлулардың, жігіт жүрегін жаулайтыны баяндалады. Интернеттегі ескі суреттерде шолақ белдемше киіп, оқтаудай түзу аяқтарын жарқырата түскен Иран әуежолдарының әсем стюардесса қыздары бейнеленген. Өткен ғасырда мектепте, университеттерде бозбалалар мен бойжеткендер бірге оқыған. Онда неге зайырлы қалпынан бас тартты? Өткен ғасырда Иранның соңғы шахы Мохаммед Реза Пехлеви елде батыстандыру саясатын жүргізді, мемлекетті барлық жағынан Батыс әлеміне ұқсас етіп, дамытуға күш салды. АҚШ-қа бағдарланды. Шахтық Иран Израильмен достық қатынастағы жалғыз ислам мемлекеті болды. Ал Израиль оған САВАК атты қуатты арнайы қызметін құрып, жарақтандыруға көмектесті. Бұл құрылым кейін шектен тыс қатыгездік танытып, халық көтерілісін қанға бөктірді. 1978 жылғы 8 қаңтарда Кумда билікке қарсы алғашқы ірі демонстрация өтті. САВАК пен Шах гвардиясы оны қатыгездікпен басты. Дегенмен бас көтерулер Иранның барлық ірі қалаларында жалғасты. Ал жаппай ереуілдер Иран экономикасын күйретті. 1979 жылғы 16 қаңтарда шах Мохаммед Реза Пехлеви мен шахбану шетелге қашты. Бұл оқиға көтерілісшілердің шаттығын туғызып, шабытын оятты. Олар барлық жерде соңғы иран шахы әулетіне қатысты ескерткіштерді, басқа да символдарды құлатты. Елдің премьер-министрі Шапур Бахтияр Хомейнимен хабарласып, оны елге қайтуға шақырды. Ол орала сала, Бахтияр үкіметін заңсыз деп жариялап, қарулы қақтығыс нәтижесінде бір апта ішінде зайырлы сипаттағы билікті құлатты. Оның орнына 1979 жылғы 1 сәуірде референдум өткізіп, Иран Ислам Республикасын құрды. 1980 жылғы мамырдан бастап, билік әйелдерге қатысты қатаң талаптар енгізді: оларға чадра, хиджаб, орамал тағу міндетті болды, оларға арналған кәсіптер қатары шектелді, бөлек оқитын болды, әйелдің бастамасымен ажырасуға тыйым салынды, көп әйел алу енгізілді. Бүгінде батыстық сарапшылардың байламы бір арнаға тоғысады: Иранда халық қазір дінге емес, репрессия, жемқорлық, санкцияларға қарсы шығып отыр. Оның соңы революцияға ұласатынына шетелдік жетекші сарапшылар сенбейді. Америка да мұны Иранның ішкі ісі санады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Тегеранды әйелдерге көбірек еркіндік беруге және азаматтарды бейбіт наразылық акцияларын өткізу құқығынан айырмауға шақырумен шектелді. Бірақ Ирандағы халық толқуы немен аяқталары белгісіз. Өйткені бұқараның жағдайы ары қарай нашарлауы мүмкін. Еуропалық одақ пен АҚШ Ресейге дрон, зымыран бергені үшін Иранға қосымша санкция енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқан көрінеді. Бұқараның мұң-мұқтаждығына мән бермеген билік кез келген елді жарға жығуы мүмкін.