Павлодарда полицейлер әйел адамның өліміне қатысты күдікті ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«17 қазан күні сағат 16.44-те Екібастұз қаласының полициясына «М.Жүсіп көшесі, 68-үйдің жанында кілемнен адамның аяғы көрінеді» деген хабарлама түскен. Жедел тергеу тобы үйдің кіреберісінде кілемге орап тастаған әйелдің мәйітін тапты. Кілемнің жоғары және төменгі жақтарын сыммен байлап тастаған. Әйелдің жансыз денесінде зорлық-зомбылық белгілері бар екені анықталды. Полиция әйелдің жеке басын анықтады, ол Екібастұз қаласының 38 жастағы тұрғыны болып шықты», – деді Екібастұз қаласы Полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шақарғалиев.Кісі өлтірді деген күдікпен Екібастұз қаласының тұрғыны, 1986 жылы туған ер адам ұсталды. Ол кінәсін мойындады. Сараптамалар тағайындалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.