Президент Сорбұлақтың суын тазартып, жайылымды кеңейтуге тапсырма берді
Президент Сорбұлақтың суын тазартып, жайылымды кеңейтуге тапсырма берді
229
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында жергілікті  халықпен жүздесіп, су, жер, жайылым мәселесін айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. «Бүгінде Үлкен Алматы каналының жағдайы сын көтермейді. Қазір бұл канал 60 мың гектар жерге су жеткізеді. Бірақ, іске қосылғаннан бері оған бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Әкімдік Үкіметпен бірлесіп, бұл жұмысты шұғыл қолға алуға тиіс. Су тапшылығы болғандықтан, Сорбұлақтың тазартылған суын пайдалану мәселесі өзекті болып отыр. Қазір Сорбұлақтың суымен 2,7 мың гектар егіс алқабы суарылады. Бұл суқоймасын шамадан тыс толып кетуден сақтайды. Әйтпесе, экологиялық апатқа тап болуымыз мүмкін. Алайда, мұның бәрі әлі күнге дейін реттелмеген. Сондықтан, қалдық суды тазартып, кәдеге жаратудың ережесін әзірлеуді тапсырамын. Сонда суармалы жердің аумағын кеңейтуге мүмкіндік туады. Алматы облысындағы болашағы зор саланың бірі – балық шаруашылығы. Қазірдің өзінде өңірден мал етінен гөрі балық өнімдері көбірек экспортталады. Бұл саланың қуатын арттыру үшін балық шаруашылығының көлемін ұлғайту керек. Сондай-ақ, өндірістік мақсатта шабақ өсіруді қолға алу қажет. Балық инспекциясының қызметін де жандандырған жөн. Бізде 2030 жылға дейін балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы бар. Онда Алматы облысынан шығатын балық өнімін 25 мың тоннаға жеткізу көзделген. Осы міндетті орындау үшін балық шаруашылығына берілетін мемлекеттік қолдаудың көлемін арттыру керек. Аймақта тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл – тұрғындардың малын жаятын жердің тапшылығы. Биыл облыста бос жатқан 300 мың гектар жер анықталған. Оның басым бөлігі – жайылым. Жер иелері 100 мың гектар жерді өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарды. Оның 50 мың гектары қазірдің өзінде халықтың игілігіне берілді. Өңірде жеміс-жидек өсіруге зор мүмкіндік бар. Бірақ, бұл мүмкіндікті толық іске жаратпай отырмыз», – деді Президент.