Медицина қызметкерлері – адам өмірінің сақшысы
Медицина қызметкерлері – адам өмірінің сақшысы
1,214
оқылды
Заман дамуы мен қоғам қажеттілігіне байланысты мамандықтар тізбесі үнемі жаңарып, өзгеріп отырса да, ерте заманнан бері келе жатқан көне де қадірлі дәрігер мамандығы қаншама ғасырлардан бері адамзатпен бірге жасасып келеді. Жасай да бермек. Медицина қызметкерлері – адам өмірінің сақшысы. Олар ажалдан қорықпайды, адамға екінші өмір сыйлайды, өз қадір-қасиеті мен ар-ожданын биік ұстайды. Бұл қоғамның оларға деген сенім мен құрметін арттырып,  мәртебесін биіктетеді. Медицина қызметкерлері үшін деонтология мен дәрігер этикасы басты қағидалардың бірі болуы тиіс. Медициналық деонтология - медицина қызметкерінің кәсіби мінез-құлқы туралы ілім. Ол дәрігерлердің қызмет бабындағы өзара қарым-қатынасы, кеңесу, жәрдемдесу, ауруларға сырқат түрлерін, емделу режимдерін байыбымен, сабырлы түсіндіру. Ежелгі Грек елінің ғұламасы Гиппократтың: «Дәрігер — Құдайға жақын адам» немесе «Данышпандықты іздесең — соның бәрі де медицинадан табылады» деген өсиеті медицина саласының қызметкерлері үшін басты ұстаным. Мен 2007 жылы Ақмола мемлекеттік медицина академиясының педиатрия факультетін бітірген кезден бергі 15 жылдық еңбек өтілімде балалар арасында жиі кездесетін өкпе, жоғары тыныс алу жолдарының қабынуының алдын алумен және емдеумен айналысып келемін. Әр жылы 1000-1500 баланы сауықтырамын. Олардың ата-аналары мен жақындарына қуаныш сыйлау мен үшін шексіз бақыт, мамандығыма деген құрметімді арттырып, асқан жауапкершілік жүктейді. Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Қалалық балалар ауруханасында «Күрделі соматика» бөлімшесінің меңгерушісі бола жүріп, диагнозы ауыр дәрежелі балаларды емдегенде жинаған дәрігерлік тәжірибем бүкіләлемдік пандемия кезінде өзінің оң нәтижесін көрсетті. Бұл мені мәртебелі етті. Алдын ала профилактикалық жұмыс жүргізуді дұрыс ұйымдастыра отырып, науқасты өз әдісіммен емдеу арқылы «COVID-19» вирусын жоюда біршама жетістіктерге жеттім. Ол әдіс  уақыт талабына сәйкес тыныс алу жолдарының алдын алу, қабынуға жеткізбеу, тұрақты профилактикалық жұмыс жүргізу, диспансерлік есепте тұратын науқастардың жағдайын қадағалап, олардың денсаулығын бірқалыпты ұстау болатын. Дәрігердің еңбегі мен жұмсаған энергиясының ең басты бағасы – ауру адамға көрсеткен көмегі. Осы арқылы дәрігерлік тәжірибе жинақталады және оның беделінің өсуіне ықпал етеді. Дәрігердің беделі ауру адаммен тіл табысуда үлкен роль ойнайды. Ең бірінші кезекте дәрігерден терең білім, яғни науқасты мазалайтын мәселені сабырлы, дұрыс және тез түсініп, оның жылдам және толық сауығуына лайықты жол таба білу талап етіледі. Дәрігердің әр әрекеті мен ісінде әрдайым басты мақсат ауру адамды емдеп жазу. Дәрігердің өмірі – бұл ешқашан бітпейтін университет. «Дәрігердің басты міндеті - өмір бойы қоғам үшін оқу»деген беделді клиницист А.А.Остроумовтың сөзі бүгін де маңызын жойған жоқ. Дәрігердің қарапайымдылығы – ең қажетті қасиеттердің бірі. Медицина саласын таңдау үшін үлкен жүрек керек. Батылдық, жан жылуы, өзгелерге жәрдем беру – барлық дәрігерлерге тән қасиет. Дәрігерлер жүрегінде Гипократ антын сақтап еңбек етеді, өмір сүреді. «Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты» деген А.Шопенгауэрдің сөзін ескерсек, өз ісінің білгірі атанған мықты дәрігер адамға бақыт кілтін табыстаушы ғажап жан. Батпандап кірген кеселдің мысқылдап шығуының өзі дәрігердің кәсіби білімі мен тәжірибесіне тікелей байланысты. Дәрігер ең алдымен ауру адамды ықыласпен тыңдай білуі, жылы сөзімен үміттендіре білуі қажет. Дәрігердің айтқан сенімді, ақылға қонымды, жылы сөзі сырқатқа қорқынышты жеңуге көмектеседі, оның сауығып кетуіне деген сенімін нығайтады. «Салауатты Астана» ЖШС емханасында жеті ай көлемінде бөлім  меңгерушісі  бола жүріп, вакцинация, ұлттық егу күнтізбесін халыққа дұрыс түсіндіру мақсатында екпенің көптеген қауіпті вирус пен диагноздардан аман алып қалатыны және қауіп-қатер тобындағы ересектер мен балаларға  жүйелі жұмыс жүргізудің оң нәтие беретіні жайлы, профилактикалық жұмыс жүргізуді дұрыс ұйымдастыру туралы еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарына, отандық телеарналарға сұхбат бердім. Коронавирусқа қарсы вакцина алудың тиімділігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге белсене қатысып, «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Таңшолпан», «Теледәрігер» бағдарламаларының құрметті қонағы болдым. Мұның барлығы мен таңдаған мамандықтың, медицина қызметкерлерінің мәртебесінің биіктігін көрсетеді. Бізге жұмыс барысында ешқашан қателесуге болмайды. Сондықтан да ұдайы тәжірибелік білімімімізді жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреміз. Денге саулық, дертке шипа сыйлайтын әріптестерімнің қоғамдағы мәртебесі де осыған байланысты. Сондықтан да заманауи, уақыт сұранысына жауап беретін, емделушінің талап-тілегін қанағаттандыратын медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесі әркез жоғары болып қалмақ.  

Нұргүл Жақыпова,

«Салауатты Астана» ЖШС емханасынының балалар дәрігері, педиатр- пульмонолог