Алматы облысының тәртіп сақшылары «Жасөспірім» жедел-сауықтыру шарасының үш күнінде кәмелетке толмағандар тарапынан болған 579 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Басқасын былай қойғанда, оның ішінде балалықтарына қарамастан, алкогольді ішімдік ішуге қатысты 13 дерек бар. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар түгелдей жұмылдырылған «Жасөспірім» жедел-сауықтыру шарасын өткізудегі басты мақсат – кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу болатын. Өкінішке қарай, жетісулық жасөспірімдердің арасында телі-тентектер көп екені белгілі болды. Үш күн ішінде полиция қызметкерлері жергілікті ішкі істер бөлімдеріне 497 жасөспірімді жеткізді. Осы деректердің денінде, нақтырақ айтқанда, 400-інде кәмелетке толмағандар түн ортасынан таңға дейін өз беттерімен үйден безіп, еш мақсатсыз көше кезген, қаңғыбастыққа салынған. Олардың арасында арақ-шарап ішіп, мас күйінде қоғамдық орындарда жүргендер, жұрттың мазасын алғандар да бар. Мұндайдың соңы бұзақылыққа апарары анық. Оған аталған шара кезінде кәмелетке толмағандар тарапынан болған үш бірдей бұзақылықтың тіркелгені дәлел бола алады. Алдын алу шарасы барысында облыс аумағындағы 900 көңіл көтеретін орын тексеріліп, бейімдеу орталығына 5 жасөспірім жеткізіліпті. Болат АБАҒАН, Алматы облысы