Жетісуда күре жолда болған жол апатынан 9 айда 61 адам қайтыс болды
Жетісуда күре жолда болған жол апатынан 9 айда 61 адам қайтыс болды
Фото: alashainasy.kz
Бүгін Президенттің жұмыс сапары Жетісу облысында жалғасты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына сапары кезінде жол мәселесін, көлік апатының көбейгенін, көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыру маңызды екеніне тоқталды.
«Жетісу аймағының транзиттік әлеуеті өте жоғары. Өңірдің бұл әлеуетін толық пайдалану үшін көлік инфрақұрылымын дамыту керек. Алдымен апатты жағдайда тұрған 15 көпірді жақын арада ретке келтіру қажет. Жолдарды күтіп ұстау және жөндеу мәселесі құзырлы мемлекеттік органдардың айрықша бақылауында болуға тиіс. «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» және «Үшарал – Достық» тасжолдары салынып жатыр. Осы жылдың соңына дейін жолдың асфальтты қабатын салып бітіру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент құзырлы органдарға жұмыс барысын қатаң бақылауға алып, келесі жылы толық пайдалануға беруді тапсырды. «Кербұлақ және Панфилов аудандары арқылы өтетін республикалық күре жолды жөндеу мәселесі өзекті болып тұр. Бұл – өте маңызды жол. Сондықтан Үкімет пен әкімдікке ондағы күрделі жөндеу жұмысын алдағы 2 жылдың ішінде аяқтауды тапсырамын. Қажетті қаражатты шұғыл қарастыру керек. Ең алдымен, жолдың сапасы жақсы болуы керек. Алайда  құрылыс та созылып кетпеуі тиіс. Бұл жергілікті жұрттың тұрмысына және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Облыстағы республикалық маңызы бар күре жолдарда болған жол апаттарынан 9 айда 61 адам қайтыс болды. Бұл – жантүршігерлік көрсеткіш. Елімізде жол апаттары, оның ішінде адам өліміне әкеп соқтырған оқиғалар көбейіп барады. Бұған еш жол беруге болмайды. Адам өліміне әкеп соқтырған әрбір жол апатын төтенше жағдай ретінде қарастыру қажет. Адам өмірі – біздің басты байлығымыз. Сондықтан  азаматтардың амандығы және қауіпсіздігі бірінші орында тұруға тиіс. Жол құрылысы кезіндегі жемқорлық пен селқостықты түбірімен жою үшін жүйелі шаралар қабылдау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.