Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Республика күніне орай, «Әділ мемлекет. Біріккен ұлт. Өркендеген қоғам» атты республикалық жастар форумы өтті. Ғылым және жоғары білім министрлігі қолдауымен өткен форумға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, оқу ордасының оқытушы-профессорлық құрамы, студенттер мен магистранттар қатысты. Шараға келген қонақтардың алдында сөз сөйлеген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» қалыптастыру бағыттарын айқындап бергенін және Мемлекет басшысы жастарға ерекше назар аударып, үлкен үміт артып отырғанын атап өтті. Ректор өз сөзінде жаңа Қазақстанды бәсекеге қабілетті жастар, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ғана қалыптастыра алатынын айтып, сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау үшін университетте ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Форум барысында ректор салтанатты жиынға қатысушыларға Мемлекет басшысы бекіткен ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңінің жобасын таныстырды.
Жастар форумына арнайы келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев: «Жастар – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы. Студенттер сапалы білім, саналы тәрбие алып, ел мен жеріміздің гүлденуіне үлес қосуға тиіс. Мемлекетіміздің бәсекелі қоғамға бой түзеуі сіздердің алған білімдеріңіз бен қабілет-қарымдарыңызға байланысты. Олай болса, бәріміз Отанымызға адал қызмет етейік», – деп өз ойын қорытындылады.