Осыған дейін ғалымдар Кіші жүздің биі, мемлекет қайраткері Әйтеке Байбекұлының шын бейнесі сақталмады деп келеді. Алайда отандық тарихшылардың бірі бидің көзі тірісінде салынған портретін тауып, оны баспасөз беттерінде жариялағаны белгілі болды. Жуырда «Караван» газетіне берген сұхбатында антрополог Оразақ және Айнагүл Смағұловтардың бидің 300 жыл бұрын салынған көпшілікке беймәлім портреті мен бассүйегінің қалпына келтірілген нұсқасын салыстырғаны туралы мақала жарық көрді. Онда ғалымдар жақында «Жалаңтөс Бахадүр – тарихи тұлға» (Алматы, 2018) атты еңбекпен танысқаны айтылған. Кітапта Өтеген Қойшиевтің Әйтеке бидің суреті берілген мақаласы бар. Ғалым 1998 жылдан бері «Әйтеке бидің шын бейнесі қандай?» деген тақырыпта бірнеше зерттеу материалдарын жазып келеді. Осыған дейін белгісіз болып келген суретті де сол кісі алғаш жариялаған. ҰҒА академигі, Болон академиясының корреспондент-мүшесі Оразақ Смагұловтың айтуынша, соңғы жазбасында Өтеген Қойшиев 20 жыл бойы Әйтеке бидің жаңа суретіне ешкім мән бермегеніне қапаланған. «Ғалым өз еңбектерінде бұл портрет қалай бүгінге жеткенін айтпаған. Өкінішке қарай, автор былтыр дүниеден озғандықтан суретті қайдан, қалай алғанын білмейміз. Бірақ мақалада автор испан суретшісі Хуан Харис 1698 жылы Әйтеке биді көзі тірісінде бейнелеп алғанын айтқан. Авторға сенсек, сурет 300 жыл бұрын салынған. Алайда оның осы күнге дейін қайда сақталып, автордың қолына қалай түскені белгісіз. Мақаланың тағы бір түсініксіз жері – сурет Әмір Темірдің тұсындағы халқаралық келісім кезінде салынғаны. Ал Әмір Темірдің ХIV ғасырда өмір сүргені, суреттің ХVII ғасырда салынғаны белгілі», – дейді ғалым. Антропологтар бұрын Әйтеке бидің бас сүйегінің қалпына келген нұсқасымен таныс болғандықтан, бірден қолдарына түскен суретті сол деректермен салыстырып көреді. «Қазіргі Өзбекстан аумағындағы Нұрата кентінде Әйтеке бидің мазары бар. Ауыз әдебиетінен жеткен дерекке сүйенсек, би сол жерде жерленген. Алайда жазбаша деректер жоқ. Біз 2005 жылы сол қорымда қазба жұмыстарын жүргізіп, бас сүйекті Мәскеудегі М. М. Герасимов атындағы антропологиялық зертханаға қалпына келтіруге жібердік», – дейді Оразақ Смағұлов. Ғалымдардың пікірінше, қалпына келтірілген бас сүйек негізінде жасалған бюст пен суреттегі Әйтеке бидің бейнесі ұқсас болғандықтан, екеуін бір адам деп санауға болады. «Екеуінің арасы 300 жыл болса да, бюст пен портреттегі адамның бет бейнесі қатты ұқсайды. Суретші портретті адамның жынысына, жасына, бет әлпетіне, мінезіне қарап салады. Ал бассүйекті қалпына келтіру кезінде сүйектің рельефі мен жұмсақ тіндерді негізге алады. Сондықтан антропологияда адам бейнесі тек нейтралды түрде беріледі. Осыны ескере отырып, екі бейненің бірдей өлшемдегі нұсқасын салыстыру керек», – дейді Оразақ Смағұлов. Екі бейненің арасындағы бірінші айырмашылық суреттің салыну кезеңі мен бидің қайтыс болған уақыты. Екі оқиғаның арасында екі жыл өткен. Алайда бастысы екеуінің де тұранойдтық нәсілге жататыны. Екеуінде де бет келбетінің биіктігі мен ені бірдей. Мұрындары да ұқсас. Бет сүйектерінің жалпақтығына келетін болсақ, көлденең бұрышы да бір деңгейде. Екі бейнеде айырмашылықтан гөрі ұқсастық басым. Яғни, қайта қалпына келтірілген бюст пен суретші салған портретте бір адам – Әйтеке би бейнеленген деуге негіз бар. Барыс НҰРЛАН