Каирдегі Бейбарыс сұлтан мешітін жөндеу жұмыстары биыл шілдеде аяқталады. Мешітті жөндеу құрылысы 2018 жылдың қазан айында басталған болатын. 2017 жылы екі елдің мәдени саласын бірлесе дамыту үшін XIII ғасырда Мысыр мен Сирияны билеген атақты Бейбарыс сұлтанның тарихи мұраларына қатысты тақырып қозғалған. Нәтижесінде, Каир қаласындағы Бейбарыс сұлтан мешітін қалпына келтіру бойынша шешім қабылданған еді. Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев ел үкіметіне және Мысырдың ежелгі ескерткіштер мен туризм істері министрлігіне Каир қаласында Бейбарыс сұлтан мешітін қайта жөндеп жатқаны үшін алғыс білдірді. Мәліметтерге қарағанда, мешітті Arab Contractors құрылыс компаниясы жөндеп жатыр. Құрылысшылар жұмысты биыл жазда аяқтауға бекініп отыр. Египеттей алып елді 17 жыл бойы билеп, жалпы араб әлемін сақтап қалған Бейбарыс сұлтан 1223 жыл шамасында Атырау бойында туған. Тарихшылар сұлтанның тегі Беріш тайпасынан екенін жазып қалдырған. Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев даңқты тұлғаның ұлықталуы еліміз үшін зор мәртебе екенін атап өтті. Мадияр ТӨЛЕУ