Өзбекстан астанасында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Рахат Бекболат жеңіске жетті. Қызылорда ауыр атлетика мектебінің тәрбиеленушісі қоссайыс қорытындысы бойынша 356 келі (158+198) көтеріп, қарсыласынан 14 келіге озып кетті. Осылайша, 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен 20 жасқа дейінгі жастар арасында чемпион атанды. Серпе көтеру жаттығуында жасөспірімдер арасында әлемдік рекорд орнатты. Екінші орын ирандық Аболфази Хакнурда – 342 келі (154+188), үшінші орынды өзбек атлеті Азимджон Ходжиев иеленді. ол қоссайыс қорытындысы бойынша 333 келі көтерді (152 + 181). Ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына Азия құрлығындағы 20 елден 14 әйел және 18 ерлер командасы қатысты. Қазақстаннан 10 спортшы қатысқан еді. Олардың барлығы жүлделі орынға ие болды. Жалпы, қазақстандық командада 9 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль бар.