9 наурыз күні Ресей астанасында өтетін Димаштың концертіне арналған журналистермен бейресми басқосуды Игорь Крутой ашты. Ол қазақстандық әншінің кеші сәтті ұйымдастырылатынына күмән келтірмейтінін айтып, бұдан бұрынғы концерттерді еске түсірді. Сонымен қатар жас досына шығармашылық табыс тіледі. Мәскеуде өтетін концерттің мән-жайы туралы Димаштың өзі айтып берді: «Бағдарламаны «Арнау» деп атадық. Біз басқа елдерде, соның ішінде АҚШ-та бірнеше концерт қойдық, қазір Мәскеуде әсерлі кеш өткізуге дайындық үстіндеміз», – деді ол. Қазақстандық әнші өз концертінің әрқайсысы бір «емтихан» екенін айтып әзілдеді. Онда көрерменді алдауға болмайды. Димаш Игорь Крутойға да ризашылығын жеткізіп, бала кезінен бастап ресейлік композитормен жұмыс істеуді армандағанын айтты. Өз кезегінде ресейлік композитор «Димаш құбылысы» деген ұғымның мән-маңызына тоқталды. «Димаштың ерекше дауысы, қайталанбас ырғағы бар. Оның музыканы өзі арқылы өткізуі өте маңызды. Өйткені ол керемет дарынға ие. Ал мен оның сауатты жанкүйерімін! Себебі қанша тырыссам да, оған ұқсай алмайтыныма анық көзім жетеді. Оның таланты биік», – деді И.Крутой. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев алда өтетін Димаштың концертінде көрермен көптеген жаңалық пен өзгеріске куә болатынына уәде берді. «Дәл қазіргі таңда концерт қойып, бейнетаспалар түсіруді қолға алып жүрмін. Барлық турлардан кейін, әрине достарыммен демалғым келеді. Жұмыс кестесі мен концерттер әзірге босаңсуға мүмкіндік бермейді. Алайда мен бұған қиналмаймын, өйткені музыкасыз, шығармашылықсыз, қауырт жұмыссыз ұзақ өмір сүре алмайтынымды түсінемін», – деді әнші. Димаш кішкентай арманы туралы – қазақ тілінде жаһандық хит шығару жайын да тілге тиек етті. Мәселен, K-pop музыкасы арқылы бүкіл әлем корей тілінде ән шырқады. Қазақстандық әнші де жаңа әндерінің бірі дәл осындай нәтиже көрсетеді деген үмітте. Себебі «музыкада шекара мен ұлт жоқ». Димаштың бұл бағыттағы ойын әкесі жалғастырды. «Хит туынды тіл таңдамайды. Оның әндерін қазақ тілінде әртүрлі елдің тұрғындары қалай шырқайтыны мені шынымен таңғалдырған болатын. Мысалы, Америкада өткен концертте 54 мемлекеттен келген жанкүйері болды, 44 штаттан келген көпшілік стадионда Димашпен бірге ән шырқады. Орыс, қазақ және басқа тілдерде. Бұл – өте керемет! Көрермен өз әншісінің шығармаларын жақсы көретін болса, оған тіл де, ұлт та кедергі бола алмайды», – деді Қанат Айтбаев. Димаш Қытайдағы жанкүйерлерінің жағдайына да ерекше назар аударды, дәрігерлер қауіпті коронавирусты емдеудің жолын тезірек табатынына сенімін білдірді. Басқосу соңында Димаш эксклюзивті жоспарымен бөлісті. Мәселен, ол өзінің рэпер досымен жаңа ән дайындауда. Сондай-ақ қазақстандық талант тағы бір жаңа композицияны Мәскеудегі концертте көпшілік назарына ұсынбақ. Алайда бұл туралы да толық айтқан жоқ. Серік СЕЛЕУБАЙҰЛЫ