Шекара туралы шарт ратификацияланды
Шекара туралы шарт ратификацияланды
279
оқылды
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшім­баевтың төрағалық етуімен Палата отырысы болды. Бүгін депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемле­кеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарап, қабылдады. Сенат Төрағасы атап өткендей, құжат Каспий теңізіндегі Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мем­лекеттік шекара сызығын ай­қындау және балық кәсіпшілігі аймақтарының аражігін ажырату мақсатында әзірленген.
«Осы Заң Қазақстанның Тү­рікменстанмен мемлекеттік шека­расын делимитациялау процесін аяқтауға және екі мемлекет ара­сындағы Каспий теңізіндегі мем­лекеттік шекараларды заңды түрде бекітуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта заң екі ел арасындағы тату көршілік қатынасты одан әрі ны­ғайтуға және өзара тиімді ынты­мақтастықты дамытуға ықпал етеді деп сенеміз», – деп атап өтті Мәу­лен Әшімбаев.
Сенат депутаттары сондай-ақ «2014 жылғы 29 мамырдағы Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартқа Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын Еу­ра­зиялық экономикалық комис­сияның және Еуразиялық эконо­микалық одақ сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерін зей­нетақымен қамсыздандыру бө­лігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау тура­лы» заңды да қабылдады. Заңның күшіне енуі осы адам­дарға комиссияда және ЕАЭО со­тында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде алған зейнетақы құқық­тарының жүзеге асуы мен қорға­луын қамтамасыз етеді. Сенаторлар отырыс барысында өздерінің депутаттық сауалдарын да жария етті. Бақытжан Байахметов Абай облысының Семей қаласын жылу­мен жабдықтау мәселесін көтере отырып, жылу электр стансасының құрылысын кешенді түрде шешуді: электр және жылу желілерін дамы­ту және жаңғырту қажеттігін, сон­дай-ақ 2023-2025 жылдары жылу­мен жабдықтау объектілерін қар­жы­­ландыру мәселелерін егжей-тег­жейлі пысықтау керектігін атап өтті. Нұржан Нұрсипатов еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуға, оның ішінде объектілерді жекешелендіру нәтижесіне назар аудара отырып, қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуда бі­рыңғай мемлекеттік саясатты әзір­леу қажеттігіне ерекше тоқталды. Мұрат Бақтиярұлы экология­лық апат пен Кіші Аралдың жоға­луына жол бермеу үшін Арал теңі­зін­дегі Көкарал бөгетін жедел жөн­­деудің маңыздылығын жеткізді.