Басын бәйгеге тіккен құтқарушылар
Басын бәйгеге тіккен құтқарушылар
407
оқылды
19 қазан – Құтқарушылар күні. Осы орайда, әлеуметтік желіде отандастарымыз бейбіт күннің қаһармандарын құттықтап, түрлі әсерлі оқиғаны жариялады. Одан бөлек қала, облыс пен ауданда айтулы күнге арналған бірқатар шара өтті. Төтенше жағдай саласы қызметкерлері өртте, суда, су тасқыны кезінде, құйын мен боранда да өмірін қатерге тігіп, өзге жанды құтқарады. Төтенше жағдай туындағанда қиын жағдайда қалған адамға бірінші болып көмектесетін – аталған сала қызметкерлері. Сол үшін өңірлерде мереке қарсаңында қызметкерлерді марапаттап, медаль табыстады. Айталық, СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев құттықтау сөзінде биыл де­партаменттің жедел қызметтері 2400-ден астам шақыртуға шы­ғып, 200 адамды құтқарып, мың­нан астам адамды эва­куация­лағанын айтты. Жалпы, өңірде 700-ден астам өрт сөндіруші мен құтқарушы еңбек етеді. Мереке қарсаңында аталған облыстың ТЖД бөлім бастығы Ербол Мұхаменбеталин «Төтен­ше жағдайлардың алдын алу және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды. Оның17 жылдық еңбек өтілі бар. Құтқарушы болуды бала кезінен армандаған екен. Одан бөлек жиында баланы судан құтқарған батыл жандар­дың да ерлігі ескерусіз қалмады. Уәлиханов ауданының тұрғыны Ерлан Тілеуқабылов құдыққа түсіп кеткен үш жасар сәбиді алып шыққан. Ол «Суға батқан­дарды құтқарғаны үшін» медалі­мен марапатталды.
«Оқиға қыркүйек айында түс кезінде болды. Ауылдағы дүкен жанынан көлікпен өтіп бара жатқам. Ата-әжесі дүкенге кіріп кетіп, сыртта жалғыз қалған бала­ның құдыққа құлап түскенін көріп қалдым. Жалма-жан көлі­гімді тоқтатып, жүгіріп бардым. Дереу дүкенге кіріп, арқан бай­лап, баланың соңынан түстім. Бала су бетінде ес-түссіз жатты. Алып шықтым, сәлден соң есін жи­нады», – деді Бидайық ауы­лы­ның тұрғыны Ерлан Тілеу­қабылов.

Айбике ЖАНАСЫЛ