Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыстың күн тәртібінде бюджет туралы үш заң жобасы қаралды. Олар – Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы, республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңдар. Сондай-ақ депутаттар бастамашы болған рақымшылық жасау туралы және Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары мақұлданды. Республикалық бюджет туралы заң жобалары жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Анатолий Бойчин баяндама жасады. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Смайылов пен Үкімет мүшелері қатысты.
«Заң жобасы Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескере отырып әзірленді. Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескере отырып айқындалды және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайтын болады», – деді Ұлттық экономика министрі.Министр Парламент депутаттары мен Есеп комитетінің ұсынымдары бойынша өңірдің салықтық әлеуетін ескеретін тәсілдер әзірленгенін атап өтті. Заң жобасы донор өңірлер үшін бюджет қаражатын алу көлемін қысқарту мәселесін де кезең-кезеңімен шешеді. «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жөнінде Ұлттық экономика министрімен бірге Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов және Ұлттық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндады. Үш заң жобасын да Мәжіліс депутаттары мақұлдады. Мемлекет басшысының қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмасын жүзеге асыру үшін депутаттардың бастамасымен «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасы әзірленген болатын. Бүгін осы құжат жөнінде Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова баяндама жасады. Заң жобасы ғылым өкілдерінің, сарапшылардың, адвокаттар алқасының, Бас прокуратураның, соттардың және басқа да мемлекеттік органдардың қатысуымен дайындалды. Депутат жобада рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы анықталғанын айтты. Бұл үшін тәртіпсіздіктерге байланысты нақты уақыт кезеңі 4-7 қаңтар аралығы болып белгіленген. Басқа қылмыстар бұл заңда қарастырылмайды. Сондай-ақ депутат террористер, экстремистер, рецидивистер, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар және азаптаулар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайтынын айтты. Қылмыстық кодекстің жауапкершіліктен ішінара немесе толық босату көзделген баптарының ішінде қажетті қорғаныс шегінен асып кеткенде жасалған кісі өлтіру, ұрлық, тонау, бұзақылық және т.б. қарастырылған. Үкімет пен барлық комитет заң жобасына оң қорытындысын берді. Ғылыми-құқықтық, лингвистикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамалары бар. Мәжілісмендер заң жобасын қолдап, мақұлдады. Мәжіліс Салық кодексі мен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін қолданысқа енгізу туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Заң жобасы бойынша жалпы отырыста Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов баяндама жасады. Оның айтуынша, жұмыс тобының қарауына 300-ден астам түзету келіп түскен. Депутат олардың негізгілеріне тоқталды.