Қазақ ғылымы қашан дамиды деп күтіп жүргенде, саладағы ғалымдар саны жыл өткен сайын азайып барады екен. Мәселен, соңғы екі жылда 3 мыңнан астам профессор мектепке мұғалім болып кеткен. Ғұмырын ғылымға арнаған парасат иелерінің осылай таңдау жасауына мектеп пен жоғары оқу орындарындағы жалақының алшақтығы әсер етті ме? Әлде профессордың тапқан-таянғаны күнкөріске жетпей ме? Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған статистика бойынша, соңғы екі жылдан бері елде ғалымдар саны азайған. Мысалы, 2019 жылы – 21 843, 2020 жылы – 22 665, ал биыл 21,6 мың ғалым бар екені мәлім болған. Қазіргі 21,6 мың ғалымның 7 525-і жас ғалымдар (жалпы ғалымдардың 35 пайызы) құрайды. Министр Саясат Нұрбектің айтуынша, елімізде соңғы екі жылда 3 мыңнан астам профессор мектепке мұғалім болып кеткен. Бұған мектептегі жалақының жоғары оқу орындарындағы жалақыдан әлдеқайда жоғары болғаны әсер етіп отыр.
– 2025 жылға дейін шәкіртақыны өсіреміз. Келесі қыркүйектен бастап тағы 20 пайызға. Біз соңғы екі жылда 3 мыңнан астам профессорымызды жоғалтып алдық. Олар мектептерге кетті. Себебі мектепте жалақы жақсы, – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.Ведомство басшысы министрліктің мақсаты оқытушылардың, профессорлардың, Ph-докторанттардың және студенттердің шәкіртақыларын өсіріп, еңбек нарығындағы орташа және жоғары деңгейге жеткізу екеніне де тоқтала кетті. Дегенмен білім сарапшылары министрліктің бұл межеге жетуі оңай емес деп отыр. Басты себеп – жалақының аздығы Өткен оқу жылында жоғары оқу орындарындағы оқытушылар ай сайын кемінде 200 мың теңге, аға оқытушы 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге, профессор – 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс деп жарияланған еді. Алайда министрліктің бұл қаулысымен қатар әр жоғары оқу орны өз алдына дербестігін алғанын да білеміз. Осылайша, университеттегі оқытушылардың жалақысы ала-құла болып шыға келді. Жүктемелері бірдей болса да, әр университет басшыларының пейіліне қарай профессорларға айлық төлеп отыр. Осының салдарынан ғалымдар жалақысы жақсы, жұмысы аз мектепке мұғалім болып ауысуға көшкен.
– Мектептегі мұғалімдер 300-700 мың теңге аралығында жалақы алады. Ал жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың айлығы бұдан бірнеше есе аз. Сосын мектепте жүктеме аз. Кезінде мектептегі мұғалімдердің мәртебесін көтерген кезде ғылымның басқа салалары кенже қалып қойды. Мысалы, география институтының қызметкері 80 мың теңге айлық алса, география мұғалімі 300 мың теңге алды. Сонда кім ғылымға барады? Мұғалімдердің жалақысымен бірге инфляция да өсіп, азық-түліктің бағасы аспандап барады. Амал жоқтан профессорлар ғылымнан қол үзіп, мектепке барып жатыр. Бұлай жалғаса берсе жоғары оқу орындарындағы профессорлардан айырылып қалуымыз мүмкін,– дейді Жоғары оқу орындары қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов.Иә, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді емес пе? Бар ғұмырын ғылыми жұмысқа арнаған профессорлардың педагогтердің жұмысына араласуы білім сарапшыларын алаңдатып отыр. Шымкенттік мұғалім Өмір Шыныбекұлының айтуынша, профессорлар тура мұғалім сияқты сабақ бере алмайды. Олардың жас ерекшелігі, тіл ерекшелігі мен методикасы мүлдем басқа. Мектептегі процесс оқу-тәрбие берумен байланысты. Ал профессорлар өмір бойы білім берумен, ғылыммен айналысқан азаматтар. Академик келсе де мықты мұғалім бола алмайды. Олардың мектепке бейімделуі қиын.
– Профессорлар «өзіміз оқытқан шәкірттерімізден жалақыны аз аламыз» деп маған да мұңын шаққан. Бірақ жыламаған бала аш қалады. Педагогтердің еңбекақысы да бірден көтеріле салған жоқ. Осы мәртебеге жету үшін біз аянбай күрестік. Ал профессорлар үнсіз отыр. Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп айтқан. Сондықтан жалақы үшін екі жақты айналсоқтап жүрген ғалымдар ғылымды жоғары деңгейге жеткізеді деп ойламаймын,– деді Өмір Шыныбекұлы.Отандық ғылымға соққы Профессорлардың жоғары оқу орындарынан жаппай кетуінің бір себебі – жалақының аздығы болса, екінші себебі – жүктеменің көптігі. Университеттерде оқытушы-профессорлардың педагогикалық жүктемесі жоғары, қойылатын талап көп. Дегенмен барлық профессор бірден мектепке мұғалім болып орналаса алмайды. Тек саласы сәйкес келсе ғана ауысады. Айталық, математика ғылымдарының докторы мектепте математикадан сабақ бере алады. Профессорлардың мектепке ауысуы отандық ғылымның дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі профессор мектепке барғанда ғылымнан шет қалады. Тек оқушыларға сабақ беріп, ғылыми жобаларды орындатады. Ал оқушылардың ғылыми жобалары ғылыми айналымға түспейді. Олар тек «Дарын» орталығы ұйымдастырған ғылыми жобалар сайысында көрсетіледі. Одан ары қарай жоба өндіріске енбейді. Ал университеттегі профессорлар зерттеген жобасы жайлы әлемдік рейтингтегі журналдарға мақала жариялап, идеяларын практика жүзінде өндіріске енгізе алады. Өзі таңдаған бағытты ары қарай жетілдіретін шәкірттер дайындайды.
– Бізде профессорға да, кандидат пен аға оқытушыға да аудиториялық сағаттарды теңдей бөлу қарастырылған. Мысалы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде зерттеуші-оқытушы деген бар. Бұл статусқа жету үшін әлемдік ғылыми журналдарға мақала жазып, арнайы жобамен айналысу керек. Зерттеуші-оқытушы статусына ие болғандардың жалақысы жоғары болады және аудиториялық сағаты басқаларға қарағанда аз болады. Яғни, таза ғылыммен айналысуға мүмкіндік туады. Бірақ университетте жұмыс істейтін профессорлардың барлығы бірден мұндай дәрежеге жете алмайды, – дейді филология ғылымдарының кандидаты Самал Әшімова (есімі өзгертілді – ред.).Оның айтуынша, ғылыммен айналысу үшін уақыт керек. Бір ғылыми мақалаға профессор кем дегенде 4-5 ай уақытын жұмсайды. Ал ол мақаланың ішінде қаншама талдау жасалып, нәтижеге жету керек. Бұл біршама уақытты алады. Күніне 7 сағат лекция оқитын профессордың зерттеумен айналысуға уақыты қалмайды. Яғни, бізде жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларына қойылған талап жоғары. Scopus журналдарына мақала жазу үшін ұзақ зерттеу жүргізіп, мақаланы ғылыми ағылшын тіліне аудару керек. Мақала лицензияланып, редакцияланып барып журналға қабылданады. Бір мақаланың қабылдануы 1-3 жылға дейін созылып кетуі де мүмкін. Осы уақытта профессор бірнеше пәннен сабақ беріп, бірнеше конференцияға қатысуы керек. Сонымен бірге университеттегі қоғамдық жұмыстарға да қатысады. Мұндай келеңсіздік 90-жылдары да болды. Соның салдарынан қазақтың талай дарыны қолдау таппай, қыр асып кетті. Мысалы, АҚШ-тың Массачусетс технологиялар институтының ғылыми қызметкері Қуат Есенов, Калифорниядағы Oracle Corporation компаниясының иесі Нұртас Мәкімов, Жапонияның Нагасаки Ұлттық медицина орталығының дәрігер-генотомы Қаһарман Еменбетов, тағы басқа ондаған ғалым шетелден бақытын тапқан. Физика-математика ғылымдарының докторы, АҚШ-тағы университет профессоры Бақытжан Әлімбековті де америкалықтар алақанына салып отыр. Енді, міне ғылымнан бақыт таппаған профессорлар мұғалімдікке бет бұрып жатыр. Бұлай жалғаса берсе, жоғары оқу орындары білікті ғалымдарға зар болып қалуы мүмкін. Сондықтан дер кезінде қамданып, профессорлардың педагогикалық жүктемесін азайтып, еңбекақыларын көбейтуіміз керек.