Қоғамда құқықбұзушылыққа жол берілсе, әділдік іздеген жұрт алдымен құқық қорғау орындарының есігін қағары сөзсіз. Өйткені, олар азаматтардың тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ант береді. Ал егер сенгенің сенімге селкеу түсіріп, құқыңды қорғаушыға емес, құқыңды қорлаушыға айналса, қайтпек керек? Бұл күні құзырлы орындардың есігін торуылдап, табанынан таусылып жүрген арызданушылар көп. Әділдікке араша сұрағандар арасында арызын қабылдату үшін айлап емес, жылдар бойы жүгіріп жүргендер де бар. Осының өзі Ішкі істер органдарында өз ісіне салғырттық танытып, қылмысты ашуда «бармақ басты, көз қыстыға» жол беретіндердің азаймай отырғанын көрсетеді. Мәселен, биыл жыл басында бір ғана Шымкентте сыбайлас жемқорлық бойынша тіркелген 77 қылмыстың 20-сы құқық қорғау саласына тиесілі болғаны белгілі. Яғни парақорлық пен жымқыру деректерімен тіркелген қылмыстардың басым бөлігі погон таққандардың үлесіне тиген. Осыдан соң «жұртқа жақын полицей» қағидаты «жұртқа қарсы полицей» деген түсінікке алып келмегенде, қайтеді? Бұдан бөлек, ара-тұра тергеушілердің тепкісін көргендер де, арызын әрең қабылдатып, көрініп тұрған қылмыстық істерден қылмыстық құрам таба алмай тоқтатып жататын жағдай да ара-тұра кездесіп қалатынын жоққа шығаруға болмас. Осылайша, жәбір көргендердің өзі екі ортада футбол добына айналып, сергелдеңге түскен соң құзырлы орынға сенім білдіру қиынға соғары хақ. 149 полицей ауыр қылмыс жасаған Әнебір жолы Ішкі істер министрлігі погон таққан қылмыскерлер саны азайып келетінін мәлім етті. Бірақ бұл саптағылардың түйсігі өзгеріп, жемқорлыққа қарсы иммунитеті оянғанын көрсетпейді. Неге дейсіз бе? Биыл қаңтар-тамыз айларында Ішкі істер министрлігінің 199 қызметкері түрлі қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Иә, бұл бір жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда 12,7 пайызға аз. Алайда алдын ала қуану әлі ерте. Өйткені, осы қылмыстың басым көпшілігі, яғни 149-ы ауыр қылмыстық құқықбұзушылықтарға жатады. Демек, осынша қызметкер Отан алдындағы антын бұзып, ауыр қылмысқа барған. Министрліктің дерегінше, 22 қызметкер жеңіл емес, 25 қызметкер орташа ауырлықтағы, бір қызметкер аса ауыр қылмыс жасаған. Ал былтыр осы кезеңде еліміздің Ішкі істер министрлігінің 228 қызметкері түрлі қылмыстық құқықбұзушылықпен ұсталыпты. Өңірлік тұрғыдан алғанда, ведомство өкілдерінің тәртіп бұзуына қатысты деректің басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген. Одан кейін Ақтөбе, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Жамбыл облыстарында байқалған. Зерттеушілердің дерегіне сүйенсек, Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасындағы құқық бұзушылардың жартысы сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол беріпті. Мысалы, дәл осы айып тағылып отырған істерде 100 адам ұсталған. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстарғанда екі пайызға аз көрсеткіш болғанымен, саладағы ең көп таралған құқық бұзушылықтардың қатарында пара алу, немқұрайлық және билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану кіреді екен. Айталық, меншікке қарсы құқықбұзушылық бойынша 50 адам ұсталған. Бұл жерде кең тараған заңбұзушылықтар қатарында алдау, ұрлық және сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру деректері көп тіркелген. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында азаматтардың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандығына қарсы 14 қызметкер қылмыстық құқықбұзушылық жасаса, былтыр осы уақытта 12 қызметкер дәл осындай бассыздыққа жол беріпті. Ұсталған қызметкерлердің барлығы тікелей азаптау дерегімен ұсталған. Сыбайластыққа қарсы сана-сезім өзгеруі керек
Бір қуантарлығы, бұрынғы жылдары парақорлыққа қатысты ашылған қылмыстарда «көш бастайтын» ішкі істер органдары соңғы кездері оң жағынан өзгеріпті. «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Дәулеткерей Рахметуллин осылай дейді. Оның айтуынша, биыл тамыз айына дейінгі қылмыстардың статистикасы 500-ден астам жемқорлыққа қатысты іс тіркелгенін растайды. Соның ішінде 177-сі іс Ішкі істер министрлігіне тиесілі. Оның 69-ы учаскелік инспекторларға, 16-сы тергеу бөліміне қатысты тіркелген құқық бұзушылықтар. «Соған қарағанда жемқорлыққа қатысты алдын алу шаралары нәтижесін берген секілді. Біздің бірлестік екі жыл бойы погон таққандардың парақорлыққа бармауы үшін парасаттылықты, адамгершілікті, патриоттық тәрбие беруге мән беріп келеді. Қазір Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті ашылған істер бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Біз де әр істің соңына дейін орындалуын қадағалап отырмыз», – дейді Дәулеткерей Рахметуллин.Сондай-ақ ол жаза басқан жауапты қызметкерлерді жүгендеу жазаны қатаңдату арқылы жүзеге аспайтынын жеткізді. Қоғамдық бірлестік өкілі «құқық қорғаушыларды жөнге салатын қолданыстағы заң қатаң» деп отыр. Бірлестік өкілінің сөзінен түсінгеніміз, погонды қылмыскерлерді азайтудың әзірге жалғыз амалы – ашықтықты күшейтіп, бұрыннан қатып қалған ескі сана-сезімге сілкініс жасау. Себебі, сана-сезімді өзгертуге жұмыс жасалмаса, жауапкершілікке тартылатын құқық қорғау қызметкерін азайту мүмкін емес. Басшылықпен байланыс жоқ
Халықпен тікелей жұмыс істейтін салаларда сыбайлас жемқорлық қылмысы баршылық. Мысалы, осы жемқорлық бойынша сотталғандардың жартысынан көбі, яғни 57 пайызы – полиция қызметкерлеріне қатысты. Бұл деректі Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі Дулат Әбибуллаев айтып отыр. Оның сөзінше, заң бұзатын қызметкерлер қатары СҚО мен Түркістан, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында көп. Сол үшін Ішкі істер органдарындағы ішкі қауіпсіздікке жауаптылар қылмыстың алдын үшін қадр таңдауды күшейтіп, саланы цифрландыруға көңіл бөле бастаған. Бұл бастамалардың қаншалықты нәтиже бергенін уақыт көрсететінін айтқан ол: «Қатардағы полиция мен басшылықтың арасындағы қарым-қатынасты заманауи байланыс құралдары арқылы қамтамасыз ету керек. Осы арқылы қылмысты төмендетуге болады», – дегенді айтады. Ал «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров погондылардың жаза басуы өзекті болып отырғанын жасырмайды. Айтуынша, Ішкі істер министрлігі тарапынан жасалып жатқан нақты қадамдар қажетті нәтижеге қол жеткізе қойған жоқ. Сондықтан қоғаммен тікелей жұмыс істейтін құқық қорғау қызметі қоғам өкілдерімен дискуссия жасаудан қашпауы қажет.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, погон таққан полицейлердің қылмысын азайту үшін салаға ашықтық керек. Өкінішке қарай, өздері «құқық қорғау саласы – жабық мекеме» деп есік-терезесіне дейін қымтап, қоғаммен байланыс орнатуға асықпайтындарына қарағанда, саладағы қылмыстың санын кеміту туралы айтылған ұсыныс-пікірді жүзеге асырудың ауылы алыс секілді.