Елімізде 5 миллионнан астам салымшы банктен 10 пайыздық өтемақы ала алады. Қазір екінші деңгейлі банктер клиенттерден өтініш қабылдауды бастады. КТК-ның дерегінше, сыйақыны алу үшін салымшы келесі жылдың 1 қаңтарына дейін депозит ашқан банкке барып өтініш беруі керек. Кейбір банктер өтінішті онлайн қабылдай алады. Қаражат келісімді растаған және 2021 жылдың 23 ақпанына дейін банктен теңгемен депозит ашқандарға ғана түседі. Салымшылар депозитте тұрған қаражатты бір жыл бойы сақтағаны абзал. Егер белгілі бір себептермен ақша шешілетін болса, онда өтемақы депозитте қалған қаражатқа қарай есептелетін болады. 10 пайыздық мөлшерлеме бойынша өтелетін ең жоғарғы сома – 20 миллион теңге. Қазір елімізде 5 миллионнан астам салымшы өтемақыны алуға толық құқылы. Тек өтініш жазса болды. Бастысы – алаяқтарға алданап қалмау.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының басшысы Әділ Өтембаев: «Қазір алаяқтар өте көп. Айтқым келгені, өтемақыны алу үшін өтінішті берген кезде банк ешқандай дербес деректерді, банктік шотты сұрауға құқығы жоқ. Егер салымшыға қоңырау шалып: «өтініш беру үшін карта нөміріңізді айтыңыз» десе, бұл – алаяқтар. Оларға ешқандай мәлімет бермеу керек. Салымшы өтемақыны алу үшін тікелей банкке жүгінгені абзал», – деді.