Ел игілігіне – емдеу орталығы
Ел игілігіне – емдеу орталығы
270
оқылды
Шымкенттегі «Бозарық-2» шағын­ауданында 800 орындық университеттік көпбейінді аурухана мен ауысымына 700 адам қабылдайтын клиникалық-диагнос­тикалық орталықтың құрылысы басталды. Ресми ашылуға қала әкімі М.Әйтенов, Ден­саулық сақтау және кәсіпкерлік басқармасының басшылары, «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов, China Machinery Engeneering Corporation директоры Ху Джанху, университет ректорлары, профессорлар, қоғам белсенділері қатысты. Жоба арнайы мемлекеттік бағдарлама аясын­да Шымкент қаласының Денсаулық сақтау ин­фра­құрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі өңір­лік перспективалық жоспарына сәйкес іске асырылуда. Жеке инвестор «Оңтүстік» қаржы сауда-өнер­кәсіптік корпорациясы» холдингі есебінен қар­жы­ландырылып, салынатын нысандар пайда­лануға берілгенде қалада тағы 2 500-ден астамға жұмыс орны ашылады.
Салтанатты шарада сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Президент Жолдауында басымдық бергендей, ел эконо­микасы мен халықтың денсаулығы арасында ті­ке­лей байланыс бар екенін атап өтті. «Экономика­лық дамудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дені сау ұлт тиімді экономиканы қалыптастырады. Ұлт саулығы – өндіріс ресурсы, кез келген қоғамдық жүйенің басты байлығы. Осы орайда қаламызда жаңа заманауи аурухана салу халыққа медициналық көмектің сапасын арттыратынына, төсек-орын тапшылығын қыс­қар­туды қамтамасыз етіп, қаламыздың тұрғын­дарына жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік беретініне сенім­дімін», – деді ол. Сондай-ақ заманауи нысан салуға мұрындық болған «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингінің, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының командасына және жеке кәсіпкер С.Сейтжан­ұлына белсенді азаматтық ұстанымы мен шаһар­дың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін алғыс білдірді. Ал «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов мегаполисті көркейту, дамыту жолында аянбай еңбек етуге дайын екенін жеткізді. «Шаһардың гүлденіп, түрленуіне әрбіріміз үлес қосқанымыз жөн. Өйткені Шымкент – біздің ортақ үйіміз. Ал ұлт саулығы Қазақстан болашағы үшін өте маңызды, дені сау ұлт қана Отанын дамыта алады», – деді ол.
Қала әкімдігі тарапынан бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Қазір жобаны іске асыру үшін Бозарық-2 шағынауданында орналасқан жалпы ауданы 150 гектар арнайы аурухана құрылысы үшін бөлінген жер учаскесіне қажетті инфрақұрылым жүйелері, атап айтқанда, электр, газ, су, кәріз жүйесі, телефония жеткізілді. Алдағы уақытта құрылыс кезеңінде қажетті жолдар мен жол инфрақұрылымының құрылысы қамтамасыз етіледі.

Н.САЙЛАУҚЫЗЫ, Шымкент қаласы