Шымкенттегі «Бозарық-2» шағынауданында 800 орындық университеттік көпбейінді аурухана мен ауысымына 700 адам қабылдайтын клиникалық-диагностикалық орталықтың құрылысы басталды. Ресми ашылуға қала әкімі М.Әйтенов, Денсаулық сақтау және кәсіпкерлік басқармасының басшылары, «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов, China Machinery Engeneering Corporation директоры Ху Джанху, университет ректорлары, профессорлар, қоғам белсенділері қатысты. Жоба арнайы мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкент қаласының Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі өңірлік перспективалық жоспарына сәйкес іске асырылуда. Жеке инвестор «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингі есебінен қаржыландырылып, салынатын нысандар пайдалануға берілгенде қалада тағы 2 500-ден астамға жұмыс орны ашылады.
Салтанатты шарада сөз алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Президент Жолдауында басымдық бергендей, ел экономикасы мен халықтың денсаулығы арасында тікелей байланыс бар екенін атап өтті. «Экономикалық дамудың әлемдік тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дені сау ұлт тиімді экономиканы қалыптастырады. Ұлт саулығы – өндіріс ресурсы, кез келген қоғамдық жүйенің басты байлығы. Осы орайда қаламызда жаңа заманауи аурухана салу халыққа медициналық көмектің сапасын арттыратынына, төсек-орын тапшылығын қысқартуды қамтамасыз етіп, қаламыздың тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық қызметтерді алуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді ол. Сондай-ақ заманауи нысан салуға мұрындық болған «Оңтүстік» қаржы сауда-өнеркәсіптік корпорациясы» холдингінің, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының командасына және жеке кәсіпкер С.Сейтжанұлына белсенді азаматтық ұстанымы мен шаһардың денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін алғыс білдірді. Ал «САУТС-Ойл» компаниясының президенті С.Сейітжанов мегаполисті көркейту, дамыту жолында аянбай еңбек етуге дайын екенін жеткізді. «Шаһардың гүлденіп, түрленуіне әрбіріміз үлес қосқанымыз жөн. Өйткені Шымкент – біздің ортақ үйіміз. Ал ұлт саулығы Қазақстан болашағы үшін өте маңызды, дені сау ұлт қана Отанын дамыта алады», – деді ол.Қала әкімдігі тарапынан бұл бастамаға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Қазір жобаны іске асыру үшін Бозарық-2 шағынауданында орналасқан жалпы ауданы 150 гектар арнайы аурухана құрылысы үшін бөлінген жер учаскесіне қажетті инфрақұрылым жүйелері, атап айтқанда, электр, газ, су, кәріз жүйесі, телефония жеткізілді. Алдағы уақытта құрылыс кезеңінде қажетті жолдар мен жол инфрақұрылымының құрылысы қамтамасыз етіледі.
Н.САЙЛАУҚЫЗЫ, Шымкент қаласы