Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың қамаудағы мерзімі тағы ұзартылды
Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың қамаудағы мерзімі тағы ұзартылды
Танымал актер әрі блогер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты қамауға алу мерзімі тағы бір айға ұзартылды. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, олар 18 және 20 қарашаға дейін қамауда болады.
«18 қазанда сот шешімімен күдікті Төребаевты қылмыстық іс материалдарымен танысу кезеңінде тағы бір айға, яғни 18 қарашаға дейін қамауда ұстауға санкция беру туралы тергеу органдарының өтініші түсті», – делінген сот хабарламасында.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сонымен қатар сот Мейірхан Шерниязовты да қамауға алу мерзімін бір айға ұзартты. Ол 20 қарашаға дейін қамауда болады. Еске салайық, биыл ақпан айында блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген болатын. 20 сәуірде олар 10 тәулікке қамауға алынып, кейін қамауға алу мерзімі екі айға ұзартылды. Одан кейін екі рет сот шешімімен блогерлердің қамауда болу мерзімі ұзартылған болатын.