Күре жолдың бойында жүргізушілерге оқ атқан
Күре жолдың бойында жүргізушілерге оқ атқан
623
оқылды
Астананың іргесіндегі Жібек жолы кентінде жол бойында жүргізушілерге оқ атқан ер адам қолға түсті. Ол «Toyota Land Cruiser – 200» маркалы автокөлікке зақым келтірген деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Полиция бөліміне 6 қыркүйек күні телефон шалған 19 жастағы жергілікті тұрғын оның жеке автокөлігін белгісіз біреулердің жол бойында оқ атқаны жайлы хабарламасы түскен. Дереу оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары Қарағанды трассасының бойында белгісіз біреулердің арасында жанжал болып, олардың бірі тапаншасын алып оқ атқанын анықтады. «Аршалы аудандық полиция бөлімі мен криминалды полиция басқармасының жедел тергеу шаралары нәтижесінде жоғарыда аталған қылмысты жасаған адам анықталды. Ол осыған дейін қылмыстық кодекстің 293 бабымен жауапкершілікке тартылған Астана қаласының 39 жастағы тұрғыны болып шықты. Тінту барысында күдіктіден «Наган» маркалы револьвер мен 57 дана оқ-дәрі тәркіленді», - Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Аршалы аудандық полиция бөлімі қылмыстық кодекстің 293 бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.