Мемлекеттік тілге құндылық ретінде қарауымыз қажет – Аманжол Әлтаев
Мемлекеттік тілге құндылық ретінде қарауымыз қажет – Аманжол Әлтаев
Chocofamily Holding негізін қалаушы қазақстандық кәсіпкер Рамиль Мухоряпов Қазақстанда «орыс тілін біле тұра» қазақ тілінде сөйлегендерді сынады. Бұл мәселе желі қолданушыларын да бейжай қалдырған жоқ. Кәсіпкер сөзін халық қатаң сынға алып, компанияның қызметін пайдаланудан бас тартты. Осыған орай Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаевтың пікірін білдік. – Желіде көптің талқысына түскен кәсіпкер Рамиль Мухоряпов жайлы естіген шығарсыз. Бұл сынды сіз қалай қабылдадыңыз? – Біріншіден, біздің мемлекетімізде заң мен тәртіп салтанат құруы тиіс. Президентіміз айтқандай, ешкімге ұлтаралық қақтығыс тудыруға, ел арасына жік салуға жол бермеуіміз керек. Сондықтан Қазақстанның әр азаматы мен елімізге келген қонақтар мемлекеттік тілге құрметпен қарауға міндетті. Желілік бизнес өкілі Рамиль Мухоряповтың қателігін басқалар қайталамауы керек. Қазақта «Атың шықпаса жер өрте» деген сөз бар. Кәсіпкер өз жарнамасын мемлекеттік тілді менсінбеу арқылы лас тәсілмен жасамауы керек еді. Конституциямызда да әр азаматтың нәсіліне, тілі мен дініне тиісіп, ұлтаралық келіспеушіліктер тудыруға қатаң түрде тыйым салынған. Сондықтан да Мухоряпов мырзаның бұл сөзі халықтың намысына тиіп, қарсылығына ұшырады. Біздің тұтастығымыз бен бірлігімізге кері әсерін тигізетін мұндай теріс әрекеттерді осы елдің азаматы ретінде мен де қолдамаймын. Компанияның қызметін пайдаланудан бас тарту – әр адамның жеке ұстанымы. – Рамиль Мухоряпов әлеуметтік желіде халықтан кешірім сұрап, Chocofamily компаниясы сайттарын қазақшалауға уәде берді. Мұндай мәселелерде «кешірім» берген дұрыс па? Әлде заңмен шешім шығарған дұрыс па? – Біз заңға бағынған елміз. Бүгін аузына келгенін айтып, ертең «мен қателесіппін, кешіріңіздер» дей салудан оңай нәрсе жоқ. Сондықтан да Қазақстанның әр азаматы, сонымен бірге елімізге келген әрбір қонақ Қазақстанда заң бар екенін, сол заңға бағынып өмір сүру керек екенін терең сезіну керек. Қазір әлеуметтік желіде ұлтаралық іріткі салып, кейін кешірім сұрай салу белең алып кетті. Бұл науқаншылдыққа айналмауы қажет. Кінәлілерді заң шеңберінде қарап, тиісті жазасын тағайындауымыз керек. Менің ойымша, Рамиль Мухоряпов өзіне жарнама жасау үшін осындай әрекетке барып отыр. Қоғам тарапынан өзі күтпеген қарсылыққа кездесіп қалғаннан кейін «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» әрекетін жасады. Біз тәуелсіз Қазақстанның бірлігі мен тұтастығы үшін, мемлекеттік тілдің мәртебесінің биіктігі үшін күресе білетін елміз. Сондықтан елімізге келген қонақ осыны ескеруі тиіс. – Жалпы, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі қолданысын қалай кеңейтуіміз керек? – Бұл мәселені Жетісу сапарында Президентіміз де айтты. Мем­лекеттік тіліміздің қолданысын кеңейту болашақтағы ең басты мақсаттарымыздың бірі болуы тиіс. Мемлекеттік тіл кәсіптің бар­лық саласында кең қолданылуы қажет. Сонда ғана қазақ тілінің мәртебесі көтеріледі. Мұны ХХ ғасырдың басында мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллин де айтып кетті. Яғни, «қазақ тілі кеңсенің тілі болуы керек» деді. Отан отбасынан басталады. Мемлекеттік тілді құрметтеу әрбір шаңырақтан басталуы керек. Отбасында ата немересімен, ата-ана баласымен қазақша сөйлессе, бұл – ең бірінші, адамның өзіне, екінші, мемлекетіне деген құрметі. Екіншіден, қоғамдық орындарда, дүкенде, банкте барлық қызмет көрсететін жерлерде мемлекеттік тілде сөйлеуіміз керек. Тіпті, банкоматтан ақша шешіп аларда да қазақ тілін таңдасақ, мемлекеттік тілдің дәрежесі артады. Әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілде таза, мәдениетті сөйлей алса, қазақ тілінің тамыры тереңдей түсер еді. Біз Ата Заңымызды, мемлекеттік рәміздерімізді құрметтегеніміз сияқты мемлекеттік тілге де құндылық ретінде қарауымыз қажет. Тілге құрмет – мемлекетке, өз тарихымызға, болашаққа құрмет! Балабақшадан бастап әр бүлдіршінді мемлекеттік тілді құрметтеуге және меңгеруге тәрбиелеп өсіруіміз керек. – Әңгімеңізге рақмет!