Зорлық-зомбылық белең алған жерде ешқандай әділет болмасы анық. Сондықтан мемлекет Әділетті Қазақстанды құруда отбасындағы әлімжеттікпен күреске баса мән бермек. Биылдың өзінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 668 қылмыс тіркелді. Полицияға 100 мыңнан астам шағым түскен, 7,5 мыңнан аса әйел дағдарыс орталықтарынан пана іздеген. Қылмыс өршіп бара жатқандай. Айтпақшы, отандық кейбір дағдарыс орталықтары әйелдерді төбелесуге үйрете бастапты. Сондай-ақ осы күресте түрлі көзбояушылық та анықталды. Тәңірден басқа тірегі жоқ «Жол патрулі» және «Жан Ботанов» қоғамдық ұйымдарына Орал қаласының тұрғыны жүгініпті: әйел құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымданған.
«Жас келіншекті күйеуі – әкімшілік полиция капитаны Жексенов үнемі соққыға жығатыны белгілі болды. Жұбайы кезекті рет мас күйде оралып, үйінде 3 жасар қызымен отырған зайыбын төмпештеуге кіріседі. Полицей өз жұбайын шашынан сүйреген күйі суға түсетін бөлмеге сүйреген. Жолда оны суға батырып өлтіру ниетін жариялайды. Келіншектің көрешегі бар екен, бақытына орай дәл сол күні жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты суды уақытша тоқтатып тастапты. Краннан су ақпайтынына көз жеткізген Жексенов әйелін жұдырығымен-ақ соққылап өлтіруге бел буады. Содан аяусыз ұрғылап жатқанда бүлдіршін шыңғырып жылап қоя берген. Соған селт етіп, елеңдеген күйеуін итеріп үлгерген әйел қашқан бойы көршілеріне тығылады», – деп баяндады қоғамдық ұйым өкілдері.Көршілері полиция мен жедел жәрдем жеткенше, байғұс анаға араша болады. Зомбылық салдарынан келіншектің мұрны мен жағы сынған. Бас сүйегі зақымданған. Оңалтудың азапты, ұзақ процесінен өтуге мәжбүр. Оны ұдайы бас ауруы, ұйқысыздық, түнгі қорқынышты түстер қинайтыны белгілі болды. Бұдан бөлек, анасына қарсы асқан қатыгездікке куә болған үш жасар бөбек психологиялық жарақат алып, тырнақтарын қанағанша кеміріп тастайтынды шығарған. Өкінішке қарай, шиеленіс құқықтық өрісте шешілмеген. Әрине, келіншек әлсіз жанға жұдырық сілтеп, қол көтеруден арланбайтын қызғаншақ күйеуімен ажыраса алды. Алайда қоғамдық ұйымдардың құқықтанушы мамандарының мәліметінше, Орал полициясы әйелдің шағымын қарауға ықылас танытпапты: полиция өкілдеріне қара күйе жақпаған жөн екенін меңзеген. Қылмыстық іс материалдарында ауыр жарақат әйелдің сүрініп құлау салдарынан болғаны жазылған көрінеді. Әділдік іздеген әйел қоғам белсенділерінен көмек сұраған. Ақырында Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Жексенов теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылды. Жауыр сөздей естілер, бірақ халықтың қорғаны болуы тиіс тәртіп сақшылары осындай болса, «тұз сасыса, не себесің?» Жәбірленуші неге қорғаныстан бас тартады? Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық өзекті, көкейкесті мәселелердің біріне айналғанын жасырмады. Отбасы тыныштығы – қоғамның тұрақтылығы, мемлекеттің орнықты дамуы деген сөз. Сондықтан бұл мәселені Мемлекет басшысы ерекше назарына алып, бірқатар тапсырма берген екен. Атап айтқанда, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және балаларға қарсы ауыр қылмыстар үшін жаза қатайтылды. Полицияның осы мәселемен шұғылданатын жеке бөлімшелері нығайтылды. Жәбірленушімен жұмыстың ескі тәсілдері қайта қаралды. ІІМ басшысының айтуынша, бұл проблемаға қоғамның көзқарасы өзгерді. Бұрынғыдай, «ұрса, сүйгені де» немесе «бас жарылса, бөрік ішінде» сияқты кесірлі түсініктен жұртшылық арылу үстінде. Соның арқасында зорлық-зомбылық құрбандары мұндай фактілер туралы полицияға белсенді хабарлай бастады. Биыл полицияға тұрмыстық қорлық туралы 100 мыңнан астам шағым түскен. Оның көпшілігі Шымкент, Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында тіркелді. Алайда олардың 60 пайызы бойынша полиция тиісті шара қолдана алмаған. Өйткені полиция оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер өтініш беруден бас тартқан. Ішкі істер министрінің байламынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жәбірленушінің өтінішінсіз полицейлер «үй тирандарын» жазаға тарта алмайды. Салдарынан олар әйелін қанша ұрса да жазаланбайтынын сезініп, еркінсіп, құтырып кетеді. Қол жұмсау әдетке айналып, түбінде ауыр зардаптарға соқтырады. Осы жылдың өзінде отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс жасалған. Яғни, ойраншыл құрбанын не мертіктірген, не өлтіріп тынған сыңайлы. [caption id="attachment_223571" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Сонда тәртіп сақшылары тәртіп орнату үшін не бітірді?
– Министрлік тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы дабылдарға қатысты шара қабылдап та жатыр. Жыл басынан бері отбасылық бұзақыларға қатысты 35 мың әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде сот шешімі бойынша 10 мыңнан астам адам қамауға алынды. 8,5 мың адамға ескерту берілді, 675 адамға айыппұл салынды, – деді Марат Ахметжанов.Оның түсіндіруінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жәбірленушімен жұмысты ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды. Бұл салада әйел-тергеушілердің мамандығы енгізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға ерекше көңіл бөлінеді. Ішкі резерв есебінен олардың саны 2 есе көбейтілген. Бүгінде мұндай лауазымдар әрбір аудандық полиция бөлімшесінде бар. Жалпы, зорлық зомбылықпен күрес бағытына ІІМ қоғам өкілдерін белсенді тартып, 50 үкіметтік емес ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Көзбояу тірлік күреске кедергі Алда қылышын сүйретіп, қытымыр қыс келеді. Үскірік аяз бен ақтүтек боран жәбірленушілерді үйді-үйге қуып тығады, олар зорлықшылдармен қамалуға мәжбүр болады. Қазақ классиктері шығармаларында қаскүнемнің ұдайы ұрып-соғуына, тоқтаусыз теперішіне шыдамай, далаға қашқан әйелдердің ақ боранда адасып, үсіп өлгені туралы талай жазылды. Қазір заман басқа, заң басқа. ІІМ басшысының дерегінше, Қазақстанда 57 дағдарыс орталығы отбасылық ойраннан зардап шеккендерге уақытша баспана беріп, әлеуметтік оңалту қызметін көрсетеді. Биыл полиция өмірлік қиын жағдайға тап болған 7,5 мыңнан астам әйелді осы орталықтарға жіберді. Олардың 2 мыңнан астамы баспанаға орналасты. Дегенмен орталықтардың саны жеткіліксіз. Мысалы, Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 11 мың хабарлама келіп түскен. Ал ол жерде тек бір ғана дағдарыс орталығы бар. Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыстарында да ұқсас жағдай. Абай және Қызылорда облыстарында мүлдем жоқ. Ішкі істер министрінің айтуынша, әкімдіктер өңірлерде орталықтардың жұмысын ұйымдастыруды және осы бағытта мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты ұлғайту мәселесін қолға алуы керек.
«Проблеманы тек күштеу, мәжбүрлеу шарасымен шешу мүмкін емес. Полицияның қылмыстық не әкімшілік шаралары – тек салдармен күрес қана. Мәселелердің түпкі тамыры – әлеуметтік проблемаларда жатыр. Оның арасында әлеуметтік теңсіздік, маскүнемдік, нашақорлық, психикалық ауру, құмар ойындармен әуестену, моральдық-адамгершілік құндылықтың әлсіреуі сияқты қоғамдық кеселдер бар», – деген министр М.Ахметжанов оны шешу үшін барлық мүдделі органдар, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар, бүкіл қоғам болып жұмылған жөн деді.Орталықтарды ұстау жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бөлінген қаражат көлемі шамамен 1,4 млрд теңгені құрайды. Мұнда көзбояушылық бар: дағдарыс орталықтарында зардап шеккендерге қызметтер жыл он екі ай бойы көрсетіле бермейді. Егер орталық тәулік бойы істесе, 6 айға дейінгі жұмысы қаржыландырылады. Ал егер жыл бойы жұмысын жалғастырғысы келсе, қысқартылған режимге көшуі керек: жәбірленушілерді күндізгі уақытта, 6 сағат мерзімге қабылдайды. Жыл басынан орталықтар 3 975 адамды қамтыды: 3 055 адам медициналық көмек алды. 277 адам жұмысқа орналастырылды. 350 бала мектепке дейінгі балалар мекемелеріне орналастырылды. 528 адам құжат алды. 764 адам отбасыларымен қайта қауышты.
– Екі фактіге назар аударғым келеді. Біріншіден, өтініш білдіргендердің 67 пайызы немесе 2 661-і – зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе куә болған балалар. Екіншіден, қызметтерге көп жүгінетіндер – негізінен, көп балалы отбасылар. 220 осындай отбасы дағдарыс орталығында бас сауғалаған. Көмек сұрағандардың ең көп саны Павлодар облысында – 636 адам, Жетісу облысында – 470 адам, Шымкентте – 358 адам, Алматы қаласында – 343 адам. Сонымен қатар жоғары көрсеткіш Астанада (290 адам), Қызылорда (271 адам), Ақтөбе (265 адам) және Жамбыл (238 адам) облыстарында да байқалады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.Тағы бір көзбояушылық: орталықтардың орналасқан жері зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі үшін қолжетімді емес. Автобус қатынамайтын жерлерде ашылған. Ал жәбірленушілердің көліктері бола бермейтіні, таксиге ақшасы жетпейтіні түсінікті. Павлодар, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарынан басқа өңірлерде дағдарыс орталықтарының желісі дамымаған. «Expert» қоғамдық ұйымының директоры Мирхат Серікбаевтың айтуынша, отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы «Өз құқығыңды қорға» жобасы аясында nasilyunet.kz порталы ашылды. Тұғырнама аясында жәбірленушілерге заңгерлер құқықтық көмек көрсетеді, ал психотерапевт өзіңді қорғаудың психологиялық тәсілдеріне үйретеді. Ең бастысы, әлімжеттікке ұшыраған әйелдер Qorgan Self Defense курсы аясында өзін-өзі қорғау (самооборона) тәсілдерін меңгеріп шыға алады. Себебі күні кеше ғана қорғансыз құрбан болған адамнан келесі жолы кенет қарсылық көріп, тұмсығы бұзылып, таяқ жесе, тиранның беті қайтып, сабасына түсуі әбден мүмкін. Психолог Бақыткүл Сыдықованың айтуынша, зорлықшылдарды шабыттандыратыны да – жазасыздық сезімі. Мемлекет жазалауға қауқары жетпегенде, әр адамның өзін-өзі қорғауға мүмкіндігі болғаны абзал. Осы аптада зорлық-зомбылықпен күрес мәселелері Үкіметтің отырысында жеке қаралды. Сонда тек қорлық құрбандарымен ғана емес, құқықбұзушылармен де оңалту жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігіне психо-түзету курстарын қолданудың алгоритмін әзірлеп, тиісті мамандар дайындау жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылады. Қорыта айтқанда, билік бұл проблеманы шешудің мемлекет пен қоғам үшін маңыздылығын түсініп отыр. Оны шешуге ел басшылығының да саяси ерік-жігері бар. Яғни, проблеманы жасырып, жауырды жаба тоқу деген жоқ, ашық мойындалды. Ендігі ең керектісі – айтылған істер, алға қойылған міндеттер сөз жүзінде қалмай, пәрменді орындалуы шарт.