Әулиеата жеріндегі әдебиет тойы
Әулиеата жеріндегі әдебиет тойы
609
оқылды
Қазақ әдебиетінің қызыл жебесі, шындықтың шырақшысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде дүркіреп өтті. Қуанышқа жиналған қалың көпшілік ең алдымен халық­аралық Тараз инновациялық институтының «Студенттер үйі» алдындағы Шер-ағаның еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты. Шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Шер-ағадай қалам­гердің қайраткерлігі мен жазу­шылық болмысы туралы толғана келе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Ақиқаттың алдаспаны, на­мыс­тың наркескені атанған ар­дақты Шер-аға саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арна­ған қарымды қаламгер, қайраткер тұлға еді. Сөз зергері Шерхан Мұр­таза журналистикада тұтас бір буынды тәрбиелеп, талант­тарға жол ашқан, өзіндік мектебін қалыптастырған қазақ баспа­сөзінің мәуелі бәйтерегі болды. Абыройлы азамат ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аян­бай күресті. Жазушының қала­мынан туған құнды туынды­лар уақытпен бірге жасап, өске­лең ұрпақтың жадында жаңғыра берері анық. Оның қазақ рухания­тындағы орны мен жарқын бей­несі ешқашан ұмытылмайды» делінген Президенттің құттықтау хатында.
Өз кезегінде Қазақстанның Ең­бек Ері, ақын Мұхтар Шаханов Шерхан Мұртазаның шығарма­шылық қырларын айта келе, мерей­тойдың мерейлі өтуіне ақ батасын берді. Бұдан кейін облыс әкімі Нұр­жан Нұржігітов бастаған зиялы қа­уым өкілдері ескерткіштің лентасын қиып, гүл шоқтарын қойды. ескерткіш Айта кетейік, бұл күні алдына Шер-ағаның еңселі ескерткіші қойылған халықаралық Тараз инновациялық институтына ресми түрде Шерхан Мұртаза есімі берілді. Жалпы, аталған білім ордасы – Шер-аға шығармашылығын көзі тірісінде дәріптеген бірден-бір оқу орны. «Шерхантану» орталығын ашып, қаламгердің «Бір кем дүние» көптомдығын да басып шығарды. Одан бөлек, Шер­хан Мұртаза оқуларын ұйым­дастырып, жазушы мен жастарды жақындастыра түсті. Сондықтан дәл осы институтқа Шерхан Мұртаза есімінің берілуі заңды дүние екенін көпшілік айтуда. Мерекелік шаралар бұдан соң «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен баспа­сөзінің даму үрдісі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты. Конференция алдында көпшілік фойеде ҚР Мемлекеттік Орталық архивіндегі Шерхан Мұр­тазаның жеке текті архивтік құжат­тарының көрмесін тама­шалауға мүмкіндік алды. Одан кейін Парламент Мәжілісінің депутаты, жазушы-журналист Мейрамбек Төлепбергеннің мо­дераторлығымен конференция жұмысы басталды. Жиында Қазақстан Респуб­лика­сының Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дархан Қуан­дықұлы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Жақып Бауыржан, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профес­соры, философия ғылымдарының кандидаты Ғарифолла Есім, Қазақ­­стан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Мейірхан Ақдәулет, Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Уәлихан Қалижан, әдебиет зерт­теу­шісі, филология ғылымының докторы, профессор Ергөбек Құл­бек сынды азаматтар баян­дама жасап, Шер-ағаның шығар­машылығы мен қайраткерлік болмысына кеңінен тоқталды. Шерхан Мұртаза мерейтойы Бұдан кейін мерейтойға орай жарық көрген облыстық Мәде­ниет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқысымен Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы құрас­тырған жазушының қолжазба­лары, күнделіктері негізінде «Ауылды, сені сағынам...» атты 2 томдық жинақ пен атпал азамат Ерболат Саурықовтың демеуші­лігімен халықаралық Тараз инно­вациялық институтының «Шер­хантану» ғылыми-зерттеу орта­лығы дайындаған жазушы­ның 5 томдық шығармалар жина­ғының тұсауы кесілді. Түс ауа той қонақтары Шерхан Мұртазаның туған топырағы Жуалы ауданы Талапты ауылын бетке алып, әдеби-мемориалдық мұражайының ашылуына қатыс­ты. Биыл Шер-ағаның өзі тұрған үйі мемлекет қарауына алынға­ннан кейін толықтай жөндеуден өтіп, құнды жәдігерлері қойылған мұражайға айналған болатын. Салтанатты шараға Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері Мұхтар Шаханов, Аягүл Мира­зова, Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев және Парламент Мәжілісінің депу­таттары Дархан Мыңбай, Гүлдара Нұрымова, Ильяс Буларов, Мей­рам­бек Төлепберген, Жанарбек Әшімжан қатысып, музейдің лентасын қиды. Бұдан кейін Ш.Мұртаза атын­дағы «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев жазушының балалық кезі мен білім алған шақтары, сту­денттік жылдары, журналистика және жазушылық қызметі, саяси өмірге араласуы, жұмыс кабинеті мен инсталляциясы орналасқан әдеби-мемориалдық үйді таныс­тырды. Жуалы жерінде бұдан бөлек, «Ақиқаттың ақ туы» респуб­лика­лық қаламгерлер байқауының, «Шынның жүзі – Шераға» рес­пуб­ликалық ақындар мүшәй­расының жеңімпаздарын мара­пат­тау рәсімдері өтіп, соңы ас беріліп, концерттік бағдарламаға ұласты. Осылайша, тау тұлғаның 90 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде бар салтанатымен аталып өтті.

Жамбыл облысы