Республика күні қарсаңында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде облыс әкімі Ғали Есқалиевтің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Өңір басшысы «Жастар бастамасын дамыту орталығының» қызметімен танысып, «Жеті қазына» жобасы аясындағы жас күйшілер байқауын тамашалады. Алдымен облыс басшысы Ғали Есқалиев пен университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов қосалқы ғимаратта жұмысын бастаған «Жастар бастамасын дамыту орталығының» лентасын қиып, салтанатты рәсімін жасады. Қонақтар өнерлі, талантты, дарынды студент-жастарды даярлайтын «Жастар бастамасын дамыту орталығының» тың бастамаларымен танысып, жаңадан ашылған «Жастар бөлмесін», «Дыбыс режиссері» мен «Ұлттық музыкалық аспаптар» және гримдеу бөлмелерін, ұлттық және заманауи би залдарын, «Мәдениет және өнер» студиясын, «Жәңгір хан» спорт клубын аралады. Облыс әкімі жоғары кәсіби білім ала жүріп, өнер мен спортты жандарына серік еткен жастармен, спортшылармен аз-кем тілдесіп, өнерлерін көрді. Бұдан әрі облыс басшысы «Жеті қазына» жобасының «Ұлы дала ғажайыптары» бағыты бойынша өткізілген «Күй – тектілік тереңі» атты жас күйшілер байқауын тамашалады. Байқауда алдымен сөз алған Ғали Нәжімеденұлы:
– Жәңгір хан университетінде жастардың бастамасын дамытуға арналған арнайы орталықтың болуы – көңіл қуантарлық жағдай. Еліміздің әр аймағында «Жеті қазына» жобасы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатса, соның төрт бағытын осы университет қабырғасында жүзеге асыру да – жақсы бастама. Бүгін көптеген оңды өзгерістердің куәсі болдық. Облысымыздың ауылдарынан, өзге өңірлерден біздің қаламызға білім қуып келген студент-жастар бос уақыттарын тиімді ұйымдастырып, өнер немесе спорт бойынша өзі қалаған іспен айналыса алады. Мен осы жоғары оқу орнынан білікті маман, еліміздің дамуына үлкен үлес қосатын тұлғалар шығарына сенімім мол, – дей келе, университет ұжымы мен білім алушыларды Республика күнімен құттықтады.«Жеті қазына» жобасы аясындағы күйшілер байқауына бес институттың үміткерлері қатысып, жеке және топтық күй орындау шеберліктерін сынға салды. Еске сала кетсек, ел көлемінде бастау алған «Жеті қазына» жобасы алдағы жылдың наурыз айында қорытындыланады. Ал жақында Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 90 жылдығы аталып өтілді. Мерейтойға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев университеттің Қазақстандағы ең байырғы жоғары оқу орындарының бірі екенін атап өтті.
«1932 жылдан бастап бүгінге дейін үлкен тарихи жолдан өткен қасиетті қара шаңырақ өзіндік брендін қалыптастырып, еліміздегі жоғарғы оқу орындар ішінен ойып тұрып орын алды. «Білімің болсадағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» дегендей, бүгінде университет түлектері түрлі салада табысты еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Университет ұжымы қазіргі жаһандану дәуірінде тіл үйрену, ғылымға бет бұру, жаңа технологияларды игеру, ұлттық мәдениетті дамыту, заман талабына сай ұстаздар даярлау, болашақ чемпиондарды әзірлеу, халықаралық деңгейде ұлт мүддесін қорғау сияқты маңызды бағыттар бойынша мамандар даярлауда маңызды міндетті абыроймен атқарып келеді. Батыс Қазақстан университеті – өзіндік дәстүрлері мен құндылықтарын қалыптастырған білім ордасы. Бұл ең алдымен қазақ ғылымының көрнекті тұлғалары, биология ғылымдарының докторы, профессор Всеволод Иванов, математик-ғалым Асан Тайманов, филология ғылымдарының докторы Мәтжан Тілеужанов сынды корифейлер қалдырған асыл мұра деуге болады», – деді өңір басшысы.Университет ректоры, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрлан Серғалиевтің мәлім еткеніндей, профессор-оқытушылар құрамының ғылыми құрамы жылдан-жылға артып келеді.
«Қазіргі таңда университетте 17 ғылым докторы, 131 ғылым кандидаты, 10 РһD философия докторы, 159 магистр қызмет етеді. Университет көпсалалы білім және ғылым саласы, әлеуметтік ғылымдар және бизнес, техникалық ғылымдар және технологиялар, қызмет көрсету, білім беру, гуманитарлық ғылымдар, құқық, өнер, жаратылыстану ғылымдары бағыттары бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асырады. ЖОО-да құрылған ғылыми мектептер Қазақстанда және одан тыс жерлерде кеңінен танымал. Университетте педагогикалық, физика-математикалық, биологиялық, тарихи, химиялық, географиялық, экологиялық, филологиялық, саяси, экономикалық, әлеуметтік ғылымдар бойынша зерттеулер жүргізіледі. Университеттің осы және басқа да көптеген жетістіктері біздің басты капиталымыз болып табылатын бүкіл ұжымның, профессорлық-оқытушылық құрамның аянбай еңбек етуінің арқасында мүмкін болды. Батыс Қазақстан университеті өңірдегі білім, ғылым мен мәдениеттің жетекші орталығы ретінде өз қызметін үздіксіз жетілдіре бермек»,– деді Н.Серғалиев.Тоқсан жылдық мерейтойға орай білім ордасының үздік ұстаздары марапатталып, мерекелік концерт қойылды. Сондай-ақ жаңа кітаптардың таныстырылымы болды.