Атырауда балабақшаны талқандаған балалардың ата-аналары айыппұл арқалады
Атырауда балабақшаны талқандаған балалардың ата-аналары айыппұл арқалады
375
оқылды
Атырау облысында балабақшаны талқандаған балалардың ата-аналарына айыппұл салынды. Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 6 ата-анаға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қаралды.
«Биылғы 1 қазанда сағат 15:00 шамасында кәмелетке толмаған балалар Құлсары қаласындағы балабақша ғимаратына заңсыз кірген. Олар балабақшадағы ойыншықтар мен орындықтарды, гүлдерін лақтырып, өрт сөндіруге арналған құрылғыдан шашқан. Есіктердің әйнегін сындырған 6 жасөспірімнің заңды өкілдерінің кінәсі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, баянатпен, сауалнама хаттамаларымен, куәлардың айғақтарымен және істің басқа материалдарымен толық дәлелденді», - деп мәлім етті аталған соттың баспасөз қызметінен.
Жасөспірімдердің заңды өкілдері балаларының жасаған әрекетіне өкініп, аз мөлшерде айыппұл тағайындауды сұраған.
«Сот жасалған әкімшілік құқықбұзушылықтың сипатын, жасөспірімдердің заңды өкілдеріне 441 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазасын қолданды. Бұл тағайындалған айыппұл сомасының 30% құрайды», - деп мәлім етті соттың баспасөз қызметінен.
Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ. Еске салайық, бұдан бұрын Атырау облысында 9 жасөспірім балабақшаға кіріп астаң-кестеңін шығарғанын хабарлаған едік. Кейін балабақша мүлкін талқандаған жасөспірімдер камера арқылы анықталды.