21 қазанда елордада қайырымдылық саласындағы үздік меценаттар мен филантроптар үшін «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Қазақстанда қайырымдылық жасау мен оны дамытуға елеулі үлес қосқан қайырымдылық жасаушыларды табу және ынталандыру, оларға қоғамның назарын аудару мақсатында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2018 жылы «Жомарт жүрек» сыйлығын тағайындаған болатын. Биылғы конкурсқа 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалардың өкілдері қатысты. Конкурс жеңімпаздары – онлайн дауыс беру қорытындысы бойынша халық сайлаған 50 адам «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Тұған өлке», «Жылдың үздік ұйымы» және «Жылдың үздік қамқоршысы» деп аталатын 5 номинация бойынша анықталды. Марапаттау рәсіміне Президент Әкімшілігінің өкілдері, Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, бизнес саласының, қайырымдылық және еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысты. Қатысушыларға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі құттықтау сөз сөйлеп, «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарына ерекше ілтипат білдірді.
«Біздің халқымыз қайырымдылықты адамның таза ниеті мен адамгершілік қарым-қатынасын бейнелейтін жақсылық пен тектіліктің белгісі деп санаған. Тарихи тұрғыдан алғанда, біздің елімізде қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созу көптеген ғасырдан бері қалыптасқан дәстүр», - деді Министр.
«Қайырымдылық – азаматтық қоғамның жетілуінің белгісі. Елімізде қайырымдылық ұйымдарымен қатар, ізгі іспен айналысуды өмірінің мәні деп санайтын жандар да жетерлік. Меценаттар аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларға, мүгедектерге, балалар үйлеріне кешенді қайырымдылық көмек көрсетуде. Тек биылғы жылдың өзінде сіздердің бастамаларыңызбен елімізде көмекке мұқтаж азаматтар мен туған өлкені дамытуға 2,7 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл үлкен жетістік», - деп атап өтті Министр.Сөз соңында Министр «Жомарт жүрек» республикалық сыйлығының жеңімпаздарын, сондай-ақ барлық қатысушыларды келе жатқан ұлттық мереке - Республика күнімен құттықтады. «Жомарт жүрек» сыйлығының 50 жеңімпазының әрқайсысы өз ауылын, қаласын дамытуға зор үлес қосып, мұқтаж жандарға көмектескен. Мысалға келтіріп айтсақ: «Жыл тұлғасы» номинациясы бойынша қайырымдылық қызметі үшін марапатқа ие болғандардың арасында ауыл мектептері мен балабақшаларға демеушілік көмек көрсетіп жүрген Қызылорда облысының «Ер-Әли» ШҚ басшысы Әліби Бекжанов бар. Оның демеушілігімен А.Оңалбаев атындағы № 117 орта мектебінде спорт залы мен ауылдық мәдениет үйінде 220 орындық көрермендер залы ашылған. Мақпалкөл ауылында демеушілікпен аз қамтылған отбасыларға арналған 4 үй салынды.