Шетелдің үздік университеттері басшыларының қызығушылығын тудырған жас өрен Нұрсипат Нұрманбетова Атырау облысының Жылыой ауданында дүниеге келген. Құлсары қаласындағы Далабай Жазықбаев атындағы №16 жалпы орта мектепті үздік бітірген. Оқушы кезінен зеректігімен танылған ол туралы «Ең үздік» журналына мақала жарияланған. «Дарындының дара жолы» кітабында өмірбаяндық деректері жазылған. БҰҰ-ның Model Congress халықаралық конференциясына қатысып, «ХХІ ғасыр үздігінің моделі» атанған. Нұрсипат Нұрманбетоваға әлемнің ең үздік 15 университетінен оқуға шақырту түскен. Қазір АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Пейс университетінің нейрохирургия факультетінде білім алып жүр. Оған кампуста тегін тұруға арналған грант берілген. Сондай-ақ, 150 мың АҚШ доллары көлемінде стипендия тағайындалған.
«Әлеуметтік желілерде отандық медицина жиі сынға ұшырайды. Әрине, медицинада әлі де түйінді мәселелер бар. Білікті мамандар тапшылығы байқалады. Бірақ, бұл мәселенің бәрі шешімін табады деп ойлаймын. Отандық медицинаны дамыту үшін осы саланы таңдадым. Жақсы білім мен тәжірибе алу үшін шетелде оқуға шешім қабылдадым. Оқуымды бітірген соң елге ораламын. Болашақта жеке клиника ашып, дұрыс диагноз қоя алатын, сапалы ем жүргізе алатын білікті маман болғым келеді», – дейді Нұрсипат Нұрманбетова.