Мемлекеттік награда табыс етті
Мемлекеттік награда табыс етті
254
оқылды
Еліміздің ұлттық мере­кесі – Республика күні қар­саңында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутаттар мен аппарат қызметкер­леріне мемлекеттік наг­рада­ларды табыс етті. Жиналғандарды құттық­таған Мәжіліс Төрағасы бұл күннің еліміздің жаңа тарихын­дағы маңыздылығына тоқталды.
– Биылдан бастап 25 қа­зан – еліміздің басты мейрамына айналып отыр. Мемлекет бас­шы­сының ұсынысымен Респуб­лика күні қайта жаңғырып, оған ұлттық мереке мәртебесі берілді. 1990 жылы дәл осы күні «Ел егемендігі туралы» декларация қабылданды. Сол сәттен бастап Қазақстан дербес мемлекет ретінде қалыптаса бастады, – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс Төрағасы Респуб­лика күнін қайтарудың елдегі ауқымды саяси өзгерістермен тұспа-тұс келуінің символдық мәні зор екенін атап өтті.
– Президентімізбен бірге жаңа, әділетті Қазақстанға қадам басып келеміз. Бұл біздің ұлттық идеологиямызға айнал­ды», – деді Ерлан Қошанов.
Мереке қарсаңында бірқатар депутаттар мен Мәжіліс ап­паратының қызметкерлері мем­лекеттік наградалармен мара­пат­талды. Мәжіліс Төрағасы Мемлекет басшысының ауқымды рефор­ма­ларын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету бойынша, оның ішінде конституциялық рефор­ма туралы заң жобаларын қарау кезінде Парламент депутат­тарының үлкен жұмыс атқар­ғанын айтты.
– Әрбір қабылданған заңда осы залда отырған әрқайсы­ңыздың ерен еңбектеріңіз бар, – деді Спикер.
Мемлекет басшысының Жар­лы­ғымен «Парасат» ордені­мен Мәжіліс депутаттары Б.Т. Кесебаева, Қ.Т. Ержан, С.Б. Мұса­баев, сондай-ақ Мәжілістің Аппарат басшысы Р.Қ. Айтаев марапатталды. Ал «Құрмет» ордені депутат­тар Е.Қ. Өмірғалиға, Л.П. Пав­ло­вецке, Е.В. Смайловқа және М.М. Төлепбергенге табыс еті­лді. «Ерен еңбегі үшін» медалі Мәжіліс депутаттары З.А. Кама­сова мен В.Г. Нәбиевке, соны­мен қатар Мәжілістің Аппарат қызмет­керлері Е.М.Қасенов пен Е.Н.Келсейтовке берілді. Ерлан Қошанов депутаттар­мен, экс-депутаттарға және Мәжілістің Аппарат қызметкер­леріне ТМД-ға мүше мемлекет­тер Парламентаралық Ассам­блеясының марапат­тары мен Мәжілістің құрмет грамота­ларын табыс етті.