Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде «25 қазан – Республика күні» ұлттық мерекесіне арналған салтанатты шара өтті. Шараға агенттік, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Мемлекеттік қызметтің персоналын бақылау ұлттық орталығы басшылығы мен қызметкерлері, мемлекеттік қызмет саласы ардагерлері қатысты. Агенттік төрағасы Дархан Жазықбаев құттықтау сөзінде Республика күнінің еліміз үшін ең маңызды мерекелердің бірі екенін атап өтті.
«Президент айтып өткендей, Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символына айналуы қажет. Республика күні – тәуелсіздігіміздің жаршысы, оған жол ашқан тарихи оқиғаны айғақтаушы күн. Сондықтан да біз үшін бұл мереке егемен ел болып ірге қалауымыздың белгісіне айналған тарихи күнді, ұлттық рухымыздың қайта түлеген сәтін еске салатын ерекше сипатқа ие», – деді ол.Президенттің Жарлығына сәйкес, мемлекеттік наградаларымен агенттіктің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Құрмет грамотасымен наградталды. Сонымен қатар бірқатар қызметкерге МҚІА төрағасының алғысхаты мен грамотасы табысталды. Ұлттық мереке қарсаңында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған мемлекеттік қызметшілер Қазақстан халқына адал әрі кәсіби қызмет етуге салтанатты түрде ант берді. Іс-шара аясында қызметкерлердің балалары үшін агенттік ішінде экскурсия ұйымдастырылып, балалар ата-анасының жұмыс орнымен танысты. Мерекелік шара концерттік бағдарламамен аяқталды.
А.ЖОЛДАС