Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай Ақордада бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтар тапсырды. Президент ең алдымен салтанатты шараға жиналған қауымды Республика күнімен құттықтады.
– Бұл – қазақтың санғасырлық мемлекеттілік дәстүрі жаңғырған күн. Бұл – бостандық үшін күрескен бабалар арманы ақиқатқа айналған күн. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл құжат Тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, декларация – еліміздің Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат, – деді Мемлекет басшысы.Президенттің айтуынша, егемендікке бастайтын қасиетті жолды халқымыз ұзақ жылдар бойы жүріп өтті. Ел ағалары мен зиялылар ұлттың санасын сақтау үшін қолынан келгеннің бәрін жасады. Ұлтымыздың азаттыққа деген ұмтылысы Желтоқсан оқиғасында айқын көрінді. Егемендік декларациясын халқымыздың жан-жақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Сондай-ақ Президент Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынғанын тілге тиек етті. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, соның арқасында тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтеді. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Қасым-Жомарт Тоқаев «республика» сөзі латын тілінен аударғанда «ортақ іс» деген мағына беретінін атап өтіп, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылатынына тоқталды. Президенттің айтуынша, мемлекет құру тәжірибесі, тарих сыны мен заман талабы шынайы символдарды айқындап береді.
– Біздің паспорт бүкіл әлемде құрметтеледі, оған ешқандай кедергі жоқ. Қазақстан азаматтары шет мемлекеттердің визасын алып, шекараларды кесіп өтеді, қызметтік және жеке мақсатта шетелге еркін шығады. Бұл – біздің этносаралық толеранттылық пен достықты нығайту жөніндегі саясатымыздың, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған дәйекті бағдарымыздың нәтижесі, – деді Мемлекет басшысы.Сонымен қатар Президент еліміздің барша азаматын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыратын тағы бір символы мемлекеттік Ту екенін атап өтті. Әрбір азамат қастерлі Отанымызға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік рәміздерге құрметі арқылы көрсете алады. Қазір Байрағымызды қоғамдық жерлерде және жекеменшік орындарда қоюға еш тыйым жоқ. Домбыраға әр қазақтың төрінен орын бар. Сол сияқты еліміздің әр отбасында көк Байрағымыз тұрса, өте жарасымды болатыны сөзсіз. Туымызда халқымыздың бүкіл рухы көрініс тапқан. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір құндылық – мемлекеттік тіл екенін айтып, қазақ тілінің мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болатынын жеткізді.
– Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс еш тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес, – деді Президент.Мемлекет басшысының айтуынша, Республика күні басты ұлттық мереке ретінде, шын мәнінде, жалпыхалықтық мейрамға айналуға тиіс. Азаматтар Республика күні идеясын зор қуанышпен қабыл алды. Президент әр өңірде салтанатты мерекелік шаралар, ғылыми конференциялар, шығармашылық байқаулар, спорт жарыстары, патриоттық, волонтерлік және қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып жатқанын атап өтіп, бізге Республика күнінің мән-маңызын барынша айшықтайтын жалпыұлттық бастамалар керек екенін айтты. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа стратегиялық бағдарымызды айқындау маңызды екенін айтып, соңғы жылдары түрлі салада түбегейлі реформалар қолға алынғанын жеткізді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, мақсатымыз Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Президент үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жариялады. Мемлекет басшысы бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайын екенін мәлімдеді.
– Адамдар – біздің басты байлығымыз, экономикалық және қоғамдық дамудың басты қозғаушы күші. Сондықтан біз адам әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық инвестицияны ұлғайтамыз, жастарымыз бен әлеуметтік әлсіз санаттағы азаматтарымызды жан-жақты қолдаймыз. Түптеп келгенде, біз бүкіл құндылықтар жүйесін қайта қарап, ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент сөзінің соңында елдің дамуына елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматты жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, мәдениет және ғылым қайраткерлері бар. Атап айтсақ, «Отан» орденімен «Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры» РМҚК артисі К.Әспетова және «Алтын–Әсел» ЖШС директоры Х.Өтеуұлы, І дәрежелі «Барыс» орденімен – қоғам қайраткері М.Әуезов, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы М.Құлкенов, «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС директоры М.Үдербаев, ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – ақын Ө.Оралбаев, «М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж» КМҚК директоры Ш.Жанаева, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен – «Қазақстандық заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы С.Ақылбай, «Ұлттық өнер» ЖШС директоры Т.Бурмистрова, белгілі қоғам қайраткері Ж.Құлекеев, «Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры» МКҚК артисі С. Өтемісұлы, «Экономика институты» РМК бас директоры Ә.Сатыбалдин және басқалар марапатталды. Белгілі ғалымдар, мәдениет қайраткерлерінің, өндіріс саласы өкілдерінің еңбегі «Парасат» орденімен атап өтілді, олардың арасында «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік орталығы» АҚ бас директоры С.Әдекенов, «Шымкентмай» АҚ президенті Д.Адырбеков, еңбек ардагері Ж.Аманбаев, Қазақстандық блокчейн-технологиялар қауымдастығының директоры С.Ахметов, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Р.Баталов, «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректоры Ғ.Байтоқ, «А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты» РМҚК бас ғылыми қызметкері Т.Жанұзақов, ақын Р.Бүркітбаева, «Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы» мекемесінің ректоры Ө.Жалаири, «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті» КеАҚ профессоры Б.Кәрібозұлы, «Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры» РМҚК жетекші актрисасы В.Крымская, «Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты» РМК бас директоры Д.Мәсімханұлы, саясаттанушы Б.Нұрмұхамедов, «Астана медицина университеті» КеАҚ кафедра меңгерушісі Р.Рақымжанова, М. Ломоносов атындағы ММУ қазақстандық филиалының директоры А.Сидорович, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Н.Өтпенов бар. ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Татнефть» ААҚ бас директоры Наиль Маганов, «Астана» халықаралық қаржы орталығы» АҚ халықаралық төрелік орталығының төрағасы Барбара Доманн, Моңғол ғылым академиясы Археология институтының бөлім меңгерушісі Алтангэрэлийн Энхтор және басқалар ие болды. «Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» РММ бас сарапшысы Л.Ақтаева, «Республикалық қан орталығы» РМК директоры Д.Бекиров, «Казахстанская правда» газетінің Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша меншікті тілшісі Л.Доброта, «Павлодар қаласының № 16 мектеп-лицейі» КММ мұғалімі Ж.Жақсылықова, «Үржар ауданының № 2 аудандық ауруханасы» КМК бас дәрігері Н.Жақиянова, «Алатау» театрының директоры Р.Заитов, «Мирас» ШҚ басшысы Б.Қарабаев, Жетісу облысының олимпиадалық резерв дайындау орталығының директоры М.Мамыров, «Ядролық физика институты» РМК бас инженері А.Мартюшов, еңбек ардагері М.Сүлейменов бар. Өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа материалдық өндіріс салаларының 76 жұмысшысы мен еңбеккері, соның ішінде 2 еңбек династиясының өкілдері «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым және мәдениеттің 28 көрнекті өкіліне берілді. Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 260 адам наградталды. Ал әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайтуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің бір тобы ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.