Ел өркенін өсірген азаттық
Ел өркенін өсірген азаттық
Қазақстан Азаттығын жариялағалы оның экономикасы, мемлекеттің қуаты, халықтың әл-ауқаты көп өзгерді. Еліміз экономикалық дамудың қазақстандық моделін қалып­тастырып, соған кезең-кезеңмен көшті. Бұл макроэко­но­микалық көрсеткіштердің артуына, халық тұрмысының едәуір жақсаруына ықпал етті. Дегенмен бірқатар ғалым, сарапшылар ел егемендігін жариялаған 1990 жылы рес­публиканың экономикалық дамуы жоғары болғанын, өнер­кәсіптік өндірісі өркендегенін, оның бәрі кейінгі жылдардағы «есеңгірету терапиясы», жосықсыз жекешелендіру сал­да­рынан нашарлағанын айтып жүр. Шынымен солай ма? Азаттық алған тұста қандай едік? Америкалық саясаттанушы, зерттеуші, тарихшы, Орталық Азия бойынша маман Марта Брилл Олкотт Карнеги қорының қол­дауымен жарияланған «Қазақстан­дағы кеңес мұрасы» атты еңбе­гінде қызықты байлам жасайды: еге­мендік алған тұста Қазақстан Аф­рика не Латын Америкасы ел­де­ріндей артта қалған емес, белгілі бір деңгейде индустриясы дамыған елдердің бірі болды.
«Ешқандай дау тудырмас факті бар: Қазақстанның экономикалық диверсификациялануының негізі елді Д.Қонаев басқарған жылдары қаланды. Республика астанасы Ал­маты жасыл желекке көмілу сыр­тында заманауи космополиттік ме­гаполис бейнесіне енді. Ұлан-байтақ елдің төсінде өндіріс орын­дарының көрігі қызды. Республика жаңа инфрақұрылымдарды түзуге зор қа­ражат бағыттады. Ауылда қаншама суармалы жерлер пайда болды. Дала төрт түлік малға толды. Білім беруге мемлекеттік инвес­тициялар молы­нан салынды. Кеңес Одағында то­қырау заманы болып жатқанда, Қа­зақстанда осындай көрініс ор­нады», – деді Марта Брилл Олкотт.
Ендеше осының бәрі артынша қайда кетті? Неге индустриялық дамыған Қазақстан 90-шы жылдары алапат дағдарысқа килігіп, эконо­мика күйреді? Белгілі ғалым, эко­номика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгелов сол кездегі экономиканың екі ерекшелігіне назар аудартады. Біріншіден, КСРО қабылдаған Жалпыодақтық еңбек бөлінісі және кооперациясы тұжы­рымдамасы аясында Қазақстанның бай табиғи ресурстары барынша пайдаланылды, шикізат сыртқа әкетіліп, бізге шаңы қалды. Екін­шіден, Ұлы Отан соғысы жыл­дарында қазақ еліне ұжымдарымен бірге көшірілген кәсіпорындар мен сан алуан жабдықтар негізінде ке­йін отандық машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салалары өркен жайды.
«Бұл жердегі ең ірі проблема сол, қазақстандық экономика КСРО-ның бірыңғай, терең инте­грацияланған халық шаруашылығы кешенінің құрамдас бөлігі ретінде өзге одақтас республикалардың экономикаларына қатты тәуелді болды. Қазақстаннан алапат ау­қымда шикізат арзанға әкетілді, оның орнына еліміз өзге одақ­тас­тардан үлкен көлемде дайын өнімді қымбатқа сатып алды. Респуб­ли­кааралық тауар айналымдағы қай­шылықтар, осындай қатты де­формацияланған құрылымы қазақ­стандық экономиканы қасақана жеңілісті жағдайда қалдырды. Ал КСРО ыдырап, жеткізілім тізбек­тері бырт-бырт үзілгенде әрі рес­публикалар нарықтық экономикаға көшкенде әлгі аталған факторлар Қазақстандағы өндірістің терең шыңырауға ұзақ уақыт бойы құл­дырауына соқтырды. Бұл экономи­калық дағдарыс тудырды», – деп түсіндірді Арыстан Есентүгелов.
Бодан елдің байлығы өз аузына жетпеді Орталықтандырылған бөліс бойынша Қазақстаннан Одаққа бар­лық мұнайдың 71%-ы, мазуттың – 100%-ы, машиналар мен жаб­дықтардың – 80-100%-ы, синтети­калық каучуктың – 86%-ы, трак­торлардың – 60%-ы, темір руда­сы­ның – 55%-ы, негізгі химия өнім­дерінің – 54%-ы, қара металдың – 46%-ы, көмірдің – 43%-ы, түсті металдың – 37%-ы әкетілді. Қал­ғаны да Қазақстанның қажеттіне жаратылмады: үлкен бөлігі елімізде орналасқан одақтық құрылым­дар­ды, қорғаныс өнеркәсібін қамтуға, яғни одақтық мәселелерді шешуге жұмсалды. Қазақстанға теміржол саласындағы қажеттілігінің 96%-ын, жеңіл өнеркәсіп жабдықта­рының – 95%-ын, химия және мұ­най өнеркәсібі саласындағы жаб­дықтардың – 85%-ын, метал­лургияда – 72%-ын, тұрмыстық ас­паптардың – 60%-ын өзге одақ­тас­тарынан тасуға тура келген. Ғалымның дерегінше, Қазақ­стан конструктивті материалдар, халық тұтынатын тауарлар, электр энергиясы, машиналар, жабдықтар және басқасы бойынша өзін жете қамти алмады. Қазақстан түрлі салада өз мұқтаждықтарының 20-дан 100%-ға дейінгісін өзгелерден тасып, өтеуге мәжбүр болды. Бұл жайт қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндіріс орындары бар өзге одақтастарға: «Қазақстанды біз асырап отырмыз» деп кергуіне себеп болды. Өзге республикаларға қарағанда Қазақстанда тауар тап­шылығы жоғары еді. А.Есентүгеловтың пайымда­уынша, кеңес заманы аяқталар тұс­та Қазақстан техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қала бастады. Жабдықтар жаңартыл­мады. 90-шы жылдары бұл процесс тек күшейді. 1990 жылы Қазақстанда көптеген өнеркәсіптік кәсіпорын физикалық және моральдық тозған техника мен технологияларда жұ­мыс істеуін жалғастырды. Сол кезде ескірген жабдықтардың, станок­тардың, қондырғылардың және басқасының жалпы үлесі 42%-ға, ал кейбір салада 70%-ға жетті. Қорытынды тұжырым қандай? Ия, 1990 жылы Қазақстан индус­триялық өркендеген елдің бірі болды. Алайда КСРО-ның «шикізат қоймасы» рөлін атқарып, қазба байлықтарын негізінен сыртқа ши­кізат күйінде сатуға мәжбүрленді. Ал өңделген өнімдері халықаралық стандарттарға сәйкес келмеді. Са­пасы жөнінен шетелдік өнімдерге бәсекеде шыдас бермеді. Кеңес Ода­ғы келмеске кетіп, өзге одақ­тастар ол өнімдерді сатып алуды тыйғанда, қоймалары керексіз та­уарға толған отандық көптеген кәсіпорын жабылып тынды. Қазақ дәуірлеген заман туды Жасыратыны жоқ, кейбір сала әлі күнге 1990 жылғы көрсеткішіне жете алмапты. Мысалы, 1990 жылы Қазақстанда 9,8 миллион бас ірі қара мал, 35,7 миллион қой мен ешкі, 59,9 миллион құс өсіріліпті. Салыстырсақ, 2022 жылғы тамыз­дағы жағдай бойынша ірі қара мал саны 9,4 миллионды құрады. Қой мен ешкі саны – 21 миллион, құс саны – 48 миллионнан әзер асты. 1990 жылы Қазақстан бір жылда 2 млн 633,7 мың тонна ет өндіріпті. Ал 2020 жылы республика бір жылда 931,4 мың тонна ет өндіре алды. Егемендік алған жылы Қа­зақстан аграршылары 5 миллион 641,6 мың тонна сүт тапсырыпты. Ұлттық статбюро дерегінше, 2021 жылы Қазақстанда 3 млн 925 мың тонна тауарлық сүт өндірілді. Тә­уелсіздік жылдарында мал шаруа­шылығы дағдарыстан құтылып, даму динамикасына қол жеткізді. Соған қарамастан, сала 1990 жылғы биігіне әлі күнге шыға алмай келеді. Экономика ғылымдарының кандидаты, аграрлық сала зерттеу­шісі Жанар Жаңабаеваның түсін­діруінше, бұған бірнеше қолайсыз фактор ықпал етіп отыр. 90-шы жыл­дары мал шаруашылығы өнім­дері қаптаған кеңшар (совхоз), ұжым­шар (колхоз) аясында орт­а­лықтандырылған түрде өндірілді. Ал қазір Қазақстанда ұсақ тауарлы өндіріс басым. Колхоз-совхоздар жекешелендіріліп, таратылғанда төрт түліктің көбі жеке қолда шо­ғырланды. Мемлекет оларды бақы­лай алмайды. Қорасында мал ұс­тайтын жеке тұлғалар асылтұқымды мал шаруашылығын қарқынды да­мытуға үлес қоспайды. Асыл­тұ­қымды малды сатып алуға да, олар­ды сапалы жемазықпен қамтуға да жекенің қаражаты жетпейді. Са­лыстырсақ, Беларусьте малдың 100%-ға жуығы, Ресейде – 50%-дайы ұйымдасқан ірі шаруа­шы­лықтарда, фермерлік шаруашы­лық­тарда шоғырланған. Қалай болғанда, Азаттық Қазақ елінің бағын ашты. Бірқатар сек­торларды айтпағанда, экономика­ның барлық саласы дамудың жаңа даңғылына шықты. Қазақстан­дықтардың әл-ауқаты әлдеқайда жақсарды. Медицина дамыды, бұрын тек шетелде ғана мүмкін болған операциялардың біраз түрі қазір өзімізде жасалады. Нәтиже­сінде, 1990 жылы Қазақстан хал­қының орташа өмір сүру ұзақтығы 66,7 жас қана болса, 2021 жылы 70,2 жасты құрады. Мемлекет 2025 жы­лы өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін өсіру міндетін қойып отыр. Айтпақшы, 1990 жылы азат Қазақстан республикасы алғаш рет БҰҰ Даму бағдарламасының «Ада­ми даму индексі» рейтингіне еніпті. Сол жылы ҚазКСР-і 0,650 бал жинап, жүздікке де кірмеді: адами капиталы орташа дамыған санатта болды. Ал 2022 жылы 0,811 балмен 56-шы орын алды. Алдыңғы жыл­да­ры 50-ші тұғырда тұрақтағанын ескерсек, қазір біршама төмендеді. Бірақ соның ішінде еліміз «адами капиталы өте жоғары елдер» са­натында есептеледі. Біздің алды­мызда тұрған жақын көршілеріміз Түркия, Черногория, Кувейт, Оман сияқты елдер. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 1990 жылы 7 676 долларды құрапты. Ал 2021 жыл қорытынды­сында бұл көрсеткіш 11 265 доллар болды. Бір қарағанда, сонша көп өспеген. Әйтсе де, осы аралықта халық саны да өскенін назарға ал­ған жөн. Егер Егемендік деклара­циясына қол қойылған 1990 жылы қазақстандықтардың саны 16,35 миллион адамды құраса, ал 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан азаматтарының саны 19 млн 666,8 мың адамнан асты. Әрине, қазақстандықтардың сол кездегі өмірін қазіргімен са­лыстыруға болмайды. 1990 жылға кері қайтып, сондағы қазақстан­дықтарға азаттық алған қазақ елінің азаматтары 30 жылдан соң әмиян дегеннің не екенін ұмытып, барлық жерде қалтадағы телефонының көмегімен есеп айырысатын бо­лады десе, бұл бір қиял-ғажайып ер­тегідей көрінер еді. Сонда рес­публика егемендігін жаһанға жария еткен соң, төл банк жүйесін құруға кірісті. 1990 жылдың желтоқ­са­нын­да «Қазақ КСР-інің банктері және банктік қызметі туралы» заңы қа­былданды. Ал бүгінде қазақ банк­­терінің ТМД-да теңдесі аз өнімдер ұсынып, елді техно­ло­гиялық тұр­ғыдан дамуға жетеле­геніне РФ, Беларусь, Украинадан келген рело­канттар таң-тамаша болуда. Бұл елдердің ешқайсысы қазір «Қазақстанды біз асырап отырмыз» деп айта алмайды. Азаттық Қазақ елі үшін ордалы жерден орын әперіп, олжалы жерде үлесті қылды. Ғасырлар бойы ұтылумен келген ұлтымыздың ұпайын түгендеп, өзгеге жұтылуға аз-ақ қалған құн­дылықтарын қайта түлетті. Осыдан 32 жыл бұрын жарияланған қазақ­тың Егемендігі қуатты мемлекеті­мізді бақуатты болашаққа жетелеп келеді. Қазақтың шығар биік бе­лестері алда. Ынтымақты бірлігін, берекелі тірлігін сақтаса, халқымыз үшін алынбас асу болмайды.