Театр фестивалі түндігін ашты
Театр фестивалі түндігін ашты
© фото: Диана Тысымбаева
410
оқылды
Халық қаһарманы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың иегері Әзірбайжан Мәмбетовтің туғанына – 90 жыл. Биыл көрнекті театр және кино режиссерінің ме­рейтойы өзгеше форматта өтеді. Бұл жылы бас қалада осымен екінші рет өткізіліп жатқан II халықаралық TEATPALL театр фестивалі театр майталманының туған күнімен тұс­па-тұс келіп отыр. Сондықтан Астана қаласы әкімдігінің ұйымдас­ты­руымен болатын фестивальға Мә­дениет және спорт министрлігі, Ха­лықаралық түркі мемлекеттерінің ұйымы да қолдау білдіріпті.
22-30 қазан аралығында өтетін фес­тивальға келіп түскен өтініштерде шек болмаған. Алайда іріктеуден өткен санаулы ғана театр ұжымы қатысуға мүмкіндік алыпты. Бұл туралы баспасөз мәслихатында ұйымдастырушылар егжей-тегжейлі айтып берді. Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемировтің айтуынша, фестивальдың сим­воликалық мәні зор. Себебі Ә.Мәм­бетовтің қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ол – қазақ театр өнерін әлемдік кеңістікке алып шыққан ұлы тұлға. Осылай деген ол: «Былтыр фестивальдың бірінші рет тұсау­ке­серін кестік. Сол кезде де фес­тиваль – шеберлікті шыңдауға септігін тигізген театр мерекесіне айналды. Биыл да игі шара жалғасын тауып отыр», – деді.
Театр апталығы туралы толыққанды ақпарат берген Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Санат Шапашов фестивальға 8 отандық және 6 шетелдік театр қатысатынын жеткізді. Іріктеуден өткен осы 14 театр ұжымының жұмысына театр сыншысы, Қазақстанның Еңбек сі­ңірген қайраткері Еркін Жуасбек, өнертану кандидаты, Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Мұқан, театр сыншысы, Ресей мемлекеттік сахналық өнер институтының профессоры Надежда Маркарян, театр сын­шысы, Қырғыз Республикасының халық жазушысы Жаныш Осмонұлы, Башқұртстан театр сыншысы, өнертану кандидаты Ай­сұлу Сағитова секілді кіл мықтылардан құралған қазылар алқасы төрелік етеді. Көпшіліктің көңілінен шыққандар 8 но­минация бойынша марапатталады. Атап айтқанда, қатысушылар «Үздік қойылым», «Ә.Мәмбетов атындағы үздік режиссерге арнайы сыйлық», «Үздік әйел адам бейнесі», «Үздік ер адам бейнесі», «Үздік сцено­графия», «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі», «Екінші пландағы үздік әйел адам бейнесі», «Үздік эпизодтық рөлі» бойынша бақ сынайды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының табалдырығына 1960 жылы бас режиссер ретінде келген Әзір­байжан Мәмбетов отыз жасында-ақ өнер саласына өзгеше леп әкелді. Оған дейін тек шетел азаматтарымен жұмыс істеп келген ұжым алғашында жас маманға жатырқап қараған. Алайда Әзірбайжан Мәмбетов келе сала «Бөлтірік бөрік астында» коме­диясы арқылы театр сахнасына төңкеріс әкелді. Осылайша, дәстүрлі қойылымдарға көзі үйренген ұжым да, көрермен де заманауи қойылымды бірден қабылдады. Тіпті, өзгеше стильде сахналан­ған қойылым туралы кезінде Мұхтар Әуезов «Сахнаға әдемі күлкі келді» деп жоғары баға берген. Ол қойған спектакльдер бұл күнде қазақ театр өнерінің парағында алтын әріптермен ғана жазылып қалған жоқ. Оның кез келген жерде жол тауып, аяқастынан ауырып қалған әртістің орнына сахнаға шыққанын біреу білсе, біреу білмес. «Бірде Арыстанның рөлін ойнайтын әртісіміз ауырып қалды. Әзірбайжанның өзі сол рөлді сәтті орындап шыққаны бар. Жалпы, оның театр өнерін­дегі орнын басатын режиссер әлі жоқ. Бү­гінгі режиссерлер оның деңгейіне жетті ме, жетпеді ме, белгісіз. Оның сахналық қойы­лымдарынан елдің есінде қалатын образ шықты. Қазір соңғы 40 жылда таңдай қақ­тырарлық бір кейіпкер шығара алмадық. Біздің алдымыздағы ендігі міндет – Әзір­байжан Мәмбетовтің даралығын дәріптеу арқылы көрнекті театр режиссерлерін да­йындау. Біздің М.Әуезов театры да қара­шадан бастап Ә.Мәмбетов атындағы фестиваль өткізеді. Қазылар алқасының барлығы шеттен келеді. Әзір­байжанның мерейтойы ары қарай жалғаса беруі керек. Бұл марапатқа ол әбден лайық. Кино таспаға түсіп қалса, театр өнерінің адам жүрегінен ойып орын алатын ерек­шелігі бар», – дейді қазақ киносының ко­рифейі, Халық әртісі Асанәлі Әшімов.
Ал Әзірбайжан Мәмбетовтің қарын­дасы, балет өнерінің сыншысы Ләйлә Мәм­бетова ағасының атына берілген алтын шаңыраққа ақ тілегін арнады. Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының директоры Александр Майер 8 күнге жалғасатын фестивальға тек Әзір­байжан­ның шығармаларына арналған қо­йылымдар ғана қатысатынын айтты. Сон­дай-ақ фес­тиваль қарсаңында көрнекті тұл­ғаға арналған өзгеше форматтағы музей­дің тұсауы кесілсе, шара шымылдығы Қ.Қуа­нышбаев атындағы мемлекеттік ака­де­миялық қазақ музкалық драма театрының «Ғасырдан да ұзақ түн» драмасымен ашылды.