Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Республика күнін қалпына келтіруді ұсынған болатын. Бұл бастама көпшілік тарапынан қолдау тауып, Парламент тиісті заң қабылдады. Осыған орай биылдан бастап бұл күн ұлттық мереке ретінде кең көлемде аталып өтетін болды. Жалпы, 1990 жылдың 25 қазаны – еліміз үшін тарихи сәт. Себебі 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Тәуелсіздіктің басында дәл осы Егемендік туралы Декларация тұрды. Ол еліміздің еркіндік жолындағы аса маңызды саяси-құқықтық қадамы болды. Әйтсе де, бұл құжаттың оңайлықпен қабылданбағанын, тіпті қырық пышақ болып, қып-қызыл талас-тартыспен келгенін айта кеткен жөн. Дау-дамай Декларациядағы ұлттық мүддеге қатысты тұстарына келгенде тіпті өршіп кетті. Бұл туралы Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен өткен «Ұлттық мүдде» алаңының кезекті отырысында сол кездері Жоғарғы Кеңестің депутаты болған, Декларацияны талқылауға қатысқан куәгерлер, осынау қысылтаяң шақта елдік істердің басы-қасында жүрген қайраткерлер айтып берді.
– Тәуелсіздік туралы айтқанда, оның негізі болған Декларацияның рөлі мен маңызына әрдайым баса мән беруіміз керек. Осы орайда Республика күнінің ұлттық мерекеге айналуы тарихи әділеттіліктің салтанат құрғандығы деп санаймыз. Біз ұлт өміріндегі тағдыршешті күндер мен оқиғаларды ұмытпай, ұлықтауымыз қажет. Сол арқылы өткенге шынайы көзқарас қалыптастырамыз, – дейді Мәулен Әшімбаев.Сенат Спикері еліміз үшін Тәуелсіздік күнінің рөлі аласармайтынына, бұл датаның қоғамдық-саяси өміріміз бен тарихымыздағы маңызы зор екеніне де назар аудартты. Оған қоса, әлемдік ахуал бүгінгідей шиеленісіп тұрған жағдайда біздің ең басты мақсатымыз мемлекеттілікті нығайту екенін еске салды. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде саяси жүйені жаңғыртуға арналған ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын және Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Өкінішке орай, кейде қоғамда Декларацияға қатысты атүсті көзқарас бой көрсетіп қалатыны жасырын емес. Мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев мұның себебін көпшіліктің бойында отансүйгіштік сезімнің жоқтығымен, ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқандығымен түсіндіреді. Бала тәрбиесіне аса мән беретін қазақ сәбидің жүрегіне бесік жырының әлдиімен бірге ана тіліне деген махаббатты да себездетіп сіңіре берген. Ал ертегі мен батырлар жыры арқылы әділеттілікті, елі мен жеріне қорған болуды, патриот болуды үйренеді. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы қолданып келген осы тәрбие тәсілдерінен ажырап бара жатуымыздың арты жоғарыда айтып өткендей, Егемендік Декларациясына деген құрметті солғындатып, немқұрайлыққа соқтырады. Ал болашағынан үміт күттіретін ел үшін Тәуелсіздік ең басты құндылық болуы тиіс еді ғой. Сенаторлар кеңесі Төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова Декларация қабылданған кезде Жоғарғы Кеңестің 360 депутатының бірі болғанын, сол тарихи сәтті басынан кешіргенін мақтанышпен айтты.
– Декларация – ғасырлар бойы қолына тізгін тимеген елдің өз тағдырын өзі айқындайтын деңгейге көтерілуінің белгісі. Аталған құжатқа сәйкес Қазақстан өзін халықаралық құқықтың дербес субъектісі ретінде бекітті. Бұл шын мәніндегі егемендіктің көрінісі еді. Құжатта ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы туралы стратегиялық норма белгіленді. Сондай-ақ еліміз демократиялық құқықтық мемлекет құру жолымен жүретінін мәлімдеді. Декларация өркениетті билік жүйесіне көшудің негізін қалыптастырды. Сондықтан біз Тәуелсіздік туралы айтқанда, оның негізі болған Декларацияның рөлі мен маңызына әрдайым баса мән беруіміз керек, – дейді Бірғаным Әйтімова.Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің айтуынша, Декларацияның жобасын дайындаудың алдында Кеңес Одағын сақтап қаламыз ба, қалмаймыз ба деген Одақтық шарт талқыланып жатқан. Осыған орай арнайы комиссия құрылып, оның төрағасы болып академик Салық Зиманов сайланған. Комиссия құрамына 25 адам кіріп, Декларацияның бір емес, үш жобасын қатар дайындаған.
– Декларацияны талқылау 6 сағатқа созылды. Талас-тартыстың алғашқы үш сағаты өткенде депутат Мұхтар Әлиев Зимановтың 70 жастағы ақсақал екенін ескеріп, қалған пікірталасты орнында отырып жүргізуге ұсыныс жасады. Бірақ Салық аға оған да болмай, 6 сағат бойы тікесінен тік тұрып, құйтырқы сұрақтарға тегеуірінді жауап берді. Сонда қазақтың жерін басып, суын ішіп жүрген Жоғарғы Кеңестің 360 депутатының 71-і Тәуелсіздік Декларациясын қабылдауға қарсы шықты. Қарсы сөз сөйлегендердің ішінде ірі-ірі мекеме басшылары, «Казахстанская правда» газетінің Солтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі, тіпті мектеп мұғалімі де болды, – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед қынжылыс білдіріп.Сол кезде Қарағандыдағы Карметкомбинаттың басшысы болған Александар Христенкоға кейін, 1994 жылы «Халық хаһарманы» деген атақ берілді. Академик Салық Зимановқа бұйырмаған атақты соған берді. Нағыз масқаралық осы емес пе! Бұл атақты мінберге үш рет шығып, қазақтың мүддесін қорғап сөйлеген Семей өңірінен сайланған үлкен агрофирманың басшысы Александр Княгининге қимадық. Ал Декларацияға қарсы шыққан Христенко алып кетті. Өкініштісі сол, біздің тарихта лайықты ерлерге тиісінше құрмет бұйырмай, барлық атақ-даңқты көлденең біреулер иеленіп кететін кездері аз болмаған. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева кезегі келгенде сөзін Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлеңімен бастады. Декларацияның ел өміріндегі мәні мен маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жаңа Қазақстанның болашағы жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қарым-қабілеті мен тәлім-тәрбиесіне байланысты екеніне баса назар аудартты. Сол себепті де жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты сіңіре беру керектігін ескертті.
– Әлемге әйгілі ойшыл әл-Фараби айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», сондықтан бала тәрбиесіне балабақшадан, мектептен бастап үлкен мән беруіміз керек. Әр баланың елімді, жерімді дамытамын, гүлдендіремін, қорғаймын деген сезіммен өссе, біз үшін алынбайтын қамал болмас. Ертең еліміздің қадірін асыратын да осы ұл-қыздар. Сондықтан жас ұрпақтың саналы болып өсуі үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз, – деп сөзін тұжырымдады Наталья Дементьева.Жиынға қатысқан мемлекет және қоғам қайраткерлері – Нина Каюпова, Қуаныш Сұлтанов, Жабал Ерғалиев те сөз сөйлеп, Декларацияны қабылдау кезінде қандай қиындық-кедергілер болғанын айтып берді. Сондай-ақ Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина, Парламент Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері және басқа бірқатар талдаушылар да Республика күніне қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдірді.