Петропавл қаласының тұрғыны Рустам Шариев аяқ астынан «велосипед ойлап тапты». Хэндбайк. Спорт саласындағы осы жаңа ұғым біздің қоғамға әлі сіңісіп кете қойған жоқ. Ал мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін бұл – өмірдің дәмін қайтадан толыққанды түрде сезінудің бір амалы. Бүгінде Рустам өз қолымен жасаған хэндбайкерін қолданып жүр. Ыңғайлы әрі қолжетімді. Алдағы уақытта хэндбайкер жасайтын цех ашпақшы ойы бар. Хэндбайк – қолмен жүргізетін велосипед. Ол негізінен шетелде кеңінен танымал, алайда бағасы тым қымбат. Оған қолы жетпейтін болғандықтан, Рустам сондай велосипедті өзі жасауға кіріскен. Ол үшін мүгедектер қоларбасын қолданыпты.
«Себебі қоларбамен жүру ұзақ әрі ыңғайсыз. Әрі алысқа бара алмайсың. Жолда кездесетін кедергі көп», – дейді ол.Велосипедтің хэндбайк деп аталатын түрі туралы ол интернеттен біліпті. Интернет-дүкендерде оның бағасы бірнеше миллион теңге екен. Қазақстанда мұндай көлік шығарылмайды. Сондықтан Рустам арнайы білімі болмаса да, хэндбайктың ұңғыл-шұңғылын зерттеп, сызбасын сызып, жетілдіріп, өз қолымен жасауға кіріскен. Ол үшін ұсталған екі доңғалақты балалар велосипедін сатып алған. Идеясын жүзеге асыруға досы көмектесіпті. Атап айтқанда, велосипедтің рамасының бір бөлігі мен алдыңғы доңғалағын қоларбаға бекітіп берген. Ал педальдарын қолмен айналдыруға болатындай етіп орнатқан. Рустам өзіне мемлекет берген кәдімгі қоларбаны қолданғанын айтады. Екі жыл бойы осы көлікпен жүрген жанның пайымдауынша, хэндбайкермен жүру әлдеқайда ыңғайлы.
«Мүгедектер қоларбасының доңғалағын қолмен айналдыру керек. Қолым талатын. Алысқа бара алмайтынмын. Әр он метр сайын демалып алған соң ғана сапарымды жалғастыруға тура келетін. Тым көп уақытымды шығындайтынмын. Хэндбайкке отырғанда айырмашылығын бірден сездім. Оның да педалін қолмен айналдыру керек, бірақ жүктеме барлық денеге тең түсетіндіктен, қол аса шаршамайды. Сондықтан 40-60 шақырым қашықтықты бағындыра аламын. Қаланың ең шалғай шағын аудандарына, кейде тасжолға да шығамын. Өз көлігімнің ыңғайлы екеніне көзім әбден жетті», – дейді Рустам Шариев.Оның айтуынша, бұл көлік сондай-ақ денсаулықты оңалтуға септігін тигізеді. Кейбір оңалту орталықтарында осындай арнайы тренажерлар да бар. Спорттық жаттығулар жасауға да ыңғайлы. Осы арбамен жаттыққанының арқасында ол жуырда мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында өткен жарысқа да қатысыпты. Спортқа жаны жақын ол келесі жылы да бағын сынап көрмек. «ПАЙДАМДЫ ТИГІЗГІМ КЕЛЕДІ» Рустам алдағы уақытта өзінің көлігін жетілдіре түспек ниетте. Атап айтқанда, триммердің немесе шөп шабатын машинаның моторын орнатпақ ойы бар.
«Қоларбаға отырып, оталдырасың да жүре бересің. Тамаша емес пе?! Машинамен жүргенмен бірдей. Қажет кезінде моторды өшіріп, қолмен де жүргізуге болады. Келесі жылы өзіме сондай хэндбайк жасап аламын», – дейді ол.Бір әттеген-айы, мұндай көлікпен қыстыгүні жүру қиын, себебі тайғанақ. Сондықтан Рустам қыста кәдімгі қоларбаға отырады. Алайда көлігіне шаңғы орнатып алу туралы ойға кетіп жүр. Сондай-ақ кабриолет секілді қақпақ жасап, жаңбыр мен желден қорғану ойы да бар. Бұл жоспарларын ол хэндбайк шығаратын цех ашқан кезде жүзеге асырмақ. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың тапсырысы бойынша жұмыс істегісі келеді. Сонда әркімнің сұранысы бойынша түрлі-түрлі көлік шығармақшы. Әзірге оның құрал-жабдығы да, жұмыс орны да жоқ. Кем дегенде дәнекерлеу машинасы қажет.
«Мемлекет тарапынан грант бөлінсе, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, тапсырыс бойынша көлік жасар едім. Арнайы білімі бар досым екеуіміз бірлесіп жұмыс істеуімізге болады. Кейде күні бойы үйде отырамын, қолым бос. Цех ашсам, мүмкіндігі шектеулі адамдарға пайдамды тигізер едім. Мұндай көліктерге Солтүстік Қазақстанда сұраныс бар. Кейде көшеде мүмкіндігі шектеулі адамдар мұны қалай жасауға болатынын сұрайды. Мен түсіндіріп бергеніммен, оны жасау әркімнің қолынан келе бермейді ғой», – дейді ол.Өкінішке қарай, биыл оған грант бөлінген жоқ. Мақсатшыл Рустам келесі жылы тағы да бағын сынап көрмекші. Бес жыл бұрын қайғылы оқиға салдарынан екі аяғы мен қолындағы саусақтарынан айырылған ол жуырда протезге қол жеткізгенін айтып, қуанышын бөлісті. Бастапқыда ол протезді де өз қолымен жасаған екен. Дәрігерлер арқылы протез орнату оңай емес болғандықтан, ол уақытын зая кетірмеген. Атап айтқанда, саяжайдағы шлангты кесіп, резеңке етікке кигізген де, аяғына байлап қойған. Үйінде тізерлеп жүретін оның өз қолымен жасаған «жасанды аяғы» далаға шығып, маңайдағы дүкендерге баруға жарапты. Өмірдің қиындығына мойымайтын Рустам Шариев адам өз алдына мақсат қойса, алынбайтын қамал жоқтығына сенімді.
Солтүстік Қазақстан облысы