Бір өзі ғана жұмыс істеп, бала тәрбиелеп отырған ана облыс әкімінің жеке қабылдауында болды. – Айлығым – 88 мың теңге. Пәтердің жалдау ақысы – 60 мың. Балам балабақшаға барады. Оған ай сайын 15 теңге төлеуге тура келеді. Күнкөріске қалатыны он үш мың теңге ғана. Тұрғын үй кезегінде тұрмын. Тезірек баспаналы болуыма көмектессеңіздер, – деп өтініш білдірді Сәуле Райымбекова. Аймақ басшысы Даниал Ахметов бірінші кезекте тұрғын үй кезегін жылжыту заңға қайшы келетінін айтты. Алайда, жалғызбасты ананың жағдайын ескере отырып қала әкіміне нақты тапсырма берді. – Жақсылық Мұқашұлы, бұл кісінің жағдайы шынымен қиын екен. Қалайда қол ұшын беру қажет. Меніңше, арнайы көмек тағайындау керек, – деді аймақ басшысы. – Арнайы көмекті міндетті түрде береміз. Баспана мәселесіне келетін болсақ, қала көлемінде құрылыс жұмысы қарқын алып келеді. Өткен жылы тұрғындарға 1911 пәтердің кілтін табыстадық. Сәуле ханым 2160-шы кезекте тұр. Яғни үш жылдың ішінде тұрғын үйге қол жеткізе алады. Дегенмен азаматша мемлекеттік қызметте істейді екен. Сол тұрғыда баспана алу мүмкіндіктерін де қарастырып көрейік, – деді қала әкімі Жақсылық Омар. Айта кетейік, кеше Даниал Ахметов жеке мәселелерін айта келген бірқатар облыс тұрғындарын қабылдаған болатын. Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы